13.04.2023, 9:30
Оқылды: 38

Қиыршықтас сапасы талапқа сай ма?

Бір-екі ай турасында «ДСК Приоритет» ЖШС-ның  жол құрылысына  пайдаланатын  материалына  қатысты дау шыққан еді. Екі зертхана екі түрлі  қорытынды шығарған.  Бірі қиыршықтасты жол құрылысына  пайдалануға жарамсыз деп тапса, екіншісі  қиыршықтастың  сапасына оң баға берген. 

Бұл жайт туралы БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов өзінің Facebook парақшасында жариялаған еді. Біз директормен арнайы жолығып, мәселенің мән-жайын білдік. Оның айтуынша, наурыз айында «ДСК Приоритет» ЖШС қиыршықтас үлгілерінің зертханалық сынамасының теріс қорытындысына байланысты туған мәселеге қатысты шағым білдірген.

– Шағымға сүйеніп айтсақ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК БҚО филиалының мамандары аталмыш компанияның жол салу маусымына дайындап қойған қиыршықтас үлгілерін алып, сынақтан өткізген. Олар «ДСК Приоритет» ЖШС-ның аттестатталған зертханасының нәтижелеріне сәйкес келмейтін теріс қорытынды берген. Кейін мердігер компанияның өтінішімен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы»  зертханасының базасында іріктелген қиыршықтас сынамаларына қайтадан сынақ жүргізілген. Бұл жұмыстың барысын қадағалаған мамандар сынақтарды жүргізу алгоритмі мен әдістерінің бұзылғанын анықтаған.

Сондай-ақ  бұрын жүргізілген сынақтардың объективтілігіне күмән келтіреді, – деді Нұржан Ерболатұлы. Сондықтан «ДСК Приоритет» компаниясы өзге тәуелсіз, аккредиттелген зертханада қайтадан зерттеу жасатқан. Яғни «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Ақтөбе филиалы мен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның зертханасында қиыршықтастың сынамасын алады. Зерттеу нәтижесі қиыршықтастың сапасы талапқа сай деген қорытынды шығарады. Кәсіпкерлік палатасы екінші сараптаманың қорытындысы бойынша прокуратура құрылымдары мен жолға тапсырыс беруші «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның көмегіне жүгінген.

Олар  қиыршықтасты жол құрылысына жарамды деген. Палата директорының сөзінше, сәуірдің 3-інде Астанада ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің отырысы өткен. Аталмыш комитет басшылығы да бірдей функция атқаратын зерттеу компанияларының не себепті екі түрлі қорытынды шығарғанын түсінбей отыр. Сондықтан оралдық компанияның дайындап қойған құрылыс материалынан тағы да сынама алынады. Мұндағы мақсат – мақсат-міндеті бірдей екі зертханадан не себепті екі түрлі қорытынды шыққанын  анықтау.

Біз «ДСК Приоритет» директорының орынбасары Жарас Ахметовтың пікірін білген едік.

59ac0d70-cf08-472b-9ac4-f2f65567587f

Ол «ДСК Приоритет» компаниясының республикалық маңызы бар Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасының 108-144 шақырымына жеткізіліп жатқан құрылыс материалдарының сапасына қатысты мәселе туындағанын айтты. Аталмыш жобаның тапсырыс берушісі – «Қазавтожол» ұлттық компаниясы болса, мердігер – «ДСК Приоритет» ЖШС. Оның  айтуынша, мердігер жол құрылысына пайдаланатын материалдардың сапасын өз зертханасында үнемі тексереді. Кәсіпкер «Көктас-Ақтөбе» АҚ-ның Мұғалжар тауынан өндіретін қиыршықтасты әкелуде. Сонымен қатар тапсырыс берушілермен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы»ШЖҚ РМК жол құрылысына пайдаланатын материалдарға сынама жүргізуге  құқылы.

– 2023 жылдың басында аталмыш орталықтың мамандары мердігерге жеткізілген қиыршықтастан сынама алып, оны жарамсыз деп таныды. Кейін «ДСК Приоритет» ЖШС Ақтөбе қаласындағы «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ және Астана қаласындағы «ҚазЖолҒЗИ» АҚ зертханаларында қиыршықтасты қайтадан сынамадан өткізді. Зерттеу құрылыс материалы пайдалануға жарамды деген қорытынды шығарды.

Бірнеше тиісті мекемеге хаттар жазғаннан кейін, тапсырыс беруші тарап қиыршықтасты қабылдады, – деді  Жарас Ахметов. Оның айтуынша, сәуірдің 4-інде материалдың жарамдылығына көз жеткізу үшін ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бахтиярдың бастамасымен қиыршықтастан қайтадан сынама алынған.

Енді Астана қаласында «ҚазЖолҒЗИ» АҚ мамандары  зерттеу  жүргізеді.

Абылайхан

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевпен тілдескен едік. Оның айтуынша, «ДСК Приоритет» мекемесінің Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасына пайдаланатын қиыршықтас ҚР техникалық реттеу жүйесіне сай. Бірақ кәсіпкердің жобасында бұл құрылыс материалының уатылғыштық маркісі 1400 деп көрсетілген. Ал филиал  жүргізген сараптама оның маркісін 1200 деп қорытынды шығарған. Яғни жобадағы көрсеткішке сәйкес емес. «Бірақ қиыршықтасты жол жабынына пайдалануға болады. Тапсырыс беруші мен мердігер осы қорытынды бойынша қайта келіссөздер жүргізіп, жол құрылысын жүргізе берулеріне болады. Біз мердігердің жұмысын тоқтату туралы шешім шығарған жоқпыз. Ко-митеттің тапсырмасы бойынша қиыршықтастан тағы да сынама алынады», – деді А. Алшынбаев. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалы қыс мезгілінде облысқа Ақтөбеден әкелінген қиыршықтастың үш партиясынан сынама алған. Солардың бәрінде де олардың уатылғыштығының маркісі 1200 екенін көрсетіпті. Былтырғы статистикаға көз жүгірткен филиал директоры түрлі құрылыс материалдарының 20-25 пайызының сынамасы талапқа сәйкес болмағанын айтты.

Облыстағы жолдардың сын көтермейтіні жөнінде жиі айтылып та, жазылып та жүр. Ақтөбе және Атырау облыстарындағы автожолдар сапасының үлесі – 72 пайыз, ал Батыс Қазақстанда бұл көрсеткіш 46 пайыз деген дерек бар. Мәселен, былтыр өңірге темір жол жүк вагондарының жетіспеушілігінен құрылыс материалдары, оның ішінде қиыршықтас уақтылы жеткізілмей қалды. Сәйкесінше, жол жөндеу мен салу тұралап қалды. Өткен жылы ҚР Сенат депутаттары ҚР Премьер-министрі  Ә. Смайловқа біздің облыстағы жолдарды күрделі жөндеудің мәселелеріне қатысты депутаттық сауал жолдаған. Сауалға жауап берген Премьерминистр Әлихан Асханұлы Ақтөбе облысынан құрылыс материалдарын жеткізетін вагондармен қамтамасыз етіледі деді. Ол республиканың батыс өңірінде қиыршықтасты 2300-ден астам жартылай ашық вагон тасымалдайтынын, қосымша 700 вагон бөлу жоспарда бар екенін айтты. Біз осы орайда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеевке жолыққан едік.

Rubble_low

Фото: wikipedia.org

Оның айтуынша, биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 1 млн тонна қиыршықтас керек. Қиыршықтасты облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға тасымалдау үшін 125 вагон бөлінген. Жыл басынан бері өңірге 292 мың тонна (29 пайыз) қиыршықтас жеткізілген. Былтыр құрылыс материалын Ақтөбеден тасымалдайтын вагондардың болмауына байланысты жоспар толық орындалмаған. Сондай жағдай қайталанбас үшін өткен жылдың қарашасынан бастап салынатын жолдарға қатысты мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліпті. Сол бойынша желтоқсан айының соңында  мердігерлер анықталған. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға бөлінген 26,7 млрд теңгеге 329 шақырым жол салу көзделген. «Біз жүк тиеп келетін вагондардың жұмысын қадағалап отырамыз. Қазір құрылыс науқанының қызған шағы. Ақтөбеден тек біздің облыс емес, өзге өңірлер де құрылыс материалын алады. Сондықтан кейде вагондар кептелісте тұрып қалып жатады. Басқарма мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалының арасында келісімшарт бар. Орталық мамандары соған  сәйкес өңірге әкелінген құрылыс материалдарының сапасын зерттейді. Стандартқа сай болмаса, тиісті хат жолдайды. Бірақ облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына пайдаланатын құрылыс материалдарының сапасыздығы жөнінде дерек тіркелген жоқ», – деді  А. Менеев.

P.S. Біз комитеттің тапсырмасы бойынша қиыршықтастан тағы да алынатын сынаманың қорытындысын күткен едік. Бет қатталып жатқанда екі мекемеден хабар алдық. «Қиыршықтасқа Астана қаласындағы «ҚазЖол-ҒЗИ» зертханасында сынама жасалды. Дәл қазір нақты қорытынды шыққан жоқ. Себебі Автомобиль жолдары комитеті қиыршықтасты өндіруші «Көктас-Ақтөбе» АҚ-ға бұл құрылыс материалының сорты туралы толық зерттеу мәліметін беруге сұраныс жіберді. Бұл жерде ескеретін бір жайт, дәл осы қиыршықтастан бұған дейін батыс өңірдегі барлық жол салынып келді», – деді «ДСК Приоритет» директорының орынбасары Жарас Ахметов. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Абылайхан Алшынбаевтың айтуынша, елордада өткізілген сынақтар филиалдың бұған дейін шығарған хаттамаларын, қиыршықтастың уатылғыштық көрсеткіштері маркісінің 1200 екенін растаған. Біз екі тараптың да уәжіне құлақ түрдік. Бірақ сараптамадан соң да қиыршықтасқа қатысты түйткіл шешілген жоқ. Сондықтан бұл даудың немен аяқталғанын алдағы  уақытта  жазамыз.

Ясипа  Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале