Еліміздің қоғамдық һәм мәдени кеңістігінде іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және биік азаматтық ұстанымымен дараланатын тұлғалар бар. Солардың қатарында Орал қалалық кітапханалар жүйесінің директоры, елге қызмет етуді өмірлік мұрат еткен қайраткер жан – Ганди Шамкелова бар. Биыл ол кемел жасқа қадам басып, 60 жас мерейтойын атап өтуде. Бұл – бір адамның ғұмыр жасы ғана емес, адал еңбекке, елге қызмет етуге арналған тұтас бір дәуірдің өлшеміндей.

Маңғыстау өңірінде өмірге келген Ганди Ізтұрғанқызының өмір жолы – маңдай термен, табандылықпен, білім мен парасатқа сүйенген қажырлы қайраттың айқын көрінісі. Ол 1988 жылы қазіргі Атырау педагогикалық институтын тәмамдап, 2015 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде білімін тереңдетті. Ұстаздық жолын Маңғыстау облысының Қарақұдық ауылындағы орта білім беретін мектебінде бастап, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді өмірлік ұстанымына айналдырды.
1989-1995 жылдары облысымыздың Казталов ауданында мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл кезең оның педагогикалық тәжірибесін шыңдап қана қоймай, басшылық пен жауапкершіліктің мәнін терең сезіндірген маңызды белес болды.
Ал 1995-2002 жылдары Орал қаласындағы жалпы орта білім беретін №9 мектепте орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі гуманитарлық цикл әдістемелік бірлестігінің жетекшісі ретінде еңбек етіп, шәкірт жүрегіне ана тілінің нәрін сіңіре білді.
Уақыт өте келе оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті мемлекеттік қызмет саласында да кеңінен танылды. 2002 жылы Орал қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінде әдіскер болып қызмет атқарса, 2005 жылдан бастап осы бөлімде мектеп бөлімінің бас маманы, кейін сектор меңгерушісі лауазымдарына көтерілді. 2008 жылы Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне ауысып, бұл салада да тындырымды тірліктің үлгісін көрсетті.
Ганди Ізтұрғанқызының өмір жолындағы ең бір ізгілікті, ең бір жүрекке жылы кезең 2012 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы ол Орал қалалық әйелдерге арналған әлеуметтік оңалту және бейімделу орталығының, яғни дағдарыс орталығының директоры қызметіне кірісті. Бұл орталықты ашу ісінің басы-қасында болып, ұйымдастыру жұмыстарын нөлден бастап қолға алған да осы Ганди Ізтұрғанқызы еді. Оның жоғары кәсіби біліктілігі мен адамгершілікке негізделген басқару тәсілінің арқасында орталық үш жылдың ішінде республика көлемінде танылып, бұл тәжірибе елдің өзге өңірлеріне үлгі ретінде таратылды. Жеті жылдан астам уақыт бойы ол бұл орталықты басқарып, тағдыр тауқыметін тартқан талай нәзік жанға медет болып, шынайы жанашырлық пен қайырымдылықтың биік үлгісін көрсете білді.
Ганди Ізтұрғанқызы – қоғамдық істен шеткері қалмайтын, елдік мүдде таразыға түскен тұстарда әрдайым алдыңғы саптан көрінетін азамат. Мемлекеттік маңызы бар науқандардың қақ ортасында жүріп, жауапкершілігі мол міндеттерді абыроймен атқаруы – оның азаматтық болмысының айқын көрінісі.
2013-2020 жылдары Орал қалалық сайлау комиссиясының хатшысы болды. Бүгінгі таңда облыстық №15 округтік сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқаруда. Сонымен қатар 2013-2018 жылдары еңбекші әйелдердің құқығын қорғау жөніндегі облыстық комиссияны басқарды, 2013-2020 жылдары БҚО іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі болды. 2015 жылы Беларусь Республикасында, 2019 жылы Өзбекстан Республикасында өткен сайлауларға Қазақстан атынан халықаралық байқаушы ретінде қатысып, саяси біліктілігін халықаралық деңгейде дәлелдеді.
2020 жылдан бастап Ганди Ізтұрғанқызы Орал қалалық кітапханалар жүйесіне басшылық етіп, бұл саланың мазмұны мен сипатын түбегейлі жаңғыртуға кірісті. Оның басқаруымен кітапханалар жүйесі қаланың басты рухани-ақпараттық орталығына айналды. Қала тұрғындарына арналған заманауи ақпараттық қызметтер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар жүйелі түрде жолға қойылды. Оның тікелей бастамасымен жүзеге асқан реформалар аз емес. Соңғы бес жылда №2, 4, 5, 6, 7 және 16 кітапхана филиалдары күрделі жөндеуден өтіп, оқырманға қолайлы әрі жайлы кеңістік қалыптастырылды. 2020 жылы Абай залы, 2025 жылы Қадыр залы мен жастарға арналған коворкинг орталықтарының ашылуы кітапхананың рухани және шығармашылық әлеуетін кеңейтті.
Инновациялық бағытта да тың қадамдар жасалды. Бірқатар кітапхана филиалдары Web-РАБИС бағдарламасымен қамтамасыз етіліп, оқырмандарға QR-код арқылы электронды кітап оқу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл – дәстүрлі кітапхана мен жаңа технологияның үйлесімді тоғысуы.
Ұлттық құндылыққа негізделген бағыт – Ганди Ізтұрғанқызының басқаруындағы басты ұстаным. «Ұлттық рухтың өзегі – ұлттық тіл» деген қағиданы басшылыққа алған кітапханалар жүйесінде кейінгі бес жылда қор толықтыруда қазақ тіліндегі әдебиеттерге айрықша басымдық берілді. Соның нәтижесінде жаңа кітаптардың 97%-ы қазақ тілінде жинақталды. Ал 2021 жылы кітапхананың бұрынғы М. Горький атауынан бас тартып, ресми түрде қазақша атауға көшуі – ұлттық руханиятқа деген жанашырлықтың жарқын көрінісі болды.
Ганди Ізтұрғанқызының адамдық болмысы мен азаматтық ұстанымы 2011 және 2024 жылдары Батыс Қазақ-стан облысында орын алған төтенше жағдайлар кезінде айрықша көрінді. Табиғи апат салдары толық жойылғанша тыным таппай еңбек етіп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек ұйымдастыру, еріктілердің жұмысын үйлестіру, эвакуациялау шараларына белсене қатысу – оның ел алдындағы жауапкершілігінің айғағы.

Бүгінде Ганди Ізтұрғанқызы – білікті басшы ғана емес, қоғамдағы ең нәзік мәселелерге жүрек көзімен қарай білетін, адам тағдырына бейжай қарамайтын парасатты тұлға. Оның алпыс жылдық ғұмыры – елге адал қызмет етудің, ұлт руханиятына қалтқысыз үлес қосудың өнегелі жолы.
Гүлнұр Алғазы,
Орал қалалық кітапханасы жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі