Елімізде екі жыл бұрын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Елбасы өзінің Жолдауында: «Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауы тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек. Сонымен бірге халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды» деп қарапайым заттар экономикасы салаларын дамытуға мән-маңыз берген болатын.
Бағдарлама сырттан келетін киім-кешекті, азық-түлікті, құрал-жабдықты және өзге де заттарды өзімізде өндіріп, бір сөзбен айтқанда, халық тұтынатын тауарлар импортының көлемін азайтуды, сол арқылы қаржы капиталын үнемдеуді, ұлттық экономиканы дамытуды көздейді. Мұның өзі әлемдік конъюктура ауытқуларына төтеп беруге, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың, өндірістік нысандардың жұмыс қуаты көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жас мамандарды еңбекке тартуға, тоқетерін айтсақ, халықтың әл-ауқатын көтеруге әсер етеді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қаржылық агент ретінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлердің несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауды, банктер алдында кәсіпкерлердің несиелеріне кепілдік беруді іске асырады. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетеді, қаржылай қолдау мониторингін жүргізеді.
– «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы келесі бағыттарда жұмыс істейді: агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс және қайта өңдеу, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс пен қызмет. Аталмыш бағдарламаның басты ерекшелігі мынада: мұнда кәсіпкерлерге инвестициялық мақсатта 10 жылға дейін және айналым қаражатын толықтыруға үш жылға дейін ұзақ мерзімді қаржыландыру және субсидиялар беру қарастырылған.
Сыйақы мөлшерлемесі 15%-дан аспауы керек, оның ішінде клиент тек 6%-ын төлейді. Қалған 9%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұл кәсіпкерге үлкен көмек, оның қаржылық жүктемесін айтарлықтай төмендетеді. Бағдарламаның талаптарына және несиелеу мақсаттарына толық сәйкес келген жағдайда ғана кәсіпкер жеңілдетілген несиені алады. Егер кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры несие шамасының 50%-ын қоса алғанда 3 млрд. теңгеге дейін, 30% -ын 3 млрд теңгеден жоғары несиелер бойынша 5 млрд. теңгені қоса алғандағы несиеге кепілдік береді, - дейді «Даму» қорының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі бас менеджері Тілек Қазбалиев. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі саласындағыларға айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиеге кепілдеме беруге және несие шамасын субсидиялауға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда оған сәйкес айналым қаражатының мөлшері жоба шамасының 50%-ынан аспауы керек. Егер бұл несие мөлшері жобаның жалпы несиеленген шамасының 50%-ынан аспаса, айналым қаражатын 100%-ға толықтыруға бағытталған несиеге де кепілдік беріледі.
– Агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру банктердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған жағдайда, айналым қаражатын 100% толықтыруға бағытталған несие бойынша кепілдендіру, субсидиялау жүзеге асырылады. «Даму» қоры демеуқаржылау (субсидиялау) мен кепілдеме алуға өтініштерді электронды үкімет (E-Gov) және OnlineDamu платформалары арқылы онлайн режімінде қаралады, – деді Тілек Қазбалиев.
«Даму» қоры арқылы биылдың өзінде жалпы шамасы 5,6 миллиард теңгені құрайтын сегіз жоба мақұлданған. Оң шешім шығарылған соңғы жобалардың бірі – «Uniserv Medikal Center» ЖШС-ның медициналық жабдық алу жобасы. Бұл жобаға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несиесінің 14,95%-дық мөлшерлемесінің 8,95%-ын мемлекет өтейтін болады.
«Даму» қорының қолдауына ие болған кәсіпкерлердің қатарында есік шығаруды және оны сатуды бастаған Биболат Хайрушев те бар. Ол 2009 жылдан бері дайын есік түрлерін сатумен айналысты. Осы жылдар ішіде Биболат Өтегенұлы Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент қалаларында сауда орнының филиалдарын ашып, сату нүктелерінің жағырапиясын кеңейтті. Біртіндеп тәжірибе жинақтап, есіктер шығаратын зауыттарды аралап, осы бизнестің барлық қыр-сырын мұқият зерттей келе, кәсіпкер Қазақстан нарығындағы шетелдік есік өндірушілерді ығыстырып, өз орнын алатын кез келді деген батыл шешімге келеді. 2017 жылы Б.Хайрушев айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Центр Кредит Банкіне» қаржыландыруға өтініш береді. Банк кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының шарттары бойынша 10%-ы субсидияланатын несиені береді. Сол жылдың аяғында ол Оралдағы Полевая көшесі 5/1 мекенжайындағы ғимаратты жалға алып, есіктер шығаратын цехтары іске кіріседі. Қазір мұнда 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Есік жасаушы серіктестік шикізатты Ресейден алып отыр.
«Есік» индустриясы саласының соңғы үрдістерін ұстануға тырысатын кәсіпкер «Даму» қорының қолдауымен есіктер шығаруға арналған итальяндық жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. «Eurasian trend» ЖШС өнімдері Қазақстанның құрылыс материалдары нарығында кеңінен танымал. Биболат Хайрушев қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, өндіріс қуатын арттырып, өз өнімдерін ТМД елдерінің нарығына шығаруды армандайды. Құр армандаумен іс бітпейтінін білетін кәсіпкер өзінің зауытын салудың ауқымды жоспарын жасақтаған. «Облыста индустриалдық аймақ құрылса, содан бізге де орын табылар деп үміттеніп отырмыз. Тек Алла амандығын беріп, сол күнге жетуді нәсіп етсін», – дейді ол.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz