Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарының мал баққан шаруалары киікке қатысты айтар уәжі көп. Аталған аудандарда бірнеше жылдан бері киік мәселесі жайлы жиналыстар өтіп келеді. Бұрын киік санын шектеу жайлы айтылатын, қазір шаруалар біртіндеп киікті атуды өзімізге беріңіздер деуге көше бастады.
Суретті түсірген: Мейірбек Тәжқұранов
Жәнібек ауданының Тау ауылындағы «Сұңқар» шаруа қожалығының жетекшісі Таңат Сариев киік шабындыққа түсіп, малдың азығын жинауға үлкен кедергі келтіріп отырғанын айтты.
– Жәнібек ауданының Тау, Талов, Жақсыбай, Борсы ауылдарында, көршілес Бөкей ордасы, Казталов аудандарында киіктің жайылымда жайылуы мәселе болып тұр. Сосын киіктер жерді қопарып, шұңқыр жасап алады. Кәдімгі агрегат жүргізуге де қиын. Екіншіден, тапап тастайды. Киікті қуғаннан ешқандай пайда жоқ. Жиналып қуып көрдік. Үш-төрт шақырым ұзаған соң осы орынға қайтып келеді, – дейді Таңат Сариев.
Бөкейордалық шаруа Исатай Сисенғали биыл жұт болады деген қаупін айтады.
– Киік қазір шексіз көбейіп кетті. Малға жайылыс қалған жоқ. Шабатын шөпті айтпай-ақ қояйық. Биыл да жұт болатын болар. Қыста осы үш ауданда мал қырылды. Енді мына алдағы қыста да солай болатын шығар. Киіктің санын шектеуді үкімет өзі білетін болар. Айта-айта бізде де шаршадық. Президентіміз Қостанайға барғанында киелі жануар деп айтып. Сонда бұл киікті шетсіз, шексіз өсіре беру қайда алып барады? – дейді Исатай Сисенғали.
Бөкей ордасы ауданының Бөрлі ауылында тұратын фермер Мырзабай Боранбаев аталған ауданның жалпы 600 мың гектар ғана жайылым жері барын, ол бағып отырған малға жетпейтінін айтады.
– Бөкей ордасында сексен мың ірі қара бар, норматив бойынша есептегенде оның өзіне миллион гектардың үстінде жер керек. Ал оның сыртында қой, жылқы, түйе бар. Оның бәріне жер жеткіліксіз. Себебі біздің тоғыз жүз мың гектардың үстінде жерімізді Капустин Яр полигоны алып отыр. Соған қарамастан осы Бөкей орданың жерінен резерват ашамыз. Киікті қорғау мақсатында жеті жүз сексен гектар жерді резерватқа берді. Өзімізге жетпей жатқан жер. Сонда бізге не киік шаруашылығымен, не мал шаруашылығымен айналысуға тура келеді ғой?! – дейді Мырзабай Боранбаев.
Тағы бір шаруа Ермек Меңдешев қыста көтерем болған малының тең жартысы қырылғанын айтты.
– Менің 3 мың гектар жерім мына Бегәлі деген судың жанында. Малымды сол жерге жазғы орынға алып барамын. Ал сол жерден мал қысқа көтерем болып кірді. Оған жем бердің не, шөп бердің не көмек ете алмады. Соның салдарынан мал қырылды. Қазір шаруа қожалықтарының ешқайсысында шөп қоры қалған жоқ. Сондықтан биыл шаруа қожалықтары шөпті ең бірінші өздеріне дайындайды. Ал сонда халық не істейді? Биыл Бисен ауылында шаруалар ешкімге шөпті сатпаймыз деп отыр. Ертең малмен күн көріп отырған халық көтерілмей ме? – дейді Ермек Меңдешев.
Ал Жәнібек ауданындағы фермер Әділ Нұртаев шаруалардың қысқа әзірлігі нашар болғанын жасырмады.
– Қыс былай қатты болған жоқ, қысқа біздің әзірлігіміз нашар болды. Көптен ұзақ қыс көрмегесін бір ай деп жүре береміз ғой. Бірақ биыл қыстың соңы ұзарды. Сәуірге кірді. Төрт айдай қыс болды. Жерде шөп болмады. Мысалы, маған керегі 1200 емес, 1800-2000 рулон еді. Жылқы көбіне далада жүргесін мал азығын жейді деп есептемейміз ғой, ол да қолға қарап қалды. Фермерлерде де, ауылда да мал көп. Оның үстіне ауа райының да әсері бар, жаңбыр жоқ. Көлдерге су түспей тұр. Бұл әуелден жартылай шөлейт жер. Сондықтан бәрін жүз пайыз киікке жабу дұрыс емес. Ол даланың сәні ғой, жойып жіберуге де болмайды. Тек санын азайтса дейміз. Ертеректе үлкен кісілер «киікті қумаңдар. Астрахань жақпен Иранға өтіп кетеді. Иранға барып қыстап, жаздыгүні Каспийді жағалап қайтатын құс сияқты» дейтін еді. Ол кезде ешқандай қоршау жоқ қой, – дейді Әділ Нұртаев.
Әділ аға «шаруалардың жерін қоршауға үкіметтен көмек берілсе, жер де демалар еді, халықтың малына да, киікке де жақсы болар еді» деді.
Шөп шапқанда киіктің өлексесі де кедергі дейді шаруа Таңат Сариев. «Шөп шауып келе жатқан үлкен агрегат киіктің өлексесі кездескенде бұрыла алмайды. Шөппен бірге жиналып кетеді. Сосын қыста шөп арасынан сүйектері, тіпті мүйіздері шығып қалады. Оны тіпті ұстауға қорқамыз, заң қатал» дейді.
Фермер, «Ауыл» партиясының Жәнібек ауданы филиалы төрағасы Бауыржан Сабанов: «Бұрын қазақ жерін демалтты. Жайылымды ауыстыратын жайлау, күздік, қыстақ болса, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті жер азып бара жатыр. Иә, біз жерге көңіл бөлуіміз керек. Жердің азып-тозғаны климатқа да байланысты. Мысалға, мен жиырма гектар жерде бес жүз қой ұстайтын шаруаны естігем. Жиырма гектар жерді төртке бөліп тастаған. Оның ішіне көпжылдық екпелі шөптерді еккен. Суармалы етіп жасаған. Оған көп шығын шықпайды. Соны үш-төрт күн сайын ауыстырып тұрады. Жайылымын шөбі шығатындай етіп суарып тұрады. Біз де солай жасай аламыз деп есептеймін, ешқандай қиындығы жоқ. Тек әлі санамызға енгізе алмай жатырмыз. Шыны керек, жалқаулықты қойып, жұмыс істеу керек. Малдың артынан жүріп, төлін күтіп өмір сүру деген бұрынғы заманның әрекеттері деп ойлаймын, – дейді.
Кезінде еңбек жолын зоотехник болып бастап, кейін бірнеше ауданның әкімі болған, қазір қоғам белсендісі Табылғали Сапаров қазір Батыс Қазақстан облысында мал басының саны өскені соншама он миллион гектардай жайылыс керек дейді.
– БҚО-да бар болғаны 6,6 млн гектар жер бар. Сонда қазіргі мал басының 35 пайызына жер жетпейді. Оның үстіне 2 миллиондай киік бар. Ертең жайылыстан мүлдем айрылып қаламыз, қу тақыр болып қалады. Киіктің санын реттеу керек, – дейді Табылғали Сатқалиұлы.
Бұрын БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары болған, қазір зейнеткер Махамбет Ихсанғали шаруалар мал басын жеріне шақтап ұстау қажет дейді.
– Қазір агрономия, зоотехника деген ғылым қалды ғой. Мысалы, бұрын агроном айтатын еді: «Сенің жүз гектар жерің бар ма? Сен осыншама қой, осыншама жылқы ғана ұстай аласың». Болды. Қойдың ішетін суының нормасын есептеп, совхоздар құдық қазып беретін. Бес жүз қойдың жайылысы түгіл суын есептеп қоятын. Зоотехния болды. Қазір бір фермер 2-3 мың жылқы, 1200 сиыр ұстайды. Бұрын ондай көлемдегі мал үлкен совхозда болды. Сонысымен жерді тоздырып жатыр. Тіпті Орданың астындағы табиғи су азайып бара жатыр. Мөлшерден асырып ұстауға болмайды, оны ешкім қадағалап жатқан жоқ, – дейді Махамбет ақсақал.
– Киік адамдар ол жерге келмес бұрын да сол жерде жүрген. Ол төлдейтін жерін өзі таңдайды. Фермерлер олардың табиғи территориясына кіріп отыр. Кейбір фермерлермен сөйлескенімде, олар басқа жерден жер берсе киік жүрген жерден кетуге әзір. Киікті қанша қуса да қайта-қайта келе береді. Себебі өздеріне ең қолайлы жер осы аймақ қана қалған. Олар да инстинкт арқылы жүреді, – дейді өлкетанушы, туризм маманы Айболат Құрымбаев.
Киіктанушы, экология жанашыры Сәкен Ділдахмет киік пен фермердің жерге таласы жерді оңды-солды таратудан болды деген пікірде.
– Киіктердің барар жері қалмады. Миграциялық жолы жабылды. Олардың төлдейтін кезеңінде шоғырланған жері бар. Бәрібір сол жерде төлейді. Демек, бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология министрлігі және әрбір облыстың әкімдіктері осы жерді берместен бұрын талдама жүргізу керек еді. Себебі киіктен басқа да жануар бар ғой. Киіктен бөлек. Кешенді жұмыс болмауынан, жерді оңды-солды үлестіруден болды. Енді мәселе осыған келіп тірелді, – дейді.
Ал ардагер Махамбет Ихсанғали жер телімдерін тиянақты пайдалану керек деп есептейді.
– Жердің өзінің мүмкіндігі бар, есепсіз пайдалануға тыйым салу қажет. Бес-алты мың мал ұстай отырып, жерді киіктен қызғанады. Жалпы жерге көзқарас дұрыс емес. Жер кодексі дұрыс қаралуы керек. Жер қараусыз қалып өртеніп жатыр. Сондай шаруашылықтарға шара алыну қажет. Киіктің тарихи-табиғи жолдарына өзгеріс жасай алмаймыз, сол жүрген жерлерінде киіктер жүру керек. Тек жер дұрыс бөлінуі тиіс, – дейді Махамбет Ихсанғали.
Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz