23.05.2024, 11:30
Оқылды: 62

«Қияр мен қызанақтың орындарын белгілі уақытқа сай алмастыра егеміз»

Шыңғырлау ауданындағы Ащысай ауылдық округіндегі Аманкелді ауылындағы «Аруман» жеке кәсіпкерлігінің жылыжайларында қияр, қызанақ түйін тастай бастады.

 теплица чингирлау жп (2)

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсіпкер Илияс Хайрушин былтыр 7 млн 800 мың теңге несиені 2%-бен алып, үшінші жылыжай құрылысын бастаған. Одан бұрын әрқайсысының аумағы 300 шаршы метр шамасындағы екі жылыжайды өз қаражатына тұрғызып, іске қосты. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кейде аспандап кететін көкөніс бағасын ұстап тұрудың жолы – осы, жылыжай шаруашылығын дамыту, егін егу болса керек. Жылыжайлардан жиналған көкөністі аудан орталығындағы екі супермаркетке, ауылдағы дүкенге және Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы сауда орындарына өткізіледі.

«Қыста жылыжайларда қияр өсірдік. Енді мында қызанақтар маусымның басында піседі. Екінші орында қияр жайқалып тұр. Қияр мен қызанақтың орындарын белгілі уақытқа сай алмастыра егеміз. Бұл топырақтың құнарлылығын сақтауға, көкөністің су татымай, дәмді болуына көмектеседі. Жылыжайларымызда өсірілетін қияр мен қызанақты тұтынатындар дәмі жоқ деп айтпайды. Қайта дәмді екен, мұндай дәмді қияр жемегелі көп болды деседі», – деген жылыжай жұмысшысы Берік Әліпбаев әнтек жымиып, мақтанып қойды. Кәсіп иесінің шұғыл шаруалармен қалаға кеткенін бипаздап жеткізді.

теплица чингирлау жп (1)

Аталмыш округ әкімі Жасқайрат Айсиевтің айтуынша, ауылдардағы білім ұялары балалар санының аздығынан жабылып қалмас үшін тиісті қам-қарекет жасалуда. Әсіресе, мектеп жасындағы ұл-қызы бар отбасыларды көшіріп алуға көңіл бөлінуде. Сондай көпбалалы Берік Әліпбаевтың жанұясы Қызылорда облысының Шиелі ауданынан көшіп келген. Биыл жылыжайшы жігіттің бұл ауылға қоныс аударғанына үшінші жыл болыпты. Кәсіпкер Илияс Хайрушин жаңа тұрғынға баспана беріп қамқорлап, коммуналдық шығындарын толықтай мойнына алған. Сонымен қатар отағасын жылыжайға бағбан етіп жұмысқа қабылдаған. Ал зайыбы мектепке газ операторы болып орналасқан

...Газ, су құбыры желісіне қосылған жылыжайдың іші жылы әрі жап-жарық. Бағбанның бақша өсіруден хабары бар. Бұрындары Шиелі жағында бақша еккен. Жылыжайлар ішіне кіргенде, өркен жая бастаған өскіндердің күтімдері жақсы екені аңғарылады. Жылыжайда көкөніс өсірудің зейнетінен бейнеті басым, тынымсыз еңбекті қажет ететінін бағбанның әңгімесінен аңғардық.

«Мектепке баратын балаларыма көмек-қолдау тұрақты көрсетіледі. Былтыр төрт балама оқу құралдары мен киім-кешегін алуға 125 мың теңге алдым. Жұмысым ұнайды, жағдайым жақсы. Жұмыс берушім балапандарым ақ ішсін деп сауынға мал, жұмыс көлігі деп жаңа мотоцикл берді. Жалақымды уақтылы алып тұрамын», – деді Берік.

Сегіз ұл-қыз тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Әліпбаевтар мемлекеттің, жергілікті атқарушы құрылымдарының қамқорлығын сезініп, ел қатарлы алаңсыз еңбек етуде.

Осы елді мекендегі Әділжан Нұғмановтың «Амангелді Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егін егумен айналысады. Шаруашылықтың 2 мың 500 гектар алқабы бар. Онда биыл бидай, мақсары, күнбағыс өсіруге қамдануда.

«Алғаш рет алқапқа жүгерінің гибридтік тұқымын егіп көрмек. Тәжірибелік алқапқа Франциядан ғалымдар келіп, зерттеумен айналысады. Құмай дақылын қалай өсіріп жатқандарын қарайды. Серіктестік өкілі Алдаберген Нұғманов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Егіс алқабындағы ылғал жабу, тұқым себу алдындағы өңдеу және зиянды өсімдіктерге қарсы улау, жаңа технологияларды қолдану шаруаларына ғалымның өзі ылғи бас-көз болады», – деген жолбасшымыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілі Нұрғали Бисенов. Өкінішке қарай, аталмыш шаруашылықта серіктестік басшылары болмай шықты.

Егіс қамымен жүрсе керек. Сондықтан базадағы жаңа техниканы қызықтап, кері қайттық.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале