12.08.2025, 17:30
Оқылды: 358

Қоғам мен билік үндестігі: облыс бюджетіне 116 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған

Жуырда Орал қаласында облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген төралқа отырысы өтіп, өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Ашық пікір алмасу мен нақты ұсыныстарға толы жиын қоғам мен билік арасындағы байланыс тетігінің жанданып келе жатқанын көрсетті.

d6cc6506-95fd-49b4-8aa0-fae1478d6f4c

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ережесіне енгізілетін толықтырулар болды. Басқарма басшысының орынбасары Бибігүл Ниетқалиева әр тармақ бойынша егжей-тегжей түсініктеме беріп, басқарманың қолданбалы ғылым мен инновация саласындағы өкілеттіктерін кеңейту мәселесін көтерді. Бұл – өңірдің индустриалдық-инновациялық әлеуетін арттыруға жасалған нақты қадам.

Келесі кезекте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Асан Нарымбаев қоғамдық жұмыстар түрлері мен оларды ұйымдастыратын мекемелердің тізбесіне тоқталып, бұл бағытта тиімділік пен мақсаттылықты арттыру керектігін атап өтті. Қоғамдық жұмыстың шын мәнінде тиімді болуы – жұмыссыз азаматтардың әлеуметке бейімделуін қамтамасыз етіп қана қоймай, ел ішіндегі әлеуметтік ахуалды тұрақтандыруға да ықпал етпек.

Азық-түлік қауіпсіздігі де отырыстың күн тәртібінен тыс қалмады. Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Берік Сейітқазиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру қағидаттарын таныстырып, нақты механизмдер мен жергілікті атқарушы құрылымдардың шараларына тоқталды. Бұл – нарықтық тұрақтылық пен тұрғындардың әл-ауқатын сақтау жолындағы маңызды бастама.

Отырыс барысында басты назарға алынған тақырып «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы болды. Жоба жетекшісі әрі қоғам белсендісі Бауыржан Ахметжан «ҚР Қоғамдық бақылау туралы» заңы аясында ашықтық пен есептілікті арттыру жолдарын ұсынып, қоғамдық бақылаудың маңы-здылығына ерекше тоқталды.

– Қоғамдық бақылау – жай ғана сын емес, бұл өзгеріс жасаудың құралы. Азаматтар өз құқығын біліп, заңға сүйене отырып әрекет етсе, жүйе де өзгереді, – деді ол.

Бауыржан Ахметжан атап өткендей, қоғамдық мониторинг пен бақылау жұмысының нәтижесінде 2021-2024 жылдары облыс бюджетіне 116 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл – тек белсенді азаматтардың ынтасының, заңға деген сенімінің және нақты әрекеттерінің нә­тижесі. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Орал, Ақсай, Жалпақтал, Жаңақала, Жымпиты өңірлерінде арнайы тренингтер өткізіп, жастар мен қоғам белсенділерін қоғамдық бақылау тетіктеріне үйретуді көздеп отыр. Бұл бастама – болашақта жемқорлықты азайту мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу жүйесінде анықталған олқылықтар мен олардың салдары қандай болатыны жөнінде де сөз қозғады. Құқық қорғау құрылым-дарының өкілдері пікір білдіріп, мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Бауыржан Ахметжан атап өткендей, сатып алудағы заң­бұзушылықтар білім, денсаулық, ауыз су және өзге де салаларда азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеп отыр. Сондықтан бұл мәселе тек заңмен емес, қоғамдық серпіліспен де шешілуі қажет.

Кеңейтілген отырыста барлық ұсынылған мәселе кеңес мүшелері тарапынан жан-жақты талқыланып, тиісті ұсынымдар берілді. Бұл отырыс қоғамдық кеңестер билік пен азаматтық қоғам арасындағы сенімді байланыстың негізі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале