Орал қаласының №10 шағынауданында "Kodokan Spirit" дзюдо орталығы ашылды. Спорттық кешеннің ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
- Осыдан тура 10 ай бұрын облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті, жерлесіміз Ғайса Әлібекұлы келіп, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына сый жасағысы келетінін айтқан еді. Ол "Бейбіт елде білім алдым, жоғары оқу орнында тегін оқыдым және кәсіпкер болып қалыптастым. Сондықтан елге тарту жасау үшін балалар мен жасөспірімдерге спорттық кешен ашқым келеді" деп ұсыныс айтқан еді. Сол кезде мемлекет меншігінен 80 соток жерді бөліп беріп, ісіне сәттілік тіледік. Бүгін, міне, керемет спорт кешенінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Ұл-қыздарымыз салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысатын болады. Ғайсаның игі ісі өңірдегі барша кәсіпкерлерге үлгі болсын деймін. Әлеуметтік нысандарды салуда мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Жер бөліп, инфрақұрылымды өткізіп беруге мүмкіндік бар. Жеңілдетілген несие алуға қолдау да қарастырылған. Сондықтан кәсіпкерлерді ел игілігіне қызмет ететін нысандар салуға шақырамын. Спорттық жетістіктеріміз көп болсын,- деді салтанатты шарада сөз алған Ғали Нәжімеденұлы.
"Kodokan Spirit" орталығында дзюдо үйірмесінен бөлек, шағын футболдан, иогадан, гимнастикадан, би өнерінен секциялар бар. 130 көрерменге арналған зал, спорттық киім дүкені де қамтамасыз етілген.
"Kodokan Spirit" орталығының негізін қалаушы әрі директоры Ғайса Жұмалиевтың айтуынша, дзюдо күресі балалар мен жасөспірімдердің физиологиялық дамуына ғана емес, рухани бай болына да зор ықпал етпек. Яғни күрестің бұл түрі адамды еңбекқорлыққа, адалдыққа, жеңілсе де жетістікке жетуге ұмтылуға, сондай-ақ қарсылас пен көрерменді сыйлауға үйретеді. Сондықтан дзюдо күресін әр азамат меңгергені дұрыс.
Салтанатты шарада лента қию рәсімін облыс әкімі Ғали Есқалиев пен орталық директоры Ғайса Жұмалиев атқарды. Содан соң жиылған қонақтар спорттық кешенді аралап шықты.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz