25.02.2025, 11:30
Оқылды: 300

Кітапхана білім мекені  

Ұлттық әдебиетіміздің үздік туындыларын жас ұрпаққа оқытып насихаттау, әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын жоғарылату — маңызды іс. Қазіргі таңда жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі – кітапхана. Осы түсінікті жұмысының қағидасы еткен — №19 ЖОББМ кітапхана меңгерушісі Мәрзия Кубашева мектеп оқушыларының кітап пен кітапханаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мектеп кітапханасынан тыс Орал қалалық кітапханасында өтетін алуан түрлі әдеби, мәдени-көпшілік шараларға қатысуын ұйымдастырып тұрады.

WhatsApp Image 2025-02-25 at 12.09.33 

Атап айтсақ, биыл қазақтың атақты классик ақыны, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл толуына орай Орал қалалық кітапханасында сөз сүлейінің «Ғибратнама» кітабын талдау өтті. Мәрзия Мейрамғалиқызының мұрындық болуымен қаламгердің ғибратты шағын əңгімелерін талдауға №19 ЖОББМ 9-сынып оқушылары келді. Оқырмандар алдымен ақынның шығармашылық жолын еске түсіріп, арнайы бейнематериалды тамашалады. Әрі қарай «Ғибратнама» жинағынан «Төрткүл дүние», «Құбыжық», «Айырмашылық», «Сіз қалай ұйықтайсыз?», «Уайым мен Үміт», «Биалай мен қолғап», «Ұршық» және «Тығын мен Спирт» әңгімелерінің астарына бойлап, автордың айтқысы келген ғибратын анықтап, ой түйді. Жасөспірімдер талдау барысында шығармалардың көлемі шағын болғанмен, бірнеше кітаптық әңгімелермен парапар екеніне, онда нақыл сөздер мен қысқа түйіндер көп екеніне көз жеткізді. Сонымен қатар, кемеңгер ақынның нақыл сөздерінен бейнеролик қарап, кітап көрмесімен танысты. Шара «Ғибратнама» — адамның рухани жандүниесін байытып, таным көкжиегін кеңейтетін өміршең шығарма деп қортындыланды.

WhatsApp Image 2025-02-25 at 12.09.34

Артынша мектептің 3-сынып оқушылары «Қадыр әлеміне» әдеби саяхат жасауға келді. Кішкентай оқырмандарға Қадыр Ғинаятұлының балалық шағы, оның балалар әдебиетіне қосқан қомақты үлесі, еңбек жолы әңгімеленді. Балалар ақынның жатқа білетін өлеңдерін оқып, сонымен қатар жан-жануарлар туралы өлеңдерін рөлге бөлініп оқыды. Қадыр ақын қазақ оқырмандарын әлем халықтарының жұмбақтарымен таныстырған аудармашы. Ол жүзден астам ұлттың жұмбақтарын жинап, аударған. Осы орайда балалар жұмбақтарын шешіп, ақынның қаламынан шыққан жаңылтпаштарды мүдірмей оқудан жарысты. Қаламгердің жарқын бейнесін жас оқырмандардың жадында сақтау мақсатында ақынның портретінен пазл құрастырды.  Дәуірдің дарабоз ақынының ғажайып әлеміне жасаған әдеби саяхат халықтың зор сүйіспеншілігіне бөленген «Атамекен» әнімен тәмамдалды.

Немістің атақты қылқалам шебері Карл Лёрхинг «Кітапсыз ғұмыр ертегісіз балалық, махаббатсыз жастық, еткіндікті білмеген қарттық» деген екен. Жас өрендерді кітап әлеміне жетелеп, әдебиетті сүюге баулып жүрген Кубашева Мәрзия Мейрамғалиқызына және №19 орта мектептің ұстаздарына ризашылығымызды білдіреміз. Ұлтымыздың әдеби мұрасы ұрпақтан ұрпаққа ұстаздар арқылы жол тартады. Ендеше мектеп-кітапхана-мектеп байланысы ешқашан үзілмесін.

Гүлнұр Алғазы,

Орал қалалық кітапхана   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале