3.09.2024, 9:45
Оқылды: 151

Кезекті Әлем чемпионаты бағына ма? Ризабек Айтмұхан Испанияда белдеседі

Бүгін Испанияның Понтеведре қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Аталған турнирдің басты фавориттері қатарында қазақстандық Ризабек Айтмұхан да бар. Ересектер арасында топ жарған балуан тағы да әлем біріншілігінің биігіне шыға ала ма? Olympic.kz шолу жасап көрді.

F7FC67EC-83E1-4D1C-94E1-2B14C104DBFF

Сурет: Olympic.kz

Биылғы маусым Ризабек үшін айтарлықтай өзгеріске толы болды. Алдымен балуан 92 келіден 97 келіге ауысып, олимпиадалық салмақта бақ сынай бастады. Алайда, шыны керек, жаңа салмаққа бой үйретіп, нағыз бабына ену үшін оған біршама уақыт керек еді. 

Сондықтан, Ризабек Олимпиада ойындарына іріктеуге қатыса алмады. Ол ел біріншілігінде тәжірибелі Әлішер Ерғалиға жол берді. Бірақ Әлішердің де Париж Олимпиадасында алысқа шаппағанын барлық жанкүйер көрді. 

Жалпы алар болсақ, 97 келі салмақта жаңа есімдер пайда болды. Бұрын барлық жүлдені жеңіп алатын Абдулрашид Садулаев пен Кайл Снайдерлерді Ахмед Тажудинов (Бахрейн) пен Әмір Әли Азарпир (Иран) сынды жас балуандар ығыстырды. Парижде тұғыр биігіне көтерілген Гиви Мачарашвили (Грузия) мен  Магомедхан Магомедов (Әзербайжан) те мықтылар қатарында. 

Енді сол жас буын қатарына Айтмұхан да енеді деген үміт бар. Оның техникалық шеберлігі, балуандық интеллекті мен әлеуеті 97 келідегі мықтылар қатарына сына қағуға жеткілікті. Сол себепті, алдағы әлем біріншілігі кезекті тексерістің бірі болмақ. 

Ризабектің 92 келіде әлем чемпионы атанған сәтін әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Жаңа салмаққа ауысқан соң да ол бірқатар турнирде жақсы нәтижемен көзге түсті. Оның ішінде, тез танылған Тажудиновпен де белдесіп үлгерді. Сондықтан, жас балуанның әлеуеті жоғары. 

Испаниядағы әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетсе, Ризабек Айтмұхан Тажудинов пен Азарпира бастаған әлем мықтыларына қарсылас атанбақ. 

Испаниядағы әлем чемпионатында қазақ балуанына кімдер қарсы тұруы мүмкін? Әрине, ресейлік Шамхан Нухаев. Өз қатарластары арасындағы былтырғы әлем біріншілігінде ол күміс медаль иеленген. Десе де, ол Ресейде әйгілі Садуллаевтан асып кете алған жоқ, әзірге, соның ізімен келе жатыр. 

Тағы бір маңызды қарсылас – ирандық Абулфаз Бабалу. Былтырғы әлем чемпионы. Сарапшы мамандар америкалық Джастин Радемахерді де мықтылар қатарына қосуда. Джастин де Ризабек секілді 92 келіде бақ сынап, әлем чемпионатының қарсаңында салмақ ауыстырған. 

Ризабек Айтмұхан мұндай әлеуетімен алтын алуы керек деген болжам бар. 

Әлем чемпионатында Айтмұхан 6 қыркүйек күні белдеседі. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале