29.03.2022, 10:30
Оқылды: 28

Кешкісін қарумен жүрген...

26 наурыз күні «Батыс» өңірлік  қолбасшылығына қарасты  5517-әскери  бөлімінің  қызметшілері  Оралда  тапаншамен жүрген ер адамды қолға түсірді. ҚР Ұлттық ұланының баспасөз  қызметі сағат 17:50 шамасында орын алған  оқиға жайлы егжей-тегжейлі баяндады.

B342A463-4850-4E98-8585-880E7CBE746C

Әскери жасақ бастығы, сержант Еламан Аманғұлов пен жасақ сақшысы, қатардағы жауынгер Айбат Жеңіс Гагарин көшесінің бойында күдікті азаматты байқап қалған. Ер адам тәртіп сақшыларын көрген бойда қолындағы рюкзакты қарға лақтырып, қаша жөнелген. Солайша бой тасалап, ізін суытпақ болған. Алайда жедел іс-әрекеттер нәтижесінде  күдікті  ұсталды.

Оқиға орнына әскери жасақтар бойынша кезекші, лейтенант Нұрсұлтан Жүсіпов және кинолог, сержант Рүстем Оспанов тез арада жетіп, Арго есімді иісшіл иттің көмегімен сол аумақты қарап, тексеру жөнінде шешім қабылдаған. Ит көп ұзамай-ақ қара түсті рюкзакты тапты. Куәлардың қатысуымен қараған кезде рюкзактың ішінен белгі беретін тапанша және алты резеңке оқ-дәрі салынған қорап шыққан.

47 жастағы тұрғын полиция бөліміне жеткізілді. Оған қарудың неге керек болғанын тергеу орындары анықтайды.

Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қадағалау бойынша жауынгерлік қызмет атқару кезінде қырағылық көрсеткені үшін әскери жасақ жауынгерлерін бөлім командирі марапаттады.

Марлен Ғилымхан,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале