Биыл облыс аумағында мекен ететін 460 мың киік ауланады. Бұл туралы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов айтты.

Қазір Ақ Жайық өңіріндегі киіктің нақты саны белгісіз. Жүргізілген әуе санақтың қорытындысы бойынша облыста 2,3 млн киік басы анықталған. Бұл санақ жұмысы киіктердің төлдеу кезеңіне дейін өткізілгендіктен, осы күнгі киік санын дөп басып айтар дерек жоқ.
– Бүгінде киіктердің саны 3 миллионнан асты деген болжам бар. Ғалымдардың биологиялық негіздемесіне байланысты біздің облысымызда ақбөкендердің шекті саны 600 мыңнан аспауы қажет. Киік санының шекті деңгейден бірнеше есе көп болуы өңірдегі шаруа қожалықтарына қолайсыздық тудыруда. Сондай-ақ аудандардың экономикалық дамуына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Оның үстіне киіктер арасында жұқпалы ауру пайда болса, тез таралуы мүмкін. Оның себебі бұл жануарлар жайылымда бір-біріне өте жақын жүреді. Бір жылдары өз арасында ауру тарап, қырылып та қалған. Соңғы кезде төрт түлікпен жайылымда бірге жүреді. Аталған жайттардың барлығы ескеріліп, киік санын реттеу жөнінде шешім қабылданды. Ғалымдардың биологиялық негіздемесіне сай ауланатын киіктің саны жалпы есептің 20%-ынан аспауы қажет. 2025 жылдың шілде айынан бастап, қараша айына дейін 460 мың киік ауланады, – деді Н. Рахымжанов.
«Охотзоопром» РМҚК мекемесінің БҚО филиалы киік санын реттейді. Қазіргі таңда төрт топтан тұратын 40-қа жуық қызметкер және 12 аутокөлік киік аулауды бастап кеткен. Оған қоса, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы құрылымдар қауіпсіздік іс-шараларын бақылауда ұстап отыр. Аулау жұмыстарының басталғанына бүгін – алтыншы күн. Облысқа қарасты Бәйтерек, Казталов және Тасқала аудандарында киік аулау басталды.
– Шілде мен тамыз айына дейін киіктің аталықтары ғана атылады. Кейін осы жылдың қыркүйек айында кораль әдісі бойынша тормен аулау жұмысы қолданылып, киіктің ұрғашысы мен лағы да ауланады. Оған дейін биылғы төлдері де өседі. Осы күнге дейін 268 бас киік ауланды. Қазір киік етінен өнім дайындауға ниет білдіріп отырған бірнеше кәсіпорын бар. Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС, Бәйтерек ауданында «Жеңіс» ЖК, Жаңақалада «Амангелді» ЖК, «Кайыров» ЖК, Казталовта «Жалпақтал» АШӨК, Ақжайықта «Батыс-Нық» ЖК, Жәнібекте «Исаев» ЖК тізімге енді. Арнайы бекіткен бағаға сәйкес киік етін «Охотзоопром» мекемесі кәсіпорындарға сатады. Болашақта сауда орындары мен дүкендерде киіктің етін немесе қалбыр түріндегі өнімі сатылымға шығады. Киік етінен жасалған өнімдер отандық нарыққа ғана ұсынылады. Себебі олардың етін, мүйізін тағы да басқа бөліктерін елден шығаруға рұқсат жоқ, – деді Нұрлан Сағынтайұлы.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»