Апыр-ай, уақыт не деген жүйрік десеңші! Күні кеше ғана таудай тұлғасымен айналасына нұрын шашып, өзінен кейінгілерге күн жағынан сая, жел жағынан пана болып жүрген Төлегендей арысымыздың мәңгілік мекеніне аттанғанына да бес жылдың жүзі болып қалыпты.
Төлеген Мерғалиевтің халықшыл, елшіл, мемлекетшіл жан болғанын онымен үзеңгілес болған қатарластарының қай-қайсысы да жақсы біледі. Өзі өмірден өткеннен кейін жарық көрген «Есімі ел есінде» деп аталатын естеліктер жинағында көрнекті мемлекет қайраткерлерінен бастап қарапайым еңбек адамдарына дейін Төкең жөнінде ақтарыла айтып, жүрек түкпіріндегі сырларын төгіле жеткізген еді.
Белгілі мемлекет қайраткері Нәжімеден Есқалиев әріптес інісі туралы «Төлеген еңбегін еліне арнады» десе, өңірімізді басқарған арда азаматтар Бақтықожа Ізмұхамбетов «Елінің ер тұлғалы азаматы», Қырымбек Көшербаев «Ізің бар Ақ Жайықтың жағасында», Алтай Көлгінов «Ақ Жайықтың айбоз ұлдарының бірі еді» деп бағалаған болатын. Ал Батыс өңірінің үш облысын басқарып отырған қайраткер Нұрлан Ноғаев ағасының қаралы хабарын естісімен, іссапарынан арнайы бұрылып келіп, отбасына көңіл айтқаны қалай ғана ұмытылады. Сонау бозбала шақтарында табысып, елу жыл бойы ер үстінде бірге жүрген досы Абат Есенғалиев ағамыздың Төкеңнің соңғы сапарында «Жарты ғасыр қыл өтпеді арадан» деп егілгені ел-жұртының сай-сүйегін сырқыратқан еді.
Біз білетін Төкең атақ-абыройы қаншалықты биікте жүрсе де, өмірде өте қарапайым болатын. Кейінгіге үлгі боларлық бойындағы жақсы қасиеті – алдыңғы толқын ағаларының атқарған істерін үнемі айтып отыратын. Жаңақала ауданы он жыл үзілістен кейін қайта шаңырақ көтергенде аймақ тізгінін ұстаған абыройлы азамат Сатқали Сапаров туралы «Сәкең алысты болжай білетін көреген жан еді. Біз Әділғазы Нұрғазыұлы екеуміз отыз жыл бойы Сәкеңнің жасаған жоспарымен жұмыс істедік қой» деп отырушы еді.
Өзі ұстаз тұтқан Әділғазы Нұрғазыұлы Нұрғалиев жөнінде де «Ұстазым болды» деп мақала жазғаны есімізде. Жалпы Төкеңнің үлкендерге деген ізеті ерекше еді. Төкең көңіл құсы көкжиекке самғаған сәттерінде ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің «Туған жерді анам демей не дейін, туған жерді панам демей не дейін» деп басталатын жыр шумақтарын жатқа айтып, өзі де арқаланып кетуші еді. Айтса, айтқандай Төкеңнің өзі де ұзақ жыл туған жерінің тізгінін ұстап, елі үшін аянбай еңбек етті.
Қытай халқында адамды сынау мақсатында айтылатын «Өтпелі кезеңде ел басқар» деген тәмсіл бар екен. Төкеңнің де басқару саласындағы кезеңі елдің өтпелі шағының өлара тұсына тұспа-тұс келіп, нардың белі қайысар ауыртпалықты көтеруге тура келді. Ең бір қиналған кезде шаруа басында жүрген серіктерін шақырып алып: «Жігіттер, не көрсек те, елмен бірге көрейік. Мына апақ-сапақта аңтарылған халықты қаңыратып жұртқа тастап кетпейік. Мен сендермен біргемін» дегеніне де куә болдық. Не керек, әділін айту керек Серік Сүндетқалиев, Қанат Ешімов, марқұмдар Серікқали Қайырбеков, Наурыз Бекмашев сынды атпал азаматтар қандай сындарлы сәттерде де Төкеңнің жанынан табылып, елді де, жұртты да жұтатпай, өңірді өтпелі кезеңнен аман алып шықты. Елді қаржы жағы қинап, басына тартса, аяғына жетпей жатқан шақта тиісті орындарға сөзін де, ісін де өткізіп ауданда 360 және 108 орындық екі мектеп салғызды. Белгілі қоғам қайраткері Кәкен Көбейсіновпен бірлесе жүріп, Капустин Яр ядролық сынақ апатынан зардап шеккендерге арнап ауданда емдеу-сауықтыру орталығын салғызуға қол жеткізді. Қазір осы орталықтан он мыңдай адам ем-дом алса, талай жанның екі азаматқа айтқан жүрекжарды тілектеріне сан мәрте куә болдық.
1994 жылы болған су тасқыны жерлестердің есінен шыға қоймаған болар. Тілсіз жау ауданның оңтүстік өңіріне орасан зор қауіп төндірді. Ауданның мыңдаған тұрғыны бір-ақ сәтте су астында қалатындай қатер туды. Қатердің бетін қайтаруға облыстың барлық күштік құрылымы, әскери техникасы жұмылдырылды. Әсіресе, ауыл-елді мекендердің қолына күрек ұстауға жарайтын жасы мен еңкейген кәрісіне дейін күндіз-түні тынбастан арпалысып, тура келген апаттың бетін қайтарды. Күркіреген күндей өте шыққан сұрапыл шақта ел-жұрты Төлегендей тұлғасының туған халқы мен
жұртына деген шексіз махаббатының куәсі болды. «Жақсы басшы – жарты бақыт» екеніне көзі жеткен жерлестерінің оған деген құрметі еселене түсті. Сол кезде жанында жүріп жанкешті істеріне куә болған інісі:
Ісің бар, аға, уақытқа көніп тозбайтын,
Тарихқа енді елің де, міне, солмайтын.
Мұзбалақ қыран қияда жүріп мызғымай,
Ұясын солай қорғайтын, –
деп тебірене жыр арнаған болатын. Ауыл-елді мекендерді табиғи газбен, ауыз су қондырғыларымен қамту да іскер басшының кезінде ерекше қарқынмен жүргізілгені баршаға аян.
Төкең өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жан еді. Өзі бас болып Қали Жантілеуовтың 90, 100 жылдық, Оқап Қабиғожиннің 100 жылдық, Динаның әр он жыл сайын атаулы жастарын республикалық деңгейде өткізді. Сол дәстүр әлі күнге жалғасып келеді.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, Төлеген Тастайұлы бірнеше толқын шәкірттер легін дайындады. Төкеңнен тәрбие тәлім алған Ербол Салықов, Наурызбай Қарағойшин, Дархан Закарин сынды азаматтар облыс, аудан басқарып, биік сатыға көтерілді. Өмірдің әр саласында еңбек етіп, жастары 70-ке таяп қалған көптеген жан өздерін «Төкеңнің шекпенінен шықтық» деп мақтанышпен айтады.
Елі үшін азаннан кешке дейін тізе бүкпей еңбек еткен ерен тұлға жөнінде еске алар жайлар аз емес. «Азабы өзімдікі, абыройы халқымдікі» деп бар саналы ғұмырын халқының игілігіне, тәуелсіз елінің нығаюына арнаған Төлеген Тастайұлының ұлан-ғайыр еңбегі Құрмет, Парасат ордендерімен марапатталды. Ең бастысы, халқының құрметіне бөленді. Бұдан асқан абырой-бедел болар ма? Қазақта «Орнында бар оңалар» деген жақсы тәмсіл бар. Төкеңнің қос ұлы қазір ел сыйлайтын азамат болды. Бір тал гүлі – Бибігүлі Астанада. Немере-жиендері де өсіп, өніп келеді. Төлегендей арысының бар кезінде-ақ өзінің мейірбан мінезі, бойына біткен қадір-қасиетімен ел анасы атанған Дина анамыз әулетінің бәйтерегі болып, ел-жұртының ортасында отыр.Қазақта «Халқы сүйген тұлға естелік болып мақталады, ескерткіш болып сақталады» деген қанатты сөз бар. Ендеше, Төкеңдей тұлғаны ұрпақтар жадына қалдыру мәселесін де ойластырғанымыз жөн. Төкеңнің есімімен Орал қаласынан, Жаңақала ауылынан көше аталса, өзі салғызуға мұрындық болған туған ауданының орталығындағы №3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебіне қайраткердің аты берілсе, кемел тұлғаға көрсетілген келісті іс болмас па еді?! «Өткенді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген халқымыздың дана сөзін естен шығармағанымыз жөн-ау, ағайын!
Закария Сисенғали,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,
Мәдениет саласының үздігі