«AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның ұжымы ҚР Президенті әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне, облыс әкімі Ғ. Есқалиевтің атына аталмыш корпорация басшысы Әлімжан Тохтасуновтың үстінен шағымхат түсірді. (Осы шағымхаттың фотоүзіндісі суретте берілген).
Онда Ә. Тохтасуновтың 2021 жылдың 25 наурызда корпорация басшылығына келгенге дейін Алматы облысының Ұйғыр ауданы әкімі лауазымын атқарғаны жазылған. Оның аудан әкімі қызметінен қарамағандағылармен дөрекі қарым-қатынасы үшін кеткені де айтылған. Сол келеңсіз жайттардан қорытынды шығармаған басшының ұжымдағыларды әлі де қорқытып-үркітіп басқаратыны шағымхаттың жазылуына себеп болды делінген.
Шағымданушылар жаңа басшының келуімен ӘКК-ның қаржылық жағдайының мүшкілденгенін, жемқорлық тәуекелдердің пайда болып, қаржылық және имидждік дағдарысқа тап болғанын, тәжірибелі мамандардың жұмыстан кеткенін, ұжымдағы күрделі психологиялық ахуалдың қалыптасқанын көрсеткен. «Төраға мамандарды қорлап, кемсіту арқылы ұжымда тазарту жұмыстарын жүргізді. Ол басшылыққа келгелі корпорациядағы 28 маманның 22-сі қызметтен кетті. Төраға қарауындағылармен қарым-қатынаста өзін дөрекі, тәкәппар ұстайды, көңіл күйі болмаған кезде, өзін ұстай алмайды, жеке басқа тиіседі. Еш себепсіз жұмыстан шығарамын деп үнемі қорқытады, балағат сөздер айтады, қызметкерлерге тіл тигізеді. Мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті және теңестірілген тұлға бола тұра, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін елемейді. Ол қызмет барысындағы шешімдері үшін жауапкершілікті басқаларға жүктеуге тырысады. Ысырапшыл, компания ақшасы есебінен салтанатты тірлікке бейім», – деп жазылған.
Сонымен қатар шағымда төрағаның барлық қызметкер үшін жаңа штаттық кесте енгізгені, онда кейбір лауазымдардың қысқартылғаны айтылады. Бірақ еңбекақы қоры (ФОТ) бұрынғы 72 млн теңгенің орнына 122 млн 652 мың теңге болған, осылайша қор 49 млн 821 мың теңгеге ұлғайған. «ӘКК-ның биылғы 9 айдағы кірістері өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда 28%-ға төмендеді, ал шығыстары 22%-ға өсті. Соның ішінде шығыстардың 83%-ы соңғы 6 айда 339 млн 355 мың теңгені құрады. 2020 жылғы ӘКК-ның шығыны 645 млн теңге, 40 миллион теңгеден астам бюджетке төленбеген дивидендтер мен орындалмаған бюджеттік несие бола тұра, еңбекақы төлеу қоры өсті», – деп жазады шағымданушылар.
Ұжымдағылар Ә. Тохтасуновты қызметінен босатуды сұрап, хаттың соңына қолдарын қойған.
Соңғы кезде халық арасында «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға жаңа басшы келіп, 27 адамның 25-ін қызметтен түре қуыпты» деген қауесет әңгіме желдей есті. Тіпті қызметтен кеткен кейбір мамандар да облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясына қоңырау шалып, осы мәселені зерттеуімізді сұрады. Мәселенің мән-жайын білу үшін аталмыш акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Әлімжан Тохтасуновқа (суретте) жолықтық.
Наурыздың 25-інде осы лауазымға тағайындалғанымда, штатта 23 адам, төрт бос жұмыс орны болды. 23 қызметкердің үшеуінің қызметі жоғарылап, басқа жұмысқа кетті. Олардың бірі Жұмакелді Батырниязов облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық басқармаға басшы қызметіне тағайындалды. Төрағаның орынбасары болған Мәди Жақыпов облыс әкіміне ақпан айында қызметтен босату жөнінде өтініш жазған екен. Ол Алматы қаласында фирма құрып, соған кетуге ниеті барын көрсеткен. Облыс әкімдігі М. Жақыповқа мамыр айына дейін қызмет етуді өтінген соң мамыр айының 4-іне дейін қызметте болды. Жетекші маман Индира Бөлекбаева отбасылық жағдайына байланысты «Нұр-Сұлтан қаласындағы әкесімен бірге тұратын болып, өз еркімен қызметтен босатылды. Құрылыс департаментіндегі бас маман Айбар Шаймардановты бір құрылыс компаниясы жұмысқа шақырды. Ол «Мамандығым бойынша тәжірибе жинақтаймын» деп өтінішін берді. Жұмыстан кеткен осы төрт қызметкерді өз істерін жақсы біледі деп бағалаймын. Дмитрий Землянушнов есімді маманымыз әйелінің орнына баласын қарау үшін бір жылға бала күтіміне байланысты демалыс алды. Тағы бір департаменттің директоры Дария Мұсабекова корпорацияда бір жыл қызмет етіп, енді еңбек жолын мемлекеттік қызмет саласында жалғастыру үшін жұмыстан шықты, – деді Әлімжан Имтахунұлы.
Ә. Тохтасунов басқарма төрағасы болған кезден бері 23 маманның 8-і қызметтерін атқаруда. Бас менеджер Тілеген Бекешов өнікті қызметі үшін шілде айында директордың орынбасары лауазымына жоғарылатылған. Әкімшілік, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, уақытша қызметте жүрген Мирфат Бисекенов іскер қызметкер ретінде тәукелдерді басқару менеджері болып тағайындалды. Жас маман Жамбыл Алдияров жақсы жұмыс істегені үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік департаментке директордың орынбасары болып бекітілді. Жалпы, корпорациядағы бес іскер маман жоғары қызметке көтерілген.
Төрағалық қызметке тағайындалғаннан кейін Ә. Тохтасунов облыс әкімінің келісімімен 26 наурызда тұрақтандыру қорының қаржы-қаражатына аудиторлық тексеріс жасатқан. Жұмыс тобын құрған кезде мекеменің бас есепшісі Айнагүл Жортабаева комиссияға қатысудан бас тартқан. Сондықтан қызметтік міндетін атқармағаны үшін тәртіптік жазаға тартылған.
– Тексеру жұмыстары барысында 7 қызметкердің қызмет бабында заң бұзғаны анықталды. Олар – басқарма төрғасының бірінші орынбасары Артур Досқалиев, стратегия департаментінің басшысы Тимур Исмағұлов, бас есепші, заңгер. Бірінші орынбасар өзі арыз жазып, «Сіздің талаптарыңызбен жұмыс істей алмаймын» деп өз еркімен қызметімен қоштасты. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызмет бағыттарының бірі – тұрақтандыру қорына тауар сатып алу. Сатып алынған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін халыққа ар-найы әлеуметтік дүкендерде қолжетімді бағаға ұсынылуы керек. Тексеріс барысында анықталғанындай, еттің орнына бағылымдағы сиыр сатып алынған. Бұл – бірінші заңбұзушылық. Мұндай құжатқа екі мәрте төраға емес, бірінші орынбасар қол қойған. Тұрақтандыру қорының тауарлары әлеуметтік дүкендерге уақытында шығарылып, сатылмаған. Бұл – екінші заңбұзушылық. Әлеуметтік дүкендерде сатылған тауарлардың ақшасы кері корпорацияның есепшотына түсуі тиіс. Бірақ іс жүзінде бұлай болмаған, ақша әуелі бір қызметкердің Каспий голд шотына түскен. Одан салық төленбеген, салық заңдылығы бұзылған. Осындай заңбұзушылықтарды бухгалтериядағылар білмеген. Бас есепші өз міндетін дұрыс атқармай, бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібі бұзылған. 2019 жылы тұрақтандыру қорына картоп сатып алынғанымен, ол сатылмаған. Оның орнына есеп айырысқанда 22 млн теңгеге терминал сатып алынған. Сол кездегі басқарма құрамындағы 5 адам өз міндеттеріне жүрдім-бардым қараған. Осындай заңбұзушылықтарға байланысты жауапты мамандар тәртіптік жазаға тартылды. Бұдан кейін бас есепші, төрағаның бірінші орынбасары, стратегия департаментінің директоры, бас менеджер қызметтерінен өздері кетті. Құрылыс департаментінің басшысы басшылықтың тапсырмаларын уақтылы орындамай,өз еркімен жұмыстан шықты. 12 қызметкердің мамандығы біліктілік талаптарына сай келмей өз еріктерімен жылы орындарын суытты. Тексеру комиссиясының қорытындысымен басқа құзырлы құрылымдар айналысуда, – деді Ә. Тохтасунов.
Төрағаның айтуынша, корпорацияға басқа өңірлерден бір де бір адамды қызметке қабылдамаған. Үш департаменттің басшылығына банктерде 12-13 жыл еңбек еткен қаржыгерлер қызметке шақырылған. Одан басқа мемлекеттік қызметте 6-7 жыл істеген қызметкерлер бос жұмыс орындарына конкурстық негізде қабылданған. Құрылыс департаментіне ауданда әкімнің орынбасары, құрылыс саласында біраз жыл еңбек еткен Қуаныш Шарафуддин басшылық жасауда. «Ұжымдағы білім-білігі мол, іскер, еңбекқор жас мамандарды өсіруге мән-маңыз береміз», – деді басқарма төрағасы.
Бұл қызметке келгеніне жеті ай болған жаңа басшы ұжымдағы әріптестерімен бірге өңірге инвестиция тарту бағытында жұмыстануда. «Бүгінде португалдық компаниямен құны 100 млн еуро болатын құс фабрикасын салуға «Агротоп» компаниясымен ынтымақтастық келісімге келді. Еліміздегі «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-мен, бірқатар халықаралық, республикалық қаржы институттарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Орал қаласында Жасыл қаржыландыру жобалық кеңсесін жүзеге асыру мақсатында «AIFC Green Finance Centre Ltd» жеке компаниямен келісімшарт жасалды.
Сөз соңында. Осы мақала жазу барысында «Жаңа төраға барлығын қызметтен қуып жатыр, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді» деп хабарласқан мекеменің бұрынғы мамандарына қайыра хабарластық. Олардың барлығы да аты-жөндерін айтып, өз ой-пікірлерін білдіруден бас тартты. Ал жетінші бетте осы мәселеге орай өткен брифингтің материалы беріліп отыр.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz