14.03.2017, 9:57
Оқылды: 65

Киік мүйізімен ұсталған полицейлерге қатысты тергеу жүргізілуде

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 ақпан күні жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Орал-Атырау жолы бойында, Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылы тұсында Жаңақаладан келе жатқан «Nissan Terrano» автокөлігін тоқтатқан. Онда автокөлік иесінен басқа қос бірдей полиция қызметкері болған. Автокөлікті тексерген кезде жүксалғышынан алты дана киік мүйізі табылған.

Аталған дерек ҚР ҚК 339-бабына сәйкес (құрып кету қаупі төнген жануарлар дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Еске сала кетейік, полиция қызметкерлерінің мұндай қылмысқа қатысы бары бұдан бұрын да анықталған болатын. Атап айтқанда, бүгін Орал табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушысы Дәурен Тәжіғалиев өткен жылы 14 қазанда «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі қызметкерлері Бөкей ордасы ауданында аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Д.Әшімовті қолға түсіргенде, оның автокөлігінен киіктің 14 мүйізі мен 9 ұшасы шыққанын хабарлаған болатын. Оған қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Сондай-ақ 2015 жылы 31 шілдеде Орал қаласына қарасты Желаев кентінде Алматы облысының тұрғыны А.Жантөреев ұсталып, оның автокөлігінен 149 дана киіктің мүйізі табылған еді. Ол кейін сотталды. А.Жантөреевке қатысты қылмыстық істі тексерген кезде тергеуші Д.Мұқановтың да қылмысы әшкереленді. Ол А.Жантөреевтің автокөлігін қарау  кезінде хаттамаға 149-дың орнына 49 киік мүйізі табылғандығы жөніндегі деректі бұрмалап көрсеткен. Сол үшін Д.Мұқановтың сот үкімімен 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектеліп, полиция майоры шенінен айырылды.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале