Алаш қозғалысының қайраткері қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының немересі Әзімхан Ахметұлы Кенесарин алашты қолдағандардың қатарында болады.
Көзі ашық, көкірегі ояу Әзімхан 1905 жылдың өзінде Ресей императорының Министрлер кеңесінің төрағасы граф С.Виттенің атына қазақтардың тұрмысы мен отаршылдығы туралы ашық петицияны ұйымдастырушылар мен оның мәтінін құраушылардың бірі еді.
Кейін 1917 жылғы Қазан төңкерісі кезінде Әулиеатада қазақтар сиезін ұйымдастырушылардың қатарында белсене араласып ұлт тәуелсіздігі жолында Алаш туы астына жиналуды насихаттайды.
Ал 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері өткен ІІ Жалпықазақ сиезіне Сырдария облысы қазақтары атынан қатысып, сиез төрағасының орынбасары болады.
Алайда өзінің саяси күрестерін ұзақ жалғастыра алмайды. 1930 жылы Ә.Кенесаринге «хан тұқымы», «ұлтшыл» деген айып тағылып қамауға алынады. Кейінгі 1937 жылғы қуғын-сүргінде ОГПУ-дің үштігі шешімімен сол жылдың тамыз айында ату жазасына кесіледі.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz