«Болжам.Шешім.Тренд» атауымен Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында BIBLIO-хакатон өтті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Ақмарал Лұқпанова аталмыш іс-шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыс айтты.
– Қазіргі кезде кітапханаларға жаңа технологиялар жүйесі енгізілуде. Өңірдегі 17 кітапханада түрлі коворкинг, комьюнити-орталықтары жұмыс істейді. Осы орталықтарда оқырмандарға ақпараттық технологиялар арқылы кітап оқуға мүмкіндік бар. BIBLIO-хакатонды жиі өткізу арқылы кітапханашылар жаңа технологиялармен жұмыс істеуге бейімделеді, – деді Ақмарал Оразқызы.
Форумға қалалық және аудандық балалар кітапханаларының мамандары қатысты. Алдымен олар топқа бөлініп, өздерін жеке-жеке таныстырды. Казталов ауданы Қараоба ауылдық кітапханасының қызметкері Саида Темірболатованың осы салада жүргеніне 3 жылға жуықтапты.
– Кітапханашының мақсаты – оқырман ізденісінің артуына, интеллектуалдық деңгейінің жоғарылауына жағдай жасау. Ол үшін біздей жас мамандар жаңа дүниелерді игеруге талпынуы қажет. Бүгінгі семинар-тренингке қатысушылар кітапханашылармен тәжірибе бөліседі, – дейді жас маман Саида Есенкелдіқызы.
Арнайы шақырылған SMM маманы, кітапхана волонтері Гауһар Өмірзаққызы қатысушыларға «Мобилография. SMM-технологиялары» тақырыбында дәріс оқыды. Одан әрі «Менің әлемім кітапта» әдеби баттл, «Кітап дарабозы» зияткерлік сайысы және «Кітапханашының іскерлігі» атты тренингпен жалғасты. Жиын соңында барлық қатысушыға сертификат табысталды.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»