6.05.2025, 16:45
Оқылды: 395

Киік мәселесі талқыланды

Таяуда облыстағы  киік  популяциясының  көбеюіне  байланысты  туындаған  мәселелер  бойынша  «Amanat»  партиясында  арнайы  жиналыс  өтті.

Суретті түсірген фотограф Мейірбек Тажқұранов киік жпк

Мемлекет  тарапынан  қабылданған  қорғау  шаралары  нәтижесінде  соңғы  жылдары  киіктердің  саны  айтарлықтай  артып,  2024  жылғы  көктемгі  әуе  санағына  сәйкес  1  620  000  басқа  жеткен.  Бұл  –  табиғатты  қорғаудағы  үлкен  жетістік  болғанымен,  кейбір  өңірлерде  әлеуметтік  және  шаруашылық  сипаттағы  мәселелерге  де  себеп  болып  отыр.

Батыс Қазақстан облысында киік санының шектен тыс артуы өңір шаруаларына үлкен қиындық тудыруда. Биологиялық негіздемеге сәйкес, аймақта киіктердің саны 600 мыңнан аспауы тиіс, алайда қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 2,3 млн басқа жетіп отыр. Әуе арқылы киік санағы жүргізілуде, оның қорытындысы жуық арада белгілі болады. Облыс әкімдігі тарапынан киік санын реттеу жөнінде Экология министрлігіне жүйелі түрде ұсыныстар беріліп келеді. Министрлік бұл бағытта өз деңгейінде дайындық жұмыстарын бастап кетті. Шаруалардың жерін киік таптауынан қорғау мақсатында облыстық және аудандық штабтар құрылып, жұмыстар үйлестірілуде. Облыстық штабты мен басқарамын, аудандық штабтарға аудан әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік етеді. Бұл мәселе тек қорғану шараларымен шектелмейді. Киік санын ғылыми негізде реттеу – бүгінгі күннің нақты қажеттілігі.

Сондықтан бұл кездесудің басты мақсаты – мәселені ашық талқылап, нақты шешімдерге келу, – деді жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

Шаруалардың егістігі мен шабындықтарын қорғау мақсатында облыс әкімінің өкімімен арнайы штаб құрылып, жеті ауданда жергілікті штабтар жасақталды. 24 сәуірде басталған киіктердің  әуе санағы 3 мамырда аяқталды. 15 мамырдан бастап 15 жедел топ жұмысқа кіріспек.

Алайда бұл шаралар ұзақ мерзімді нәтиже бере алмауы мүмкін, себебі жан-жақты адам ресурсы мен техника тарту жыл сайын қиындық тудырады.

Осы орайда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов өңірдегі  ахуалмен  бөлісті.

– 2023 жылы жүргізілген киік санын реттеу жұмыстары былтыр жалғасын таппағандықтан, «Охотзоопром»  және резерват инспекторларының күшімен тек алқаптарды қорғау шаралары жүр-гізілген. Адам ресурсының жетіспеуіне байланысты өзге өңірлерден де мамандар тартылған. Алдын ала берілген мәліметтер бойынша киік саны бұрынғыдан да көбейгені байқалады. Осыған байланысты сәуір айының басынан бастап киіктен қорғау жұмыстары басталып кетті. Қызметкерлер кезекшілік кестесіне сай жұмылдырылып, жұмыстар 1 тамызға дейін жалғасады. Жалпы, бұл жұмыстарға 452 адам қажет болса, қазіргі таңда 210-ы ғана бар, қалған 242 адамды тарту мәселесі министрлік деңгейінде қаралып жатыр. Бірақ бұл шаралар да жеткіліксіз, өйткені киік санының күрт артуына байланысты оларды айдап шығатын орын да қалмауы мүмкін. Осы ретте киік санын реттеу мәселесі күн тәртібінен түспеуі  тиіс,  –  деді  ол.

Киік санының күрт өсуі ауыл шаруашылығы алқаптарының тапталуына алып келіп, жергілікті шаруалар мен тұрғындардың наразылығын  тудыруда.

Жиын барысында сөз алған еңбек ардагері, қоғам белсендісі Табылғали Сапаров киіктердің егістік пен шабындық алқаптарға келтіріп жатқан нақты залалын баяндап, оларды табиғи ареалдарына біртіндеп көшіру, көшу бағыттарын ғылыми негізде реттеу, киіктердің шоғырлану аймағын бақылауда ұстау секілді ұсыныстар айтты. Ғалымдар киік популяциясының күрт артуының экологиялық және экономикалық салдарын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, мәселені жүйелі шешудің жолдарын ұсынды. «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» ҚБ төрағасы Лавр Хайретдинов бұл мәселені қоғамдық талқылау арқылы ашық әрі әділ түрде шешудің маңыздылығына тоқталды. «Экоклуб» ЖШС басшысы, шаруа Бауыржан Сабанов мал азығын дайындайтын кооператив құру қажеттігін алға  тартты.

Олардың айтуынша, бұл мәселені біржақты қарау, яғни  қорғау немесе шектеу шараларын қолдану тиімді нәтиже бермейді. Сондықтан  барлық мүдделі тараптардың ұсыныстары мен ғылыми деректерді ескере отырып, жан-жақты, ортақ шешім  қабылдау  маңызды.

Жиын барысында киік мәселесін кешенді тұрғыда шешу үшін арнайы қор құру туралы да ұсыныс айтылды.

Бұл қор киіктерді ғылыми  негізде бақылауға алу, мониторинг жүргізу және егістік жерлерге келген залалды  өтеу секілді мақсаттарға бағытталуы мүмкін. Алайда бұл бастама да әзірге нақты  шешімін тапқан жоқ. Жалпы, жиында түрлі ұсыныстар айтылғанымен, киік мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданбай, мәселе басы ашық күйінде қалды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале