Осы аптада әлеуметтік желілерде ірі қара мал мен киіктердің кенелерге таланып жатқаны жөнінде бейнежазбалар тарап кетті. Шаруалар арқа-басына таскене жабысып, жүруден қалған малын көрсетіп, алаңдаушылық білдіруде. Бұл жәндік киіктерде де қаптап кеткен. Осыған байланысты біз облыстық ветеринария басқармасына хабарласып, мәселенің мән-жайын сұраған едік.

Фото: baq.kz
Аталмыш басқарманың мәліметінше, соңғы жылдары мал иелері мен ветеринар мамандар ауыл шаруашылығы жануарларының жайылымдық (иксодтық) кенелерден жиі зардап шегетіндерін айтуда. Ауыл шаруашылығы жануарларын кенелерге қарсы дезинсекциялау (өңдеу) үшін Қазақстан Республикасында тіркелген неоцидол, деазинон, ивомек, центривермек және басқа ветеринариялық препараттар қолданылады.
Шаруалар малын кенелерге қарсы өңдеу үшін аудандық ветеринариялық станциялар мен ветеринариялық пункттердің көмегіне жүгіне алады. Дезинсекциялау ҚР «Ветеринария туралы» заңы 35-бабының 2-тармағы 4-тармақшасына сәйкес мал иелерінің есебінен жүргізіледі. Бірақ кенелердің көбеюіне байланысты соңғы 3 жылдан бері облыс әкімдігінің тапсырмасымен ауыл шаруашылығы жануарларын кенелерге қарсы дезинсекциялау үшін қаражат бөлініп келеді. Алайда бөлінген қаражат облыс аумағында тіркелген 837,6 мың мүйізді ірі малды толықтай өңдеуге жетпейді. Сондықтан қаражат тек жеке шаруашылықтардың малын өңдеуге жұмсалуда. Ал шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандары бұл іс-шараны өз қаражаттары есебінен жүргізуі керек. Биыл ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы шараларды жүргізуге 26,4 млн теңге қаражат бөлінген. Мүйізді ірі қара малының гиподерматозына қарсы 100 930 басты өңдеуден өткізу жоспарланып отыр. Күні бүгінге 21 000 бас МІҚ дезинсекцияланған. Энзоотиялық ауруларға қарсы жұмыс одан әрі жалғасуда.
Кенелер көктем мен жаз мезгілдерінде көбейеді. Олар жануарларға маусым айының ортасына немесе соңына дейін қауіп төндіреді. Сондықтан мамандар тұрғындардың ірі қара малды көктемгі жайылымға шығарар алдында инсектицидтермен дезинсекциялауы керек екенін айтады. Ұсақ малдарды қырқығаннан кейін бірнеше мәрте күпкіге түсіру қажет. Ал жайылымнан келген малдың денесінде кенелердің бар-жоғын тексерген жөн. Таскене, әсіресе жүні тықыр жерлерге, құлақ пен кеудеге, желінге «өш» келеді.
Айна Имашева