22.10.2024, 16:45
Оқылды: 94

«Кітапханашы – нағыз еңбек адамы» – Ганди Ізтұрғанқызы

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тарихи шаһар Түркістанда, ал биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында жастарды кітап оқуға баулу, кітапхана ісін жан-жақты дамыту, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу қажеттігін екпін түсіріп айтты. Осы тұста жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен –  кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі ойға оралады. Ендеше, кітапхана – рухани қазына ошағы болса, ал кітапханашы – оның шырақшысы.

ганди

Кітапханашылар күні қарсаңында «Орал  қалалық кітапханалар жүйесі» КММ басшысы  Ганди Ізтұрғанқызымен әңгімеміз де осы  төңіректе өрбіді.

Ганди Ізтұрғанқызы 362 әулиенің мекені – Маңғыстау өңірінде, көпбалалы отбасында туып-өскен. Атырау қаласындағы Гурьев педагогикалық институтының 1988 жылғы түлегі. Қос бірдей жоғары білімі бар, алғашқысы ұстаздық болса, кейін жергілікті өзін-өзі басқару мамандығын да меңгерген. Еңбек жолын Казталов ауданында бастап, тоқсаныншы жылдардың соңында Орал қаласына қоныс аударады. Әуелі орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелесе, кейін мемлекеттік қызметте өзін жауапты да білгір маман ретінде танытқан. Әр жылдары Орал қалалық білім беру, сондай-ақ мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде әдіскер, бас маман, сектор меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған.

Жалпы мемлекеттік қызметте 15 жылға жуық уақыт еңбек етті. Ол 2012 жылы өңірімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған алғашқы дағдарыс орталығын ашу ісінің басы-қасынан табылып, бастан-аяқ ұйымдастыру жұмыстарына атсалысты. Жеті жылдан аса уақыт осы орталықты басқарып, талай қолдау-көмекке зәру нәзікжандыға жәрдемдесті. Осыдан төрт жыл бұрын Орал қалалық кітапханалар жүйесіне басшылық ету ұсынысын қабыл алған Ганди Ізтұрғанқызы бұл қызметке де білек сыбана кірісіп, өзі басқаратын сала қызметкерлерінің нағыз жасампаз еңбектің үлгісін көрсетуіне ұйытқы болуда. Бұған қоса қоғамдық-көпшілік шаруалардан да шет қалмай, саяси науқандарға белсене араласады. Биылғы көктемде сабырымыз сыналып, өңірге су астында қалу қаупі төнген кезде де кітапханашылар қауымы бір кісідей жұмылып, қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге жан-жақты көмек көрсетуде белсенділік танытты.

– Кітапхана саласында қызмет істеген төрт жыл ішінде түсінгенім, кітапханашыдан, ең алдымен, өзін-өзі дамытуға, білімін жетілдіруге, жанжақты болуға деген құлшыныс пен кітап атты асыл қазынаны қалың жұртшылыққа дәріптеуге деген құштарлық сынды қасиеттер табылуы тиіс. Меніңше, кітапханашы – нағыз еңбек адамы. Қазіргі кітапханашы сөреден кітап алып беретін маман ға-на емес, ол бір уақытта ағартушы-ұстаз, психолог, сөйлесе, сөзіне жұртты ұйытатын шешен, яғни, әмбебап тұлға болуы шарт. Бұған қоса олар – ақпарат жеткізуші, ақпараттық ресурстардың референт-талдаушысы. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалғаны рас. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеуге белсенді әрекет жасалуда. Қазіргі қоғамда ақпарат көздерін өңдеп, сақтап, насихаттаушы ретінде кітапханашы мамандығына сұраныс артуда. Елімізде кітапхана ісінің көкжиегі едәуір кеңейіп, оқырман көбейту, кітап оқу, кітапхана ісін жүйелендіру жұмыстары өз жемісін беруде. Алдыңғы буын кітапханашылардың тәжірибесін жинақтай отырып, қазір ақпараттық жұмыстың сан қыры ашылып, толығып, жаңа аутоматтық технологиялармен модернизациялануда. Біздің кітапханалар да жыл өткен сайын көркейіп, жетілуде. Ұжымымыз жас мамандармен толығып, жұмысымыз ілгерілеуде, – дейді кітапхана басшысы.

Қаламыздағы ежелгі кітапханалардың бірі – Орал қалалық кітапханалар жүйесі 1938 жылы құрылып, оқырманына 86 жыл үздіксіз қызмет етіп келеді. Бүгінде кітапханалар жүйесіне қарасты 17 филиал бар, әр филиалдың жанынан бірнеше үйірме жұмыс істейді және әртүрлі бағыттағы жобалар жүзеге асуда. Кітапханада 600 мыңнан аса кітап бар және жыл сайын кітап қоры жаңа туындылармен толығып отырады. Кітапхананың әуелде орыс жазушысы, драматург Максим Горькийдің есімімен аталғаны көпшіліктің есінде шығар, 2021 жылы Ганди Ізтұрғанқызының бастамасымен мекеменің ресми атауы қазақшаланған екен. Кейіпкеріміз басшылық қызметке кіріскен шақта кітап қорының шамамен 70 пайыздайы орыс тілінде, мерзімді басылымдардың біразы шетелдік газет-журналдар болған және жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары жоқтың қасы еді деп еске алады. Осы олқылықты түзеуге көп көңіл бөлген ол бүгінде кітапхана сөрелерін сан түрлі жанрдағы ана тіліміздегі әдеби шығармалар мен өңір жазушыларының туындыларымен толтырған. Сондай-ақ республикалық және өңір басылымдарына жазылымды ілгерілеткен. Бүгіндері кітапхананың бірнеше филиалы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа коворкинг алаңдары келушілерге есігін айқара ашты. Бұл жерде оқырмандар әртүрлі сипаттағы қоғамдық-саяси науқандар мен шығармашылық кездесулерге, шеберлік сағаттарына, зияткерлік ойындарға қатысады. Жуық арада жастардың жиі бас қосып, бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы заманауи жобаларын жүзеге асыруы үшін дәл осындай алаң орталық кітапханада ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек мұнда оқырмандарға интернет желісі арқылы түрлі ақпарат іздеу, компьютер арқылы өз бетінше жұмыстану, «web-РАБИС» бағдарламасы арқылы кітаптар мен мерзімді басылымдардың электронды каталогын пайдалануға, кітаптардың электронды нұсқаларын QR-кодты сканерлеу арқылы оқу немесе дыбыстық жазбасын тыңдауға мүмкіндік қарастырылған.

Таяуда ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин батыс өңіріне арнайы сапарлап, қоғам  белсенділерімен бірқатар кездесу өткізген болатын.

Осындай кездесулердің бірінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, еңбек ардагері Роза Исатаева «Президентіміз былтыр Түркістанда, ал биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиындарында кітап оқу мәдениетін жандандыру, көркем әдебиетті насихаттау мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің ірі қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар ашу қажеттігін де алға тартты. Біздің Оралда да тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашылса,  жастардың аңсары түнгі клубтан гөрі кітапханаға ауар еді деп ойлаймын» деген пікірін білдірді. Біз Ганди апайдың бұл турасындағы ойын білмек мақсатта аталған шаруаға қалай ықпал етуге болатынын сұрадық.

– Мемлекет басшысының кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту, жастарды кітап оқуға жетелеу, кітап оқу мәдениетін қайтадан күрт жандандыру мәселесін назарынан тыс қалдырмай, мықтап ден қоюы  – құптарлық әрі қуанарлық жайт. Қойылып отырған сауалдың өзіме тікелей қатысы бар деп есептеймін, өйткені бұл істе бірінші кезекте кітапханашыларға жауапкершілік жүгі артылмақ. Бұл – өте орынды пікір. Біздің өңірде білімге құштар, кітап оқуға құмар үлкен-кіші баршылық. Сабақтан немесе жұмыстан қолы қалт етпейтіндерге түнгі кітапхана таптырмас жайлы орынға айналарына кү-мәнім жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, қаламыздағы кітапхана филиалдары әр жерде шашыраңқы орналасқан.

Меніңше, осы кітапхана филиалдарын шоғырландырып, аймақтағы үлкен аудандардан төрт-бес филиал ашсақ, көп ұзамай тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана жүйесіне де ауысар едік. Мен осыдан үш жыл бұрын осы бағыттағы ойымды Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне ресми хат арқылы баяндаған болатынмын. Ал қазіргі уақытта мен қалалық орталық кітапханада жаңа, кең әрі заманауи коворкинг орталығын ашып, осы жерде эксперименталды түрде түнгі кітапхана жүйесін ақырындап енгізуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар Мемлекет басшысының отбасылық оқу дәстүрін қайта жаңғыртуға қатысты тапсырмасын ерекше ықыласпен қабылдадым. Мектеп жасына дейінгі баласы бар ата-аналарға арналған бағдарламалар әзірлеп, оны Қазақстандағы барлық кітапханада жүзеге асыру міндеті – кезек күттірмейтін мәселе. Отбасылық оқылым баланың мектепте ғана емес, алдағы өмірінде де өте маңызды факторлардың бірі болып саналады. Еліміздің өркениетті елдермен терезесі тең болуы үшін, ең алдымен, оқуға құштар қоғам қалыптастыру қажет. Ол үшін ғылым, білім, мәдениет салаларына қарайтын мекемелер – балабақшалар, мектептер мен кітапханалар әрбір отбасымен бірлесе жұмыс атқаруы тиіс деп есептеймін, – деді ол.

Бүгіндері Ганди Ізтұрғанқызы кітапхана оқырмандарының талап-тілегін қанағаттандыруға бар күш-жігерін салуда. Түрлі саладағы қажырлы еңбегі үшін әріптестерінің ілтипат-алғысына бөленіп жүр. Айналасына сыйлы, жүзі жылы, тәжірибесі толымды және ұдайы ізденісте жүретін ол – ұл-қыздары мен немере-жиендерінің қызығын қызықтап отырған аяулы ана, ардақты әже.

Талап Таймасұлы, ақын, «Жиембет жырау» атындағы сыйлықтың лауреаты, кітапхананың тұрақты оқырманы:

– Руханияттың өркендеуі деген сәтте алғашқы болып көңілден орын алатын – кітапхана. Оқырманы үшін қызмет жасаған кітапхананың қадірі жоғары. Оқырманына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан осындай кітапхананың бірі – Орал қалалық кітапханалар жүйесі. Директоры Ганди Ізтұрғанқызының басшылығымен кітап қоры жылма-жыл жаңа кітаптармен толығумен қатар, келушілерге рухани нәр беретін шаралардың толассыз өткізіліп келе жатқанының куәсіміз. Әрине, барлығы да кітапхана басшысының іскерлігі мен ұжымның ынтымағына байланысты. Оқырманы үшін жұмыла жүк көтеріп келе жатқан кітапхана ұжымына ұлы істердің  ұлы шыңын  тілеймін.

Мұнайдар Балмолда, ақын-жазушы, журналист, кітапхананың тұрақты оқырманы:

– Ганди Ізтұрғанқызы – кітапхана ісінің білгір маманы, ұтымды ұйымдастырушы, білікті басшы. Оған тән қазақы қасиет сөйлеген сөзі мен істеген ісінен айналасына айқын көрініп тұрады. Өзім кітаппен, кітапханамен дос болғалы, оны жанды тұлға ретінде сыйлап, құрметтеймін. Оқырмандармен және кітап ауторларымен жұмыс істеуіне қарап, кітаптың оқылуына ықпалы зор деп білемін. Кітапхананы жаңа әдебиеттермен жаңартып, оның жұмысын дамытуда түрлі бастамалардың басы-қасында жүруі ерекше қасиет дер едім. Кітапхана саласынан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысып жүретінін естіп те, көріп те жүрміз. Күні кешегі су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге көмектесуде қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруда, уақытпен санаспай, қызу жұмыстың бел ортасында жүрді.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале