Өлкенің мәдени саласының қарыштап дамуына айрықша үлес қосып, классикалық туындыларды шебер орындау арқылы облыс тұрғындарының құлақ құрышын қандырып жүрген Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің құрылғанына биыл тура 10 жыл. Осыған орай жуырда ғана ел игілігіне берілген «Атамекен» өнер орталығында оркестрдің есеп беру концерті өтті. Карантиннен кейінгі алғашқы классика кеші көпшіліктің көңілін желпінтіп, ерекше рухани демалыс сыйлады.
Саф өнермен өлке тұрғындарын 10 жылдан бері сусындатып келе жатқан Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі – халықтың ықыласына бөленген ұжым. Олар мемлекетімізден бөлек, халықаралық ареналарда өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді шет мемлекеттерге таныстырды. Ал он жылдық мерейтойға орайластырылған концерт – ұжымның карантиннен кейін көрерменмен ең алғаш рет жүзбе-жүз жолығуы. Өнер ұжымының мерейлі датаға орай ұйымдастырылған кешінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов оркестр мүшелерін құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Классикалық кеште өнер көрсету үшін өңірде туып-өсіп, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген белгілі өнерпаздар арнайы келді. Туған елден шақырту түссе, құстай ұшып жетемін деген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзинаға бұл ұжым бөтен емес. Бұған дейін бір сахнада өнер көрсетіп, ерекше әсер алыпты. Ал көптеген республикалық және халықаралық байқаудың лауреаты Фархад Кубеевтің де елге деген сағынышы ерекше. Ол жуырда туған өлкеге әдемі ән кешін тарту етпек.
Кеш барысында батысқазақстандық өнерпаздармен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің домбыра-тенор артисі Ақылбек Бектасов, Қызылорда облыстық филармониясының солисі Анара Жаңбырбаева оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Еліміздің әр түкпірінен белгілі өнерпаздарды қатыстыру үшін оркестр ұжымы жыл бойы тынбастастан еңбектеніпті. Олар бірқатар іргелі өнер ұжымдарымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Соның арқасында елімізге белгілі өнер жұлдыздары Ақ Жайық сахнасынан табылды. Қазіргі таңда камералық оркестр ұжымы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларымен бірлесіп жұмыстануда. Алдағы уақытта аталған қалалар мен өзге де ірі шаһарлар сахнасында концерт беруді жоспарлап отыр.
Камералық оркестр жиылған жұртшылыққа қазақтың халық әндері мен күмбір күйлерінен бастап, Моцарт, Вивальди секілді музыка алыптарының классикалық туындыларын тарту етті. Жанды тербетер жағымды әуендер үлкен-кішінің бірдей көңілінен шықты.
Облыстық камералық оркестр карантиннен кейінгі алғашқы концертті аяқсыз қалдырмақ емес. Олар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына керемет тарту дайындауда. Сонымен қатар оркестр солисі Эльмира Усаеваның жеке шығармашылық кешін өткізуді де жоспарлап қойған.
Аяужан Кереева,
Орал қаласы