Таяуда қаламыздағы «Атамекен» өнер ордасында қазақ өнерінің классигі, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың ХІІІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің марапаттау рәсімі мен гала-концерті өтті. Туған елін сиқырлы әуенмен тербеп, тарихы мен әстүрін әнмен өрнектей білген біртуар композитордың шығармашылығын дәріптеуге арналған бұл фестиваль алғаш рет 2000 жылы өткізілген.

Сазгердің туған жерінде жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі ән байқауына биыл Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай Халық Республикасы, сондай-ақ Қазақстанның Астана, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысынан барлығы 26 жас талант қатысып, өнер додасында бақтарын сынады. Байқау екі кезеңнен тұрды. Шарт бойынша үміткерлер Ескендір Хасанғалиевтің екі әнін орындауы тиіс. Әншілердің кәсіби деңгейі, вокалдық мүмкіндігі, сахна мәдениеті мен шығарманы жеткізу шеберлігі қазылар алқасының жіті назарында болды.

Екі күнге жалғасқан фестивальдің гала-концертінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев сөз сөйлеп, фестиваль қонақтарына ізгі лебізін білдірді. Ол қазылар алқасының құрамы Өзбекстан Республикасының халық әртісі Мамурджан Ташматовқа, Қырғызстан Республикасының халық әртісі Саламатхан Садықоваға, Қазақстан Республикасының халық әртісі Алтынбек Қоразбаевқа құрмет көрсетіп, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Марат Сарбөпеевке, халықаралық конкурстардың лауреаты Таңат Жексенбаевқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғысхат табыстады. Ал фестивальдің қадірлі қонағы, сазгердің жұбайы Дарико Сопыжанқызының иығына шапан жауып, гүл шоғын тарту етті.
Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев бастаған қазылар шешімімен жеңімпаздар анықталды.

Фестиваль қорытындысында жүлделі үшінші орын оралдық Аружан Бисембайға, қырғызстандық Дариға Сатароваға және өзбекстандық Севара Тулановаға бұйырды. Екінші орынды қазақстандық өнерпаздар Айбар Ғаниұлы мен Парасат Отан жеңіп алды. Ал бірінші орын Ақтөбе облысының намысын қорғаған Мерей Самұратқа берілсе, бас жүлдені алматылық Медет Орынбаев иеленді.
Фестивальдің гала-концертінде жүлдегерлермен қатар қазақ, қырғыз және өзбек өнерінің шоқ жұлдыздары – Алтынбек Қоразбаев, Саламат Садықова және Мансур Ташматов ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңында Біржан Хасанғалиев пен жергілікті өнерпаздардың орындауында «Атамекен» әні шырқалды.

Айта кетейік, биыл Ескендір Хасанғалиевтің туғанына – 85 жыл, ал ақын Қадыр Мырза Әли сөзін жазған «Атамекен» әнінің жарыққа шыққанына 55 жыл толып отыр. БҚО халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, қазақ руханиятында орны ерекше бұл ән бүгінде еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдер сахнасында да шырқалып келеді.

Ұлт рухын асқақтатқан «Атамекен» фестивалі биыл да өнер мен дәстүрдің тоғысын паш етіп, Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық мұрасына тағзым етуге арналған тағылымды мерекеге айналды.
Ерке Ғинаят,
Орал қаласы
