Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармонияда ҚР Мәдениет саласының үздігі, кітапхана ісінің шебері Роза Исатаеваның 70 жас мерейтойына арналған «Мамандығын аялаған жан» атты салтанатты кеш өтті. Рухани мәні терең, тағылымы мол бұл жиын ел мәдениетіне адал қызмет еткен ардақты жанның еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айғағындай болды. Фойеде ұйымдастырылған «Кітапты кие тұтқан…» атты кітап көрмесі мен Роза Жақияқызының өмір жолынан сыр шертетін бейнебаян кеш мазмұнын тереңдете түсті.

Жүргізушінің жүрекжарды лебізінен кейін, көпшіліктің ыстық ықыласымен Роза Жақияқызы сахна төріне шақырылып, жиналған қауым гүл шоқтарымен қарсы алды. Жарты ғасырға жуық уақытын кітапхана саласына арнап, мәдениет пен руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер маманға көрсетілген құрмет залдағы әрбір жанның шынайы ықыласын аңғартты.
Кеш барысында құттықтау сөз облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиевке берілді. Ол өз сөзінде Роза Жақияқызының кәсіби білік-тілігін, адами болмысын, мәдениет саласындағы сүбелі еңбегін ерекше атап өтті.
– Роза Жақияқызы – бар саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған, оқырман мен кітаптың арасын жалғаған руханияттың шынайы жанашыры. Ол жаңа басылымдардың ел ішіне кеңінен таралуына ұйытқы болып, Мемлекет басшысы алға қойған «оқитын ұлт» қалыптастыру идеясының нақты жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлтқа, қоғамға қалтқысыз қызмет еткен мұндай тұлғалардың еңбегін ұлықтау – бүгінгі буынның азаматтық борышы. Роза Жақияқызы республика көлемінде модельді кітапханалар жүйесінің қалыптасуына, ауыл кітапханаларының еңсесін тіктеуге, облыстық кітапханалардың заман талабына сай дамуына айрықша ықпал еткен тұлға. Асыл еңбегіңіз ел алдында лайықты бағаланып, жұртыңыздың шынайы құрметі мен ыстық ықыласына бөлене беріңіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деген Қуанышбек Жанболатұлы кеш иесіне басқарма атынан құттықтау хат пен ықылас гүлін табыстады.
Кеш қонақтары кейіпкердің туған жері, балалық шағы, қалыптасу жолына кеңінен тоқталып, Тайпақ өңірінің топырағынан түлеп-ұшқан қазақы болмысы мен қайсар мінезінің бүгінгі тұлғалық келбетіне негіз болғанын тебірене жеткізді. Роза Жақияқызы да өз кезегінде өмір жолы, еңбекке деген адалдық, мамандыққа деген сүйіспеншілік туралы ой бөлісті.
– Меніңше, адам ең бастысы таңдаған мамандығына адал болуы керек. Адалдықтың өзегінде төзім мен сабыр жатыр. Әсіресе кітапхана ісінде төзімділік – ауадай қажет қасиет. Өйткені кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол – адам тағдырлары тоғысатын орта. Мұнда күн сайын жасы да, мінезі де, талғамы да әртүрлі оқырман келеді. Әрқайсысының іздегенін тауып беру – кітапханашының кәсіби әрі адами міндеті. Адам үнемі ізденісте болуы керек, бүгін кешегіден сәл болса да биік тұруы тиіс. Сонда ғана еңбек нәтижелі болады. Қырық жылдан астам еңбек жолымда түйгенім – жасап жүрген ісіңнің қызығы мен қиындығына бірдей төзе білсең, маңдай теріңнің өтеуі де болады. Ең бастысы, кітапханаға келген әр оқырман рухани олжамен қайтуы керек, – деді Роза Жақияқызы.
Кешке арнайы шақырылған ел ағалары мен қоғам қайраткерлері – «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» ҚБ төрағасы Лавр Хайретдинов, сондай-ақ «Ақжайықтың асыл арулары клубы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Роза Көжекова, кітапхана ісінің ардагері, педагог Ирина Коленко жылы лебіздерін білдіріп, Роза Жақияқызының шәкірт тәрбиелеудегі, кәсіби орта қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Мерекелік кеш ән мен әуенге де бай болды. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның өнерпаздары орындаған «Жас дәурен», «Сағындым ауылымды» сынды әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық кітапхана дайындаған Роза Жақияқызының өмірі мен еңбек жолына арналған «Мамандығын аялаған жан» кітабының тұсаукесері болды. Кітап лентасын қию рәсіміне сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алаш халықаралық әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлиева мазмұнды пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ кеш барысында ғалымдар, жазушылар, журналистер, мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары, аудан-қала өкілдері сахна төріне көтеріліп, жүрекжарды құттықтауларын жеткізді. Бұл – бір адамның ғұмыры арқылы тұтас бір мәдени ортаның, бір дәуірдің келбеті көрінген сәт еді.
Кеш соңында Роза Жақияқызы көпшілікке алғысын білдіріп, мамандыққа адалдық пен адамгершілік құндылықтар туралы ой түйіндеді.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»