12.12.2022, 10:46
Оқылды: 52

Қоғам талабы – министрліктің назарында

Жуырда «Атамекен» өнер ордасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев салалық басқармалар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстелде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов басқосуға қатысушыларды нақты ұсыныс айтып, пікір алмасуға шақырды.

2

– Ел Президенті ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев орталық  құрылымдардың басшыларына өңірлерге шығып, халықпен кездесіп, хал-жағдайымен танысуды тапсырды. Ұзын-сонар баяндама оқудың қажеті жоқ, нақты мәселелерді көтеріп, басқосуды сұрақ-жауап сипатында өткізуіміз керек. Бейсенбіде Бәйтерек ауданында болғанымда, тұрғындар күрмеулі түйткілдер жөнінде баяндады. Ведомствоның жұмысын нығайтып, сапалы қызмет көрсету үшін  жергілікті жердегі мәселелерді егжей-тегжейлі білуіміз керек, – деді  Серік Егізбаев.

Аталмыш ведомствоның негізгі бағыттарының бірі – азаматтық қоғам институттарының қызметін жандандыра түсу. Осыған байланысты облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов пікір білдірді. «Қоғамдық кеңестердің кеңесші, байқаушы құрылым ретінде қажет екенін уақыт дәлелдеді. Енді «Осы ұйымның жұмысын қалай жандандыруға болады, беделін қайтіп арттырған жөн?» деген сауал туындайды. Жұртшылық қоғамдық кеңестердің әлеуетін жоғары санап, мемлекеттік құрылымдарға ықпал ететін мүмкіндігі бар деп ойлайды. Алайда аталмыш кеңестердің құқықтық мәртебесінің жоқтығын, шешімдерінің ұсынба ретінде қабылданатынын және ол бойынша мемлекеттік құрылымдардың нақты міндетмиссиясы айқындалмағанын біле бермейді. Сондықтан заң бойынша қоғамдық кеңестерге мәртебе беру керек.

Қоғамның талабына сай жұмыс істеу үшін тәжірибелі, жан-жақты дайындығы бар мамандардың, эксперттердің жұмыс істегені дұрыс», – деген Ербол Ғұмарұлы қоғамдық кеңестерді қаржыландыру мәселесін де көтерді. Серік Рахметоллаұлы жергілікті жердегі беделді, білікті саясаткерлер мен сарапшылардың жас мамандарды даярлауға үлес қосуы қажет екенін айтты. ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлының айтуынша,  тұрғындардың діни сауатын арттыру бағытында атқарылған игі істің бірі – Орал медресе колледжіне облыстық бюджеттен оқу гранттарының бөлінуі. «Мемлекет медресеге жоғары білімді ұстаздарды шақырып, білікті мамандарды даярлауға осылайша көмек көрсетіп отыр. Ал бұл үлкен-кішіні, ұл-қызды жат ағымның жетегінде кетіп қалудан сақтауға себеп болмақ. Діни білім алып шыққан биылғы түлектердің басым көпшілігі қызметке орналасты. Олар тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, өздерін кәсіби маман екенін көрсетіп жүр», – деді бас имам. Ал облыстық жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталықтың басшысының орынбасары Назерке Құрамысова жастарды елдің қоғамдық өміріне тарту және олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру жөнінде айтты. «Республика бойынша жастар ресурстық орталықтарының бірыңғай стратегиясы қабылданса, ортақ жұмысымыз нәтижелі болар еді», – деді Н. Құрамысова. Серік Рахметоллаұлы жастардың бұл ұсынысын БАҚ және әлеуметтік желілерге жариялап, көпшіліктің пікірін жинақтап, ведомствоға нақты жоспар ұсыну қажет  екенін  айтты.

3

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген «Ардагерлер туралы заңға» өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Сондай-ақ қара жамылып отырған отбасыларға келіп, өмір-өлім жайлы уағыз айтатын молда-имамдарды сынады. Бұл мәселеге қатысты  Бақытжан Құралбайұлы жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сай келмегендіктен, жұмыстан шығарылған молдалар бар. Олар ҚМДБ-ның көзқарасына қарсы пікірлер, дәлелсіз ақпараттар айтып, ел арасында теріс пікір қалыптастырады. Тұрғындар мұндай «молдаларды» діни іс-шараларға шақырады. Қазір осы кемшілікті жою үшін мешіттің тарапынан жіберілетін ресми тіркелген имамдардың тізімін дайындап жатыр екен. Ал осы тізімде жоқ имам-молдалар діни іс-шара, жиындарға қатысатын болса, заңды түрде шара қолданады. С. Егізбаев бұл мәселені аудан-ауыл әкімдерінің де білуі маңызды екенін жеткізді.

Сұрақ-жауап сипатында өткен жиында «Жайық үні» қалалық газетінің бас редакторы Мира Шүйіншәлиева «Қазпошта» АҚ-ның қызметіне сын айтты. «Жайық пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаров БАҚ саласына қатысты заң жобасына блогерлердің жауапкершілігі туралы тиісті талаптарды енгізуді ұсынды. Сосын, елдегі идеологияны жандандыруға, қоғамдық сананы қалыптастыруға басты назар аударатын кез келгенін атап өтті. «Qazakhstan» ұлттық телеарнасының БҚО-дағы меншікті тілшісі Ардақ Мұратқызы вице-министрден жергілікті журналистерге әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қашан қолдау-көмек көрсетілетінін сұрады.

С.Егізбаев бұл айтылған мәселелердің барлығы заң жобасында қарастырылып жатқанын айтты. Заң жобасы жарияланып, талқыға салынады. Кездесуде басқа да қатысушылар сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салды. Жиналысты қорытындылаған Бақытжан Нарымбетов  мәселелердің ашық айтылып, тұшымды жауап  берілгенін  атап  өтті.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале