18.08.2022, 9:00
Оқылды: 184

Кітап және кітап оқушылар

«Әпекеме сәлем бере кетейін деп жұмыстан соң жолшыбай үйіне соқпаймын ба. Бір қалада тұрсақ та,  әне-міне деп жүріп жиі дидарласа алмай қалатынымыз бар тірлікте. Апам қуанып қалды.  Шайын қойып,  барын алдыма тосып дегендей, шүйіркелесіп, көңіл жайлана бастаған. Түпкі бөлмеден 14 жасар жиенім шықты.«Әпекеме сәлем бере кетейін деп жұмыстан соң жолшыбай үйіне соқпаймын ба. Бір қалада тұрсақ та,  әне-міне деп жүріп жиі дидарласа алмай қалатынымыз бар тірлікте. Апам қуанып қалды.  Шайын қойып,  барын алдыма тосып дегендей, шүйіркелесіп, көңіл жайлана бастаған. Түпкі бөлмеден 14 жасар жиенім шықты.

2c38529ed321551605d33e3321e58299

Фото: El.kz

– Оқыдың ба кітабыңды, - деді  анасы  баласына талапшыл түрмен.

– Оқыдым ғой... Оқып жатырмын, – деді ұл  самарқаулау кейіпте.

– Неше бет оқыдың? - дейді әпекем.

–  56 бет оқыдым...

– Жарайсың! Бүгін жаман емес,  бірақ сен ол кітапты он күнде бітіру үшін күніне 67 беттен оқуың керек, - дейді шешесі.

– Иә,  оқып жатырмын... Оқимын ғой, – деп бұлданады жиенім басы салбырап.   Естіп отырып, қарапайым жүрегім айныды. Біз кітаптың бетін санамай оқитынбыз.  Қызығып оқитынбыз өзіміз қалаған кітапты. Бұлайша мәжбүрлеп оқыту дегеніңіз қорлық,  зорлық сияқты көрінеді екен. Оқу бола ма бет санап отырып?  Заман басқа, ағым бөлек дегенмен, кітаптың алар орны ерек қой адам өмірінде. Оны ойсыратуға болмайды. Бірақ, қалай? Қалай түсіндіреміз соны, құмартып, құштарланып, дәмін алып оқуға  қалай үйретеміз балаларымызды? Жиенімнің мектебінде үлкен кітапхана және мыңдаған кітап бар екен. Оқу залында балалар отырып оқысын деп қаз-қатар үстел, орындық қойыпты. Сонда оқымайды. Оқығылары келмейді. Неге?

«Оқуға осындай жағдай  жасап қоятын ел болады» де­се, біз, шетелде туып-өсіп жатқандар,  сене алмаған болар едік.

2003 жылы,  менің бозбала кезімде,  атамекенімізге Қытайдан көшіп келдік.  Ауыл балаларымыз ғой. Жақсы кітапты бір-бірімізден сұрап, алмастырып,  таласып жүріп оқушы едік.   Кейін  орталау мектепті бітірген соң колледжге түсіп, Құлжа қаласына келдім. Сонда жексенбі күні кітапхана жұмыс істейді екен. Кітапхана дегенді  бірінші рет көріп,  есім кетті. Кітаптан көз тұнады. Бірақ орындық,  үстел деген атымен жоқ. Себебі  кірген адамға кітапты іште оқу – тегін,  ал  алып кететін болса,  ақысын төлейді. Кітап саудасы жүруі үшін, орындық қоймай,   әдейі осылай ұйымдастырып қойған. Жақсы кітапты бастаған соң,  тастай аласың ба? Сатып ала қоюға, тамақ ішуіме керек азғантай ақшамды қимаймын. Кітапты тағы оқығың келеді. Сөйтіп, әлгі кітапханаға жексенбі күні таңертең ертемен барамын да, қабырғаға сүйеніп түрегеліп тұрып оқуға кірісемін. Аяғым сыздап, тала бастағанда судың шетінде шығып тұрған қаздар құсап, салмағымды бір аяққа салып, екіншісін көтеріп  демалдырып алуға машықтандым. Осылайша, екі елідей кітапты ертеден кешке де­йін түрегеліп тұрып оқып, бітіріп,  сөреге қойып шығып кететін  болдым.

Екі аяқта белден төмен қарай жан жоқ,  бірақ көңіл керемет. Айналаны ұмытып, елтіп оқып шыққан кітаптың ішіндегі  оқиғалар кино сияқты көз алдымнан тізбектеліп,  мәз болып үйге қайтып келе жатамын. Сол кезім есіме түсіп қой, апама: «Оның несіне қуанасың? Бетті санап отырып оқыған  оқыған бола ма? – деп   бұрқ ете қалғаным. Бауырым іштей ренжісе,  ренжіген де шығар... Бірақ мен апам қуанған «59 бетке» бә­рібір  қуана алмадым», –  деген әңгіме бастады  пойызда жолаушылап бірге келе жатқан  жасы 40-тар шамасындағы азамат.

Соны күтіп отырғандай,  купедегі қалған үшеуміз ортақ тақырыпты іліп алып,  кітап оқудың қызықтары,  бүгінгі балалардың ол қызықтан мақрұм қалып бара жатқаны, тіл байлығының жұтап, сауаттылықтың жоғалып бара жатқанының бір ұштығы сонда екені туралы пікір жарыстырып,  біраз жол қысқартыстық.

Бала кезімізге сапарлап,  оқыған кітабынан аузымыздың суын құрыта үзінділер айтып отырып, ең қызық жеріне келгенде  «әрі қарай өздерің оқып алыңдар, кітапханада бар» деп  әңгімесін доғара салатын, сабақта оқушыларды тақтаға бір-бірлеп шығарып, кәдімгі  ана тілі, әдебиет хрестоматиясында өтіп жатқан тақырыпты, кейінірек әдеби кітап, пьесаларды дауыстатып, мәнерле­тіп оқытып қоятын  және оны өз пікірімен бағалап беретін ұстаздарымызды еске алыстық.

Мектепке бармай тұрып, сыртында «Тетрадь для рисования» деген жазуы бар, қатырма бетті үлкен дәптерге сия қарындашпен алғаш әріптерді айбақ-сайбақ  жазғызып, алдыңғы апа-ағаларыңнан қалған  сырты кірлеу, шеттері жымырық болғанмен, іші тап-таза «Әліппенің» беттерін  бір-бірлеп ашып, бармақпен шұқып отырып  әріп үйреткен  ата-әжелердің арқасында мектепке бармай тұрып кітап оқып кеткеніміз бүгінгі «заманауи педагогикаға»  түсініксіз болатын шығар, әрине.

Мүмкін, тіпті «ғылыми жағынан ол қате»  деп,  дәлелдеп шығуға тырысатын «оқымыстылар» да табылар. Бірақ сол – сабақ  кестесінде тек қана  әліппе, арифметика, де­не тәрбиесі, сурет, өлең деген  сабақтар ғана кезектесіп келе беретін   бірінші  жартыжылдық,  әліппемен қоштасуда ата-әжелеріміздің алдында кітап оқып беріп,  танауларымыз делдиіп мақтанып тұрған кезіміз  жадымызда жазылып қалыпты. Екі кітап, екі дәптер ғана салынған сөмкеміз де жеп-жеңіл болатын. Екінші жартыжылдықтың басында ана тілі кітабы қолымызға тигендегі қуаныш та күні кешегідей есімізде.

Білім әлеміне баспалдақтар осылай басталған да, біртіндеп үйіріп әкеткентін. Кітап оқу салт болатын.  Сөйтіп өсіп жетілген, әдебиет атты  айдынға еркін бас қойған елдің ұрпақтарында кітап деген қазынаға ұмтылыс бүгінгідей кеміп кетеді деп кім ойлаған? Көз қылып, мұғалім тапсырма берген соң ғана  амалсыздан оқыған деген – кітапты қорлаудың бір түрі емес пе? Қандай киноң да,  теле, YouTube, тик-ток хабарың да кітаптың бергенін бере алмайды. Өз-өзіңмен оңаша қалып,  кітаппен сырласудың әсері бөлек. «Жан азығы» деп не үшін айтты дейсіз бізден  бұрынғылар.

... Тағы бір оқу жылы таяды. Кітап оқуға онша құмар емес оқушылар мектепке барады. «Кітапқа құштар»  мектепке... Мектеп емес, оқушылардың өздері құштар болса ғой сол кітапқа. Түрегеліп тұрып емес, ең болмағанда  дайын  орындыққа отырып, бір-екі сағат болса да қадалып оқитын балалар табылар ма екен болашақта?! Әлде ұялы телефонға қадалудан әрі аса алмай,  осы қалғандары қалған ба? Шыңырау құдықтың түбінде отырып,  шалшықтан су ішкенмен бірдей дүние ғой ол дегеніңіз. Қайтіп түсіндіреміз? Түсіндіре аламыз ба? Әңгіме сонда.

 

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале