Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығында облыс әкімдігінің, Халықаралық машина жасау орталығының (IBMC), «ҚПО б.в.» компаниясының және оның мердігер ұйымдарының қатысуымен «Батыс Қазақстан облысының бизнес әлеуеті – 2022» тақырыбында дөңгелек үстел сипатында конференция өтті. Жергілікті өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылаған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, мемлекеттік құрылымдардың, кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері қатысты.
– Облыстағы кәсіпорындар мұнай-газ саласындағы компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жыл сайын осындай басқосулар ұйымдастырып, ірі жобалармен танысып, сатып алу үрдісіндегі жергілікті қамту мәселелерін талқылап келеміз. Мұндай басқосулар отандық өндірушілерге өздерінің тауарларының түрлерін кеңейтуге, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу үрдісіндегі жергілікті үлес биылғы 9 айдың қорытындысында 56,4%-ды құрады. Оның ішінде тауарлардың шамасы – 7,6%.
Өндірушілердің мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды ұсынамын. Өңірдің мұнай-газ жабдықтарын шығаратын әлеуеті жеткілікті, өндірістік алаңдардың бар екендігі белгілі. Машина жасау компанияларының қуаты жоғары технологиялы жабдықтарды, бұрғылау сорғыларын, оның бөлшектерін, мұнай жылыту пештерін, су құралдарын жасап шығаруға жетеді. Сондай-ақ өңірдегі кәсіпорындар жабдықтарды жөндейді, арнайы техника, трансформатор түрлерін, металл құрамаларды, стандартты емес жабдықтарды, басқа да бұйымдарды өндіреді. Құрылыс индустриясы саласында темірбетон бұйымдары, тауарлық бетон, силикатты және керамикалық кірпіштер, металл құрамалар мен полиэтилен тұрбалар, әйнек пакеттер сынды және басқа да өнімдермен қамтамасыз ете алады. Тамақ өнеркәсібі саласының кәсіпорындары астық, ет, сары май, бөлке, макарон өнімдері, кондитерлік және сүт өнімдері, күнбағыс майы, қалбырдағы балық, ет өнімдері секілді азық-түлік түрлерін шығарады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Форумда «ҚПО» компаниясының жеткізілімдерді ұйымдастыру жөніндегі директоры Джосуэ Делла Бьянка іске асырылып жатқан ірі жобалар жайында мағлұмат берді.
– «ҚПО» жергілікті үлесті дамыту бойынша белсенді жұмыстар атқарады. Жергілікті өндірушілердің әлеуетін нығайтуға бағытталған шаралар мен қазақстандық жеткізушілермен жасалған келісімшарттар арқылы олардың тұрақты дамуына қолдау көрсетеміз. Осының арқасында тауарлар, жұмыстар бойынша жергілікті қамту үлесі 2016 жылы 52% болса, 2021 жылы ол 69%-ға жетті. Бұған «ҚПО»-ның тікелей сатып алу келісімшарттары енгізілген, альянстың ірі мердігерлерінің сатып алу көрсеткіштері кірмейді, – деді директор. Оның айтуынша, «ҚПО» Қарашығанақ жобасын кеңейтудің бірінші кезеңін (ҚКЖ-1) бастау туралы санкциялау келісімшартына қол қойды. Бұл жоба Қарашығанақта соңғы жылдары іске асырылған жобалардың жалғасы болып табылады. Осы жылдың басында 4-компрессор жобасы аяқталып, енді 5-компрессор құрылысы жандануда. Директор «ҚПО»-ның ірі мердігер ұйымдары өкілдерінің, соның ішінде ҚКЖ-1 жобасының бас мердігерінің қатысып отырғанын атап өтті. Олардың Қарашығанақ жобасындағы тауарлар мен қызметтер бойынша ағымдағы және болашақтағы қажеттіліктер туралы ақпаратты бөлісуге дайын екенін мәлімдеді. Ол барлық қатысушыны ұзақ мерзімді және тұрақты іскерлік қатынастар құруға ұмтылуға шақырды. «Компаниялар жергілікті жеткізушілерді іздеуге және БҚО-да сатып алынатын өнімдердің тізімін кеңейтуге ниетті», – деп түйіндеді сөзін «ҚПО» компаниясының өкілі.
Халықаралық машина жасау орталығының (IBMC) бас директоры Марат Кәрімовтың баяндауынша, мұнай-газ саласына қажетті тауарлар тізімі 32 топқа бөлінеді. 2021 жылдың соңында операторлардан тауарлардың үш тобына сұраныс түскен. Ондай тауарлар мынадай: электр жабдықтары, өлшеу-бақылау аспаптары, клапандар мен қосалқы бөлшектер. БҚО-да кен игерушілерге қажетті тауарлардың үшінші тобына кіретін өнімдерді өндіретін төрт кәсіпорын бар. Бірақ үшеуінің өнімдері стандарттар деңгейі бойынша ірі операторлардың сатып алу үрдісі талаптарына сай келмейді. Талап үдесінен шығатын арматура шығаратын және оның сервисімен айналысатын батысқазақстандық бір компания кен игерушілермен серіктестік байланыс орнатқан. Кен орнын игерушілердің жобаларына қатысу неге қиын десек, оларға алдымен халықаралық стандарттар керек. Оларды алу кәсіпорындардың жағдайына қарай 6 айдан бастап 1,5 жыл уақытқа созылу ықтимал. Стандарттар мен сертификаттарды алуға 200-250 мың АҚШ доллары кетеді. Дамудың төменгі деңгейіндегі мекеме-компанияларға бұл жұмыс өте қымбатқа түседі, кемкетікті қалыпқа келтіруге қомақты қаржы керек. Сондықтан мемлекет ондай нысандардың сертификатталуына кететін шығынның бір бөлігін, яғни 70%-ын субсидиялайтын болды. Тауарлардың екінші тобына өнім ұсына алатын батысқазақстандық 9 кәсіпорынды (салқындату, ауаны желдету, технологиялық сүзгілер, т. б.) жаңа талап деңгейіне бағыттау жұмыстары жалғасады.
Форумда белгілі болғанындай, 2023 жылдың басынан бастап «ҚПО б. в.» Қарашығанақ мұнай-газ кен орнында жалпы құны шамамен 700 млн АҚШ долларын құрайтын Қарашығанақты кеңейту жобасын (ҚКЖ 1Б) жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жобаның бас мердігері «ККС Сичим» ЖШС болмақ.
– Біз тек құрылыспен шектелмейміз, нысанды жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмыстарын да атқарамыз. Ең алдымен, компрессорлық қондырғыны, қажетті инфрақұрылымды салу және газ құбырларын тарту, соның ішінде газды қайта айдау қондырғысын салу көзделуде, – дейді «ККС Сичим» ЖШС-ның жергілікті қамту жөніндегі менеджері Мардан Құжағалиев. Аталмыш жоба жетекшісінің орынбасары Роза Кальгирова Қарашығанақты кеңейту жобасы 2023 жылдың қаңтар айында басталатынын айтты. Мердігер компания бүгінде жоба бойынша бетон құю жұмысын аяқтап, темір құрамаларды орнатуда. Одан әрі құбырларды өндіру және орнату жұмыстары тұр. Жалпы ҚКЖ 1Б жобасын жүзеге асыру үшін мердігерге 1500 тонна металл және 10 мың текше метр бетон қажет.
– Бетонды, металл құрамаларды орнатуды біз тауарлар мен қызметтерді жеткізуші жергілікті компанияларға жүктейміз. «МЖБК» компаниясының плиталарын жергілікті жеткізушілерден сатып аламыз. Іске асырылып жатқан жобаларға ең ірі бетон жеткізуші – жергілікті «LC Aksai» компаниясы. Құрылыс-монтаж жұмыстарына бес батысқазақстандық және металл құрамаларын жасау, монтаждау бойынша үш зауытты қатыстырудамыз. Олар – «Атырау НефтеМаш», «ЖігерМұнайСервис», «Каспиан Контракторс Трест» ЖШС-лары, – дейді Мардан Құжағалиев. Оның сөзінше, қазіргі кезде жобаны жүзеге асыруға 12 батысқазақстандық компания тартылған. Олар – «АқсайГазПромЭнерго» ЖШС (коммуналдық шаруашылық), «АқжайықГео» ЖШС (сертификаттау, рұқсат беру және сараптама қызметтері), «Әлем Жолдас» ЖШС (жалпы құрылыс жұмыстары), «AlemTerminalLogistics» ЖШС (жүктерді қоймаға сақтау қызметі), «Әлім» ЖШС (персоналды оқыту және сертификаттауды қамтамасыз ету), «Арай» ЖШС (персоналды оқыту және сертификаттауды қамтамасыз ету), «Азия Сервис Қазақстан» ЖШС (зертханалық зерттеу қызметтерін көрсету), «Батыс Спец Монтаж» (жалпы құрылыс жұмыстары), «Green Eco Technologies» ЖШС (қалдықтарды жою қызметі), «Қарекет Инжиниринг» ЖШС (электр жабдықтары мен материалдарын жеткізу), «LCI Aksai» ЖШС (бетон жеткізу), «Урал Бетон» ЖШС (құм-қиыршықтас қоспасын жеткізу).
«ККС Сичим» басшылығы Қарашығанақты кеңейту жобасының 1А кезеңін жүзеге асыруда жақсы қырынан танылған жергілікті компаниялардың 2023 жылы ҚКЖ 1Б кезеңін жүзеге асыруға қатысу мүмкіндіктерін жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта қосалқы мердігер ұйымдардың жұмысшыларын есептемегенде, 3500 адам жұмысқа тартылған. Келесі кезеңде жобаны әрі қарай дамытуға бастапқыда 500-600 адам, одан әрі одан да көбірек жұмысшы тартылады.
– Болашақта құрылысқа құбырлар қажет. Біз сапалы құбырларды жеткізушілерді іздейміз. Форум барысында «Азот зауытының» өкілдері келіп жолықты. Бірақ олардың өнімдері 2023 жылдың соңында, жобаны іске қосу жұмыстары басталатын кезде қажет болады. Желтоқсан айының ортасында құбырларды сатып алып, орнатуды бастаймыз. Мұнай өңдеу зауыттарына арналған құбырлар Қазақстанда өндірілмейді, сондықтан шетелден сатып аламыз. Бірақ құбырларды орнату жұмыстарын жергілікті компаниялар жүргізеді, – деді Роза Кальгирова.
Дөңгелек үстел аясында БҚО компаниялары мен ҚПО-ның негізгі мердігерлік ұйымдары өкілдерінің арасында В2В форматындағы кездесулер өтті.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz