26.12.2023, 15:00
Оқылды: 22

Кеңес отырысында жастар үшін маңызды мәселелер қаралып жатыр

Дәл қазір «Атамекен» өнер ордасында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен БҚО әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы басталды.

IMG_20231226_145715_957

Басқосуға аталған кеңестің мүшелері, облыстық мемлекеттік атқарушы органдар басшылары, жастар қоғамдық ұйымдарының белсенділері қатысып отыр.

IMG_20231226_145657_579

- Бүгінгі кеңес отырысының өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда маңызы зор деп есептеймін. Ең қасиетті мерекеміз – Тәуелсіздік күнін атап өтіп, бүгін жаңа жыл қарсаңында өткен 2023 жылымызда жастар үшін жасалған игі істерімізді атап өттік. Біраз жетістікке қол жеткіздік. Соның ішінде өз үлестеріңіз де бар. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттің тірегі жастар екенін атап өткен болатын. Президентіміз «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы келешекте дарынды, рухы биік, отаншыл, мемлекетшіл жастардың қолында болуы керек» деген болатын. Бұл – әділетті Қазақстан құру жолындағы негізгі талап деп санаймын. Осыған орай, мемлекет тарапынан Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, біраз күрделі мәселе қолға алынуда. Жаһандану заманында ақпараттық-идеологиялық қауіп төніп тұрғаны баршамызға мәлім. Санамызды ақпарат билеп отырған заман деп айтсам қателеспеймін. Сондықтан ең басты мақсат - жастарымызға дәстүрімізді сақтай отырып, отбасында дұрыс тәрбие, оқу ордалары сапалы білім беруі, тарихи жауапкершілік ала білетін жастар тәрбиелеуі – бүгінгі күннін талабы, біздің парызымыз! Елдік сана, еңбекке деген құрмет қалыптастыру – маңызды мәселе. Жастарға қазіргі таңда үлкен мүмкіндіктер бар. Тек ізденіп еңбек жасау керек, - деді кеңеске төрағалық еткен өңір басшысы.

IMG_20231226_145707_677

Облыс әкімі жастарды қолдауға бағытталған бірқатар шараға тоқталып өтті.

IMG_20231226_145649_125

Атап айтқанда биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 775 жас маман 289,4 миллион теңге көлемінде бастапқы көтерме жәрдемақы алса, 300 жас маманға баспана алуына жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге несие берілген. «Жасыл Ел» жобасы аясында 1175 жас жұмыспен қамтылған. «Студенттік құрылыс жасақтары» жобасы бойынша 300 жас жұмыс жасады. Сондай-ақ биыл облысқа 105 маман жұмысқа орналастырылса, соның ішінде 48 дәрігер ауылдық жерлерге жолданған. Жергілікті бюджеттен резидентураға 18 грант, абитуриенттерге 60 грант бөлінген. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту»жөніндегі Ұлттық жобасы аясында 10 199 жас әртүрлі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Ал 1437 жастар практикасына, 948-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 2 499-і «Бастау Бизнес» жобасына тартылса, 188-і грант, 261-і шағын несие алған.
Кеңесте сөз алған БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Г.Шөкеева, Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары К.Нұршинов және тағы басқалар мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың кейбір мәселелері туралы айтып, алда атқарылар жоспарларымен бөлісті.

Нұрбек Оразаев,

Фотоға түсірген: Диас Закбаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале