24.07.2025, 16:00
Оқылды: 400

«Кітап әлемінің өз рахаты бар»

Осыдан  бірер  күн  бұрын  «Ұлы елдің  ұлы  мұрасы – таңдаулы  кітаптарда»  деген  атаумен Жұбан Молдағалиев  атындағы  облыстық  әмбебап  ғылыми  кітапханасында  «100  кітап»  ұлттық  сауалнамасын  қолдау  мақсатында  рухани  іс-шара  өтті.  Шараға  өңір  зиялылары,  кітапханашылар  мен  белсенді  жастар  қатысты.  Кездесуді «AMANAT» партиясы  облыстық  филиалы  атқарушы  хатшысының  орынбасары  Афиза  Семғалиева  ашты.  Басқосу барысында  сөз  алған  зиялы  қауым  өкілдері  мен  қоғам  белсенділері  кітап  оқу  мәдениеті,  отбасындағы  тәрбие,  ұлттық  рухты  сақтаудағы  кітаптың  орны  туралы  жүрекжарды  ойларымен  бөлісті. Төменде  спикерлердің  ой-пікірін  оқырман  назарына  ұсынуды  жөн  көрдік. 

DSC03416

Афиза Семғалиева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының  атқарушы хатшысының орынбасары:

– Сөздің шыны керек, бүгінде біз кітаптан алшақтап кеткен заманда өмір сүрудеміз. Әркімнің пайымы әртүрлі. Менің төрт кішкентай оқушым бар. Әр мейрам сайын – 8 наурыз, 7 мамыр сияқты күндерде балаларға сыйлық дайындаймыз. Осыдан бір жыл бұрын ата-аналар чатында: «Ер балаларға не сыйлаймыз?» деген сұрақ талқыға түсті.  Мен «Отбасы хрестоматиясы» атты кітап сериясын ұсындым. Өзім де сол жерден балаларыма жиі кітап алып беремін. Отандық ауторлардың шығармаларымен танысуға өте ыңғайлы. Бағасы да қолжетімді. «Осы кітаптарды сыйлыққа берейік. Әркім әртүрлі кітап алсын, кейін өзара алмастырып оқысын» деген ұсыныс жасадым. Алайда мені  27 ата-ананың тек үшеуі ғана қолдады. Қалғандары «ақша жинап, «копилка» немесе басқа зат алайық» деді. Талқылау екі-үш күнге созылды. Сол кезде менің жылағым келді. Өйткені бір ғана WhatsApp тобында кітаптың маңызын түсіндіре алмадық. Сол қолдаған үш ата-ананың екеуі маған жеке шығып, «Солардың дегені болсын. Копилка ала салайық» деді. Бірақ мен бұл күрестен бас тартпадым. Мұғалімімізге шығып, өз ұсынысымызды жеткіздік. Соңында дегенімізге жетіп, барлық оқушыға 27 кітап алып бердік. Алайда бұл жерде тағы бір мәселе туындады. Осы кітаптарды оқып, тәрбие сағатында балалар өзара пікір алмасса деген едік. Бірақ мектеп тарапынан «Тәрбие сағаттарының жоспарына сәйкес, оған әзірше уақыт жоқ» деген жауап алдық. Ата-ана ретінде де, қоғамның бір бөлшегі ретінде де бұл жағдай маған ауыр тиді. Неге кітап оқуға кедергілер көп? Неге бұл бағытта қолдау аз? Осы сұрақтар жанымды ауыртты.

Кейінгі толқыннан кітап оқуға деген сүйіспеншілік онша байқалмайды. Сондықтан кітапты насихаттайтын осындай жақсы бастамалар көбірек қолға алынса  екен  дейміз.

Бауыржан  Ғұбайдуллин, ҚР  Президенті  жанындағы Ұлттық  құрылтайдың  мүшесі, Қазақстан  Жазушылар  одағының Батыс  Қазақстан  облысындағы  өкілі:

– «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Қандай жағдайда да, қандай кезде де, басымызға қандай ауыртпалық түссе де, біз мемлекеттілікті сақтап қалуымыз керек» деген афоризмі бар. Шынында да, егер біз жөн сөзге құлақ аспай, қоғамдық-саяси ахуалды өзіміз күрделендіре берсек, мемлекеттіліктің өзі әлсірейді. Сондықтан отандастарымыздың, соның ішінде мемлекет құраушы қазақ халқының жөн сөзге тоқтайтын, парасатты, байыпты, ойлы ұлтқа айналуы аса маңызды. Бұл орайда кітаптың, көркем әдебиеттің  алар орны ерекше. Мемлекет басшысы бұрнағы жылы тарихи шаһар Түркістанда, былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Ел ішінде, халық арасында кітап оқу мәдениетін жандандыру өте маңызды» деп ерекше екпін түсіріп айтқан болатын. Бұл айтылған ой – бүгінгі ахуалдан, қазіргі заманның нақты сұранысынан туған сөз. Мен мұғалімдермен де, жастармен де жиі кездесіп тұрамын. Сол кездесулерде Американың әлеуметтанушылары жүргізген бір зерттеуді жиі айтамын. АҚШ әлеуметтанушылары (социологтары) біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізе келе қыз бала болсын, ұл бала болсын, егер  10 жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, демек ол баланың санасында ұрлық-қарлыққа бару, біреуге зорлық-зомбылық көрсету, қиянат жасау, яғни барлық жаман әдеттен сақтандыратын ішкі түйсік қалыптасады деген ұйғарымға келген. Бұл –ата-аналар мен педагогтер үшін ескеретін өте маңызды дерек. Мұғалімдермен кездесулерде олар «Бүкіл ақпаратты телефоннан алып отырамыз» деген уәж айтады. Ал физик-ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн «Ақпарат – білім емес» деп айтып кеткен. Ендеше, ақпарат пен білімнің арасы жер мен көктей екенін назарда ұстауымыз қажет. Балабақша басшыларымен сөйлескен кезде олар «Балаларға арналған қазақша әндер жоқ» дегенді жиі айтады. Шын мәнінде, әлгіндей әндер бар, бірақ оларға насихат жетіспейді. Мысалы, Ибрагим Нүсіпбаев деген тамаша балалар композиторы болды. Ол балдырғандарға арнап біраз ән жазған.

Мәселен, «Балдырған» журналында әр ай сайын бір ән мәтінімен және нотасымен бірге жарияланып тұрады. Өкінішке қарай, көптеген балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілері бұл журналды оқымайды. Сол себепті әлгіндей құнды материалдар бар екендігін, әрине, мүлдем білмейді. «Жүз кітап» тізімі жасалуы – өте құптарлық бастама. Бірақ бұл тізімді тек классикалық әдебиеттермен ғана шектеп қоюға болмайды. Мысалы, өмірден ерте өткен жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» деген керемет повесі бар. Қазақы әдеби ортада «Құланның ажалын» Лев Толстойдың әйгілі «Қапқаз тұтқынымен» («Кавказский пленник») қатар қоятын пікірлер де баршылық. Міне, осы «Құланның ажалы» сияқты құнды дүниелер таңдаулы тізімге енуі тиіс. Тағы бір атап өтетін жайт, осы уақытқа дейін жасалған таңдаулы әдеби шығармалар тізімінде балаларға арналған кітаптар жоқ. Бұл – үлкен кемшілік. Биылғы Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға осы мәселені айттым. Мысалы, бала кезімізде өзіміз сүйсініп оқыған жазушы Өтебай Тұманжановтың «Адам адамға дос» атты керемет кітабы болды. Бірақ өкінішке қарай, арада жарты ғасырдай уақыт өтсе де, аталмыш кітап әлі күнге дейін бірде-бір рет қайта басылып шыққан емес. Осындай кітаптарды неге 100 таңдаулы кітаптың қатарына енгізбеске? Жоғарыда атап өткен физик-ғалым Эйнштейннің «Адам баласының интеллектуалдық тұрғыдан жетілуі  дүниеге келгеннен бастап, соңғы демі шыққанға дейін жалғасуы керек» деген сөзі бар. Ал көркем әдебиетсіз адам баласының  да, тұтастай адамзат қоғамының  да  интеллектуалдық  тұрғыдан  кемелденуі  мүмкін бе?

Қазбек  Құттымұратұлы, «Егемен Қазақстан»  газетінің  БҚО-дағы меншікті  тілшісі:

– Өте маңызды мәселе көтеріліп отыр. Шыны керек, біздің жас кезімізді қазіргі уақытпен салыстыруға келмейді. Ауылда өскен біз үшін кітап – басты құндылық болды. Барлық ақпаратты, тәрбиені, тіпті қиял-армандарды да кітаптан алдық. Қазіргі заманның басты қиындығы – ұялы телефон. Бұл – шынында өте қиын дүние. Өзімнің алты балам бар. Кішкентай кездерінен бастап оларды кітаппен дос болуға тәрбиелеуге тырыстым. Жыл сайын «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» секілді басылымдарға жазыламыз. Бірақ, айтуға оңай болғанымен, жүзеге асыру қиын.  Өз тәжірибемде балаларым кітап оқысын деп әртүрлі әдіс-тәсіл қолдандым. Сыйлық беріп, оқыған әр кітабы үшін аздаған «еңбекақы» да төлеп жүрдім. Содан ертегі жаздырып, балаларымның арасында бәйге ұйымдастырдым. Ертегі жазу үшін, әрине, алдымен кітап оқу керек екенін олар өздері түсінді. Бұл үлкен нәтиже берді. Құдайға шүкір, балаларымның бәрі де кітап оқиды. Соның ішінде біреуі  күніне бір кітап оқитын дәрежеге жетті. Әр адамның талғамы әртүрлі.  Біреуге ұнаған кітап, екіншісіне қызық болмауы мүмкін. Мысалы, бұрын өзім сүйсініп оқыған Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» шығармасын балаларыма оқыта алмадым – оларды қызықтырмады. Өзім соңғы уақытта көркем әдебиеттен алыстап кеттім. Үйімдегі кітаптардың 99 пайызы – деректі әдебиеттер,  өлкетану, тарихқа қатысты. Балаларға арналған «Отбасы хрестоматиясы» деген керемет кітаптар сериясы бар. Онда ғылыми тұрғыда дәлелденген, өмірлік негізі бар дүниелер жазылған. Мысалы, «Бисен және болмыс» деген кітапты ерекше атап өткім келеді. Бұл кітап жастарға жақсы әсер етеді. Өйткені  күні кеше ғана арамызда жүрген тұлғаның өмірі, болмысы баяндалады. Өзбекәлі Жәнібеков туралы жазылған еңбектер де жастарға шабыт береді.  Әр әулеттің, әр адамның өз құндылығы бар. «Жүз кітап» деген – өте жақсы идея. Бірақ әр оқырманның талғамына да назар аудару керек. Қазақ – кітапты қадірлеген көп оқитын халық. Қазір бұл үрдіс қайта қалыптасып келеді. Кітап әлемінің өз рахаты, өз ләззаты бар. Осы  әлемнен  ажырамайық!

Қуандық Мәдір, ҚР Суретшілер және Еуразиялық  Дизайнерлер одағының мүшесі, «AMANAT» партиясы  облыстық филиалы жанындағы  азаматтық  қоғам мен мәдениетті  дамыту  жөніндегі «Miras» кеңесінің  төрағасы:

–  Менің түсінігімде кітап оқу – отбасындағы тәрбиеге тікелей байланысты. Ата-анаң кітапқа жақын болса, сен де кітапқа жақын боласың.  Алғаш оқыған кітабым – Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» атты романы. Бұл кітап 1978 жылы жарық көрген еді. «Оян, Тұрар!» деп басталатын алғашқы беттерімен-ақ қызықтырып әкетті. Кеңестік кезеңде барлық отбасы кітапқа жақын болатын. Шопандардың өзі етігінің қонышына «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын тығып жүріп оқитын. Тамақ ішіп отырып, әке-шешем кітаптар мен мақалаларды талқылайтын. Ән-күйге жақын болуымызға да ата-анамыз ықпал етті. Үйде «Қазақ күйлерінің антологиясы» деген пластинка болды. Құрманғазы мен Дина шешеміздің шертпе, төкпе күйлерін тыңдап өстік. Ол уақытта мұндай дүние кез келген үйде бола бермейтін. «Қызыл жебе» кітабының жалғасын асыға күтіп, іздеп жүріп оқитынбыз. Тұрар Рысқұловтың өмірбаяны толық қамтылған бұл шығарма менің дипломдық жұмысымның тақырыбына айналды. Сол тақырыпқа байланысты салған картинам халық суретшілерінің бағасын алып, жақында мерейтойлық көрмеге ілінбек. Оралхан Бөкейдің шығармаларын көп оқыдым. Қазақтың ақын-жазушылары өте көп қой. Жұмекен Нәжімеденов туған топырақта мен де дүниеге келгенмін.  Бұны мақтан етіп, Жұмекеннің өлеңдерін оқып өстік. Одан бөлек, Фариза апайдың, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жата-жастана оқитынбыз. 1990 жылы Ғайсағали Сейтақтың «Маңдай» атты көк мұқабалы алғашқы жыр жинағы шықты. Оны кітап дүкенінен сатып алған едім. Сол кезде Ғайсекеңді танимыз, ақын ретінде көріп жүрген адамымыздың кітабы сөреге қойылғанда, қатты қуанып, таңқалдық. Ол кітап әлі күнге дейін сақтаулы. Сол жинақтағы «Жаңбырдан соң», «Ақ Жайықтың қыздары» деген өлеңдеріне ән де жаздым. Осындай өлеңдерді оқыған кезде жүрекке әсер етіп, санада терең із қалдырады. Жастар кітап оқымайды деп айта алмаймын. Екі қызым – екеуі де тұрмыста, екеуі де кітап оқуға бейім. Олар көбіне психология мен экономика саласындағы әдебиеттерді оқиды. Қолдарынан тастамай, тіпті тамақ дайындап жүріп те оқиды. Бұл да қажетті нәрсе. Өз басым әлі күнге дейін аудиокітаптарды қабылдай алмаймын. Кітапты қолыңа алып, иісін сезініп, парақтап отырып оқу ғанибет қой.  Ұлтты ұлт ететін – тілі мен кітабы. Сондықтан кітапқа деген құрмет әр  отбасыдан  басталуы  керек.

Гүлнар Жәрдемқызы, қоғам  белсендісі:

– Тақырып өте ауқымды. Ұлттың асыл мұрасының бәрі – осы кітапта. Өзім отырған Жұбан кітапханасының осы оқу залына алғаш рет 1977 жылы, 16 жасымда именіп кіріп едім. Содан бері кітапханамен байланысымды үзген емеспін. Ай сайын кемінде төрт кітап алып оқимын. Кітап оқымасам, бірнәрсе жетіспей тұрғандай күй кешемін. Кітапханашылардан «Жаңадан шығып жатқан жас ақын-жазушылардың кітаптары бар ма?» деп жиі сұрап отырамын. Бұрынғылардың біразын оқып тастағанмын. Кітап оқыған адам ешқашан адаспайды. Төртінші сыныптан бастап Қадыр Мырза Әлидің «Күміс қоңырау» атты кітабын оқыдым. Ата-анам мектепте мұғалім болған. Ол кезде ата-анаға қарсы келу деген жоқ қой. Бірақ мен төртінші сыныпта:

– «Бізге қашан көңіл бөлесіңдер? Шаршап келесіңдер де, бізбен шаруаларың болмайды. Сұхбаттаспаймыз ба?» деп ата-анама қарсы сұрақ қойыппын. Олар: «Басқалар үндемейді, сенікі не? Білімің ішіңе сыймай бара ма?» деді. Шынында да, оқыған нәрселерім көп болғандықтан, ата-анаммен ой бөліскім келетін.  Әкемнің талабы бойынша тарих факультетіне түстім. Осы кітаптың арқасында өз ойымды ауызша да, жазбаша да еркін жеткізе аламын.  Арасында өлең де жазамын. Сөздік қор мен тіл байлығын арттырам десеңіздер, кітап оқыңыздар. Сонда кез келген тақырыпта еркін сөйлей аласыздар. Біраз телехабарға шықтым, 40 минуттық тікелей эфирге де қатыстым. Бұл – кітапты көп оқығанның нәтижесі.  Кітапты кітапханадан алып, үйде оқимын. «Бүгінгі балалар кітап оқымайды» деген пікірмен толықтай келісе алмаймын. Үлкен жиындарға барғанда жастардың төгіліп, шешен сөйлейтінін көріп, таңғаламын. Демек әлі де үміт бар. Оларға мүмкіндік берейік. Бірде бес жасар немерем: «Әже, сенің туған күніңде былтыр кітапханадан қыздар келді. Шаштарын өрген, әдемі киінген. Саған күшті кітап сыйлады. Мен де сенімен бірге кітап алып оқып жүрмін. Олар маған неге сыйлық бермейді?» дейді. Мен болсам «Сен кітапханаға енді ғана барып жүрсің. Ал мен бірнеше жылдан бері барамын ғой» деп түсіндіремін. Сол немеремді қазір үйдің жанындағы кітапханаға апарып жүрмін. Әріп танымаса да, суреттерге қарап сөйлеседі. Биыл балабақшамен қоштасып, мектепке барады. Ал үш жасар екінші немерем бір күні маған:

– Әже, менің басымда идея толып тұр, – дейді.

– Идея деген не? – десем,

– Бұл – ой, – деді.

– Қандай ой? – десем,

– Әкем маған он машина сыйлады ғой. Соған гараж салайық, – дейді. Мұның бәрі – немерелеріме кітап оқып бергенімнің, оқығанымды айтып отыратынымның ұшқындары деп ойлаймын. Негізі, баланы кішкентайынан кітапқа баулып  өсірсеңіз, ұтылмайтыныңыз ақиқат.

Тоқтар  Кенжеғалиев, «Жайық пресс» ЖШС директорының кеңесшісі:

– Неміс философы Фридрих Ницшенің «Мәдениет мәжбүрлеуден басталады» деген сөзі бар. Адамзаттың алғашқы қауымдық санасын дамытып, жаман әдеттерден жақсы әдеттерге өтуі де осы мәжбүрлеу арқылы жүзеге асқан.

Менің ойымша, кейде мәдениетті қалыптастыру үшін мәжбүрлеу қажет. Әр бала әртүрлі, біреуі әдебиетке жақын болса, екіншісі техникаға бейім болуы мүмкін.  Бүгінде көпшілігіміз интернет пен әлеуметтік желілерге тәуелдіміз.  Оның себебі – кеңес дәуірінде ақпараттық вакуумде болдық. Ал батыста бұл технологиялар көп бұрын пайда болып, дамыды. Бұл – уақытша процесс әрі ол алдағы уақытта  өзгереді.  Мысалы, Жапонияда кітап оқу мәдениеті аса жоғары деңгейде қалыптасқан. Әрбір үйде міндетті түрде кітап тұрады. Тіпті оқымаса да, олар кітаптың шаңын сүртіп, құрметпен қарайды. Осылайша, олар кітапты құрметтейтін және оқитын ұлтқа айналды. Кітап бизнесі әлемдік нарықта былтыр 150 миллиард доллар көлемінде болды. Біз өзіміздің өлшемімізбен қарап, «жастар кітап оқымайды» дейміз.  Бірақ әлемде кітапқа деген сұраныс жоғары. Бұл үрдіс бізге де жайлап енуде. Сондықтан кітап оқуға деген ынта-ықыласты  арттыру  –  заман  талабы.

Бейімбет Дүйсенәлі, «Kitapal.oral» дүкенінің басшысы:

– Интернетте шексіз ақпарат бар, алайда кітаптың орны бөлек деген ойдамын. Мен педагогикалық колледжде оқыған кезімде осы Жұбан  кітапханасының тұрақты оқырманы болдым. Отыз жасымда өзімнің кітап дүкенімді аштым. Негізгі мақсатым – кітап сатуды ұрпағыма ата кәсіп ретінде қалдыру. Менің алты перзентім бар, олардың әрқайсысының өз арманы мен мақсаты болар. Сол себепті кітап саласында қолымнан келгенше еңбектенсем деп ойладым. Балаларымның біреуі осы кәсіпті жалғастырар деген үміттемін. Түркияда алты ай оқығанымда осы кәсіп идеясын нақты түсініп, жоспарлауға мүмкіндік алдым. Қазір екі кітап сататын дүкеніміз бар. Бизнестен бөлек, әр оқырманға кітап оқуға ыңғайлы жағдай жасап отырмыз. Мысалы, кітапты сатып алмай-ақ, керек ақпаратты оқып, жазып алуға мүмкіндік жасадық.

Бұрын екі бөлмелі еді, қазір оған подкаст пен видео түсіруге арналған тағы бір бөлме жалғап жатырмыз. Бүгінгі маркетингтің дамуы нәтижесінде жақсы жарнамаланған кітаптар сұранысқа ие. Қазір көпшілігі кітапты сыйлыққа алады. Бүгін кейбір кітапты алғаш рет естіп отырмын. Мұндай кітаптардың танымалдығын арттыру үшін жарнамасын жүйелі  жолға  қою  қажет  деп  ойлаймын.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале