Нұрлыбек Шайдоллаұлы Бірманов 1992 жылдың 20 ақпаны күні сол кездегі Орал облысының әкімі Н.Есқалиевтің шешімімен Орда ауданының әкімі болып тағайындалған. Бұл жөнінде облыстық «Орал өңірі» газетіне жарияланған ақпарат қашан да ұқыптылық пен тиянақтылықты жаны сүйетін Нұрлыбек Шайдоллаұлының жеке архивінде сақталыпты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дүрбелең мен аласапыран кезеңге қатысты ой-өрісі кең азаматпен ашық, бүкпесіз әңгіме қозғалды.
– Нұрлыбек Шайдолллаұлы, елді бір формациядан келесі мүлдем басқа формацияға өткізу қиынның қиыны. Бұл – ең алдымен социалистік жүйе қағидасына сүйеніп, соның идеологиясымен өмір сүрген адамдардың ойлау жүйесін түбірінен өзгерту деген сөз. Осы бағыттағы ой-пікіріңізді газет оқырмандарына білдіре кетсеңіз екен...
– Дұрыс айтасыз, дүниедегі ең қиын, ең күрделі істің бірі – тыңнан жол салу, төтеден жол табу, ал бұл ақиқат жаңа мемлекет құру ісіне қатысты айтылса, бұдан да қиын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзіміз бастан кешкен оқиғаларды ойша сараласақ, тұманды күні жол жүріп, адасқан жандай болғанымыз рас. Біздің жаңа қызметіміз дәл осындай ел-жұрт не істеп, не қоярын білмей, абдырап, абыржып жүрген кезде басталды. Экономика құлдырады. Инфляция бұрын-соңды болмаған астрономиялық деңгейге көтерілді. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін бұрынғы шаруашылық қатынастар быт-шыт үзіліп, еңбек ережелері мен нормативтерінің тас-талқаны шықты.
– Қиындықты еңсеру үшін белгілі бір іс-қимыл бағдарламасын жасақтай алдыңыздар ма?
– Біз құлдырау кезеңіне аяқ астынан емес, алдын ала біраз әзірліктер жүргізе отырып келдік деп сеніммен айта аламын. Қандай қоғамдық құрылыста да, уақыт пен тарихтың ыңғайына қарай өзгеріп жататын формациялардың кез келген түрінде де мәні мен маңызы, пайдасы мен тиімділігі ешқашан жоғалмайтын экономикалық категориялар бар. Соның ең бастысы – шаруашылық есеп. Ел-жұртқа түсінікті тілмен айтқанда, мұның өзі қарапайым еңбек адамдарын пайдасы көп, шығыны аз іске ынталандыра білу деген сөз. Сондықтан да біз тұрғындарға оның бүге-шүгесін ұғындыру ісін бірінші кезекке қоя білдік. Мұнда бәрі де мұқият есепке алынады. Шаруашылық есептің ішкі тәртібі мен талаптары осындай.
Айталық, Бөкей ордасы секілді бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын өңір жағдайында шаруа иесі әр жүз саулықтан жүз бестен қозы өргізсе және әр қойдан 3,2 кг жүн алса, енесінен айырған кезде әр қозының салмағы 16 кг құраса, шаруашылық есеп талабы орындалды дей беріңіз. Бұдан артығы қой өсірушінің табысы мен пайдасы болып есептеледі.
Ал жоғарыда айтылған меже алынбаса, шығындар тауар өндірушінің есебінен өңделеді. Егер өткен тәжірибеге сүйенсек, мұндай көріністер өте сирек, ілуде бір кездескенін көреміз. Аталған есеп айырысу жүйесін егіс салып, мал азығын әзірлейтін бригадаларда, мұнай базаларында, бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық саласында қолдануға болады. Қысқасы қиын кезеңде бізді құтқарып қалған, әрі елдің еңсесі түспеуіне оң ықпалын тигізген – шаруашылық есеп, оны еңбек адамдарының игере білгені деуге болады.
Республика аудандарының дені негізінен ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысады. Мұндай жағдайда көктемгі егіс, қой төлдету, мал азығын әзірлеу, сүдігер жырту, егін өсіру, қыстаққа дайындық секілді науқандық жұмыстар бір-бірімен жыл бойы жалғасып жататыны табиғи құбылыс. Бұған әзірліктер алдын ала жүргізілмесе, қаржылық және материалдық техникалық тұрғыдағы мәселелер ертерек шешімін таппаса, сөз жоқ, науқан сыр береді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз мұндай жағдайға жол бермеуге ұмтылдық. Бұл іс-қимылымыз өз кезегінде тиісті нәтижесін берді де.
– Нұреке, аталған 1992-1995 жылдары өзіңіз басыңыздан өткерген тағы да қандай жайттарды атап көрсете алар едіңіз?
– Несін айтасыз, бұл кезде мемлекет құрылымы да, жеке адамдардың психологиясы мен ой-санасы да жаңа өзгерістерге сай емес еді. Кеңестік кезеңдегіше ойлау жүйесі өзгере алмай жатты. Бұған бір мысал айта кетейін. Компартия дәуірінде халықты азық-түлік өнімдерімен және басқа да қажетті тұрмыстық бұйымдармен қамту ісін тұтынушылар одағы жүйесі жүргізіп келді. Аяқ астынан төрімізге нарық кіріп келгенде бұл жүйе келмеске кетті. Оның басты себебі айналмалы қаражаттың болмауынан еді. Әрі банкттер тұтынушылар одағы жүйесіне несие-қаражат беруден бас тартты. Сөйтіп бұл іс жеке кәсіп иелерінің қолына көше бастады. Осы өзгерісті ой-санасына сыйғыза алмаған, кезінде ауданда әжептәуір лауазымды қызмет атқарған бір ағамыз бұған байланысты біраз өкпе-арыз айтқаны бар. Ол: – Қарашы, кәне, Нұрлыбек, анау көршім саудагер бола қалып, тауар әкеліп, оны жоғары бағамен сатып, халықты қанап, тонап жатыр. Бұған бірдеңе демейсіз бе? – деп еді.
– Кешіріңіз, бұл да еңбек. Түбінде халықты тауармен қамту тізгіні жекеменшік иелерінің үлесіне тиеді, ақсақал, – дедім мен. Екінші бір мысал да әу баста қолға теңге түсіп көрмеген кезеңнің көрінісі бола алады. Бір жолы менің қабылдауыма ел ішіндегі абырой-беделі жоғары екі зейнеткер ағамыз келді. Әңгімелерінен түсінгенім, олардың зейнетақы шоттарында ақша бар, әйтсе де, банк филиалында оны төлейтін қолма-қол қаражат жоқ екен. Несін жасырайын, көмектесіп жібергім келді. Содан соң дереу банк филиалының бастығы Жұмабай Дәулетовты шақырып алып сөйлестім. Ол: «Оған жоғары жақ рұқсат бермейді», – деп азар да безер болды. Міне, осындай да жағдайлар кездескен.
1993 жылдың қараша айында айналымға енгізілген төл теңгеміздің АҚШ доллларына шаққандағы алғашқы бағамы күн сайын өсіп бара жатты. Мұның себебін сұрағандар да аз болған жоқ. Әзірге еліміздегі өндірістер мен зауыт-фабрикалар тоқтап тұр. Мұның алдында шығарылған өнімдер өтпей, тау болып үйіліп жатыр. Осы жағдай реттелсе, өндіріс орындары қалыпты жұмыс жасай бастаса, теңгеміз де қауқарлы бола түседі деп жауап қайтардым мен сауал иелеріне.
Аумалы-төкпелі шақта іс тетігін қашан да кадр шешеді деген қағидаға өте жауапты түрде қарай білдік. Олар сенімді ақтап, ауыр жүкті бірге көтерісті. Ауданға басшылық жасаған жылдарымда үзеңгілес, әрі жастары өзімнен әжептәуір кіші жетекші кадрлардың кейін қызметі жоғарылап, өзге аудандарға бірінші басшы болып тағайындалғаны да өзім үшін бір мәртебе деп санаймын. Олардың қатарында Жалпақтал ауданының әкімі болып тағайындалған, кейін ұзақ жылдар бойы облыстық мәдениет басқармасын басқарған Айдар Батырхановтың, Тайпақ және Тасқала аудандарының әкімі болған Максим Қожамұратов пен Рахман Кариннің есімдерін ілтипатпен атағым келеді. Ал 1995 жылдың аяғына дейін Бисен Жәнекешов атындағы АҚ-ның төрағасы қызметін атқарған жергілікті білікті кадр Лавр Хайретдинов кейін өз орныма Бөкей ордасы ауданының әкімі болып тағайындалды.
Өтпелі шақта ауылдағы мәдениет ошақтары мен медицина мекемелерінің ғимараттарын, соның ішінде учаскелік ауруханаларды сақтап қалуға бар мүмкіндігімізді сарп еттік. Оған сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов та әжептәуір қолдау көрсетті. Қиын кезеңде халықтың жайлы жер іздеп, өзге жаққа көшіп кетпеуі және жабайы урбанизацияның белең алмауы үшін қолдан келгенше барлық жағдайларды туғызуға ұмтылдық. Бұл қадамдарымыз да өз нәтижесін беріп, ел кіндік кескен ата жұртынан қозғалған жоқ. Мысалы, 1992 жылы Орда ауданының әкімі болып тағайындалған кезде мұндағы тұрғындардың саны 16 мың болса, 1995 жылдың аяғында мен облыс орталығына басқа қызметке ауысқан кезде халықтың саны табиғи түрде өсіп, 18 мыңға жетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Бөкей ордасында ежелден қалыптасқан халықтық мәдениет пен өнердің тынысы мен өрісінің ашылуы және оның жаңа мазмұнмен толығуы ұдайы назарымызда болды. Міне, тәуелсіздіктің 30 жылдық бедерлі белесінен соңымызға көз салғанда, көкейге келген кейбір ой ұшқындары осындай.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Темір Құсайын,
zhaikpress.kz
Автор анықтамасы:
Біз Нұрлыбек Шайдоллаұлымен сұхбат құру барысында қай мәселені көтерсе де, оған бұлтартпас нақты дәлелдер мен айғақтар келтіре отырып, түйіндейтінін байқадық. Мысалы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс аудандарында әлеуметтік-экономикалық және мәдени салада атқарылған барлық жұмысты рейтингтік бағалау жүйесі арқылы айқындау жолдары белгіленген екен. Н.Бірмановтың жеке қызметтік архивінде сақталған осындай рейтингтік көрсеткіш тізбесіне көз салсақ, Орда ауданы бұл кезеңде барлық көрсеткіш бойынша алдыңғы орында болғанын көреміз. Мұны сол кезде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде жарияланған ақпараттар да айғақтай түседі. Олардың нөмірлері де мұқият сақталыпты.