16.07.2024, 16:30
Оқылды: 119

Үкімет Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады

Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. Қазақстанда ЖИ дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тұжырымдама биылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы бойынша әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

pm-tsifra

Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

Экономистердің есептеулеріне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ні 14%-ға арттыруы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пәндерді 2 196 студент оқиды.

Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі мәдени және тілдік мұраны дамыту үшін заманауи үлкен тіл моделін (LLM) құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда бірнеше білім беру ұйымынан – Ақпараттық және есептеу технологиялары институтынан, Сәтбаев университетінен, Назарбаев университетінен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан және ҚазҰУ-дан консорциум құрылды. Мамандар шамамен 6 млрд сөз қолданысын жинады, жиынтықты шешімдер арқылы суперкомпьютерді қолдана отырып, LLM моделі үйретіліп жатыр.

Премьер-Министр жасанды интеллект құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік беретіні баса айтылды. Атап айтқанда, бірқатар өндірістік процестер, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады. Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар.

«2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуі тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану оны бизнес пен ғылыми ортада пайдалану мүмкіндігін қарастыру өте маңызды. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің алдына ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын жалға алу рәсімін жеңілдету міндеті қойылды.

Ғылым министрлігіне жыл соңына дейін KazLLM үшін деректер жинауды аяқтау тапсырылды — бірінші үлкен тілдік моделді сынақтан өткізу ІІІ тоқсанда жүргізілуі тиіс.

Олжас Бектенов National Center for AI базасында «жастарды тарту, адам капиталын дамыту және жасанды интеллект мәдениетін ілгерілету жөніндегі экожүйені» қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Цифрлық даму министрлігіне Ғылым, Оқу-ағарту, Еңбек министрліктерімен бірлесіп білім алушы мамандардың, өңірлік құзырет орталықтары мен бағдарламалау мектептерінің санын жыл сайын арттыру мақсатында бағдарламаны қалыптастыру міндеті бекітілді.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Әділет министрлігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале