18.03.2025, 11:30
Оқылды: 36

Кітапханадағы қазақша QUIZ

Жуырда Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен бөлім қызметкерлері арасында «Тарих және дәстүр» атты қазақша QUIZ зияткерлік ойыны өтті. Интеллектуалды сайыстың  басты мақсаты –  қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек тану, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ Наурыз мерекесін кеңінен дәріптеп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

WhatsApp Image 2025-03-17 at 09.41.41

Шараға Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов қатысып,  қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.

– Бүгінгі шараның маңызы зор. Жыл сайын Президентіміздің тапсырмасымен онкүндік наурызнама өткізіледі. Биыл да іс-шаралар легі бастау алды. Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні баршаңызға жаңа үміт, жаңа табыс әкелсін. Тілектеріңіз қабыл болып, аман-есен тойдан тойға жете беріңіздер! – деді ол.

Зияткерлік сайысқа барлығы төрт команда қатысты. Ойын жеті бағыт бойынша ұйымдастырылды. Сұрақтар қазақ халқының тарихы, ұлттық құндылықтары, белгілі тұлғалары, музыка, кино және логикаға негізделген тақырыптарды қамтыды. Әрбір сұраққа белгілі бір уақыт беріліп, қатысушылар жылдам ойлап, дұрыс шешім қабылдауы тиіс болды. Кейбір кезеңдерде жауап нұсқалары ұсынылса, кейбірінде қатысушылар өз білімдеріне сүйеніп, нақты жауап беруі қажет болды. Сондай-ақ ойын барысында ұлттық әндер мен фильмдерден үзінділер ұсынылып, олардың атауын табу тапсырмасы берілді.

Қатысушылар білімімен ғана емес, жылдамдығы мен тапқырлығын да сынады. Ойынның соңғы кезеңінде қатысушылар жинаған ұпайларын бәске тігіп, тәуекел ете отырып, жеңіске жетуге тырысты.

Қорытынды бөлімде Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхана директорының орынбасары Ұрқия Кенжебайқызы сөз сөйлеп, белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс білдірді. Ойын жеңімпаздары мен қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.

Осындай танымдық іс-шаралар қазақ мәдениеті мен тарихын жаңғыртуға, ұлттық сананы қалыптастыруға және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға өз септігін тигізеді. Бұл – келешек ұрпаққа рухани азық беретін, өткен тарихтан сыр шертетін  игі бастамалардың бірі.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале