20.02.2025, 12:15
Оқылды: 189

Кинотеатрға асығайық, ағайын!

Жуырда қазақ киноөндірісіндегі айшықты оқиға  –  «Болмаған балалық шақ» фильмінің  тұсаукесері  өтеді.  Фильм 27 ақпаннан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле бастайды. 

WhatsApp Image 2025-02-20 at 13.17.32

Бұл – танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің кейінгі жылдары бестселлерге айналған туындысы – «Болмаған балалық шақ» повесінің желісі бойынша түсірілген драмалық фильм. Шынайы оқиғаға негізделген повесть балалық шағынан ауыр тағдырдың сынағына түскен кейіпкердің өмірін суреттейді. Басты кейіпкер қиындықтар мен әділетсіздікке қарамастан, өз жолын табуға және адамдық қасиеттерін сақтауға тырысады. Фильмде «Болмаған балалық шақ» повесіндегі оқиғаларға негізделген сюжеттер көрініс тапқан. Оқиғаның шынайылығы мен кейіпкерлердің терең психологиялық бейнесі көрерменге үлкен әсер сыйлайды.

Айта кету керек, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы – қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып енген туындылардың бірі. Бүгінде кітап нағыз бестселлерге айналып, қалың оқырманға 40 000-нан астам данасы таралған. Қазақ әдебиетінде көркем шығарманың дәл осындай ауқымды көрсеткішпен таралуы – айрықша құбылыс. Сонымен қатар бұл повесть – жеке аутордан әлемдік Amazon платформасында және АҚШ-тағы танымал тарихи Barnes & Noble интернет-кітап дүкенінде, AppStore, Playmarket платформаларында сатылып жатқан тұңғыш кітап. Көп ұзамай аталған туындының аудионұсқасы әйгілі Audio-books платформасында жарық көреді. Кітаптың башқұрт тіліндегі нұсқасы Башқұртстан Республикасында жылдың үздік прозасы ретінде танылды. Сонымен қатар шығарма қырғыз, өзбек тілдеріне аударылуда. Осылайша «Болмаған балалық шақ» көркем әдеби туынды ретінде кең таралып, қалың оқырманның, оның ішінде Орта Азия кітапсүйерлерінің сүйікті кітабына айналды.

Шығарманың Қазақстанның үш бірдей театрында сахналанып, театр көрермендерінің де ыстық ықыласына бөленгенін айта кеткен жөн. Барлық театрларда әр қойылым аншлагпен өтті. Танымал ақынның шынайы өмірден алынған балалық шақ жайлы естеліктері әуелі көркем әдебиетке айналып, бестселлерлер қатарынан көрінсе, кейіннен театр туындысы ретінде өз көрерменін тапты. Ал бүгінде танымал шығарма экранизацияланып, отандық кино әлеміне сапарын бастады. Сүйікті шығармаларын театрдан көрген көзі қарақты көрермен «Болмаған балалық шақты» енді ел кинотеатрларынан тамашаламақ.

Қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып енген шығарманың кинодағы интерпретациясында елімізге танымал актерлер Ерлан Біләл, Берік Айтжанов, Әшім Ахметов пен жас актер Шәкәрім Алмасбек ойнайды. Алдағы уақытта аталмыш кинотуындыны әлемдік кинонарыққа, әсіресе, түрлі беделді кинофестивальдарға ұсыну жоспарлануда. Отандық киноның жаңа туындысын алғашқылардың бірі болып тамашалауға асығыңыз, қадірлі ағайын!

Мәрлен Мәлікұлы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале