Қазақстан Республикасы «Ішкі істер органдары туралы» Заңына сәйкес аталмыш құрылымдардың негізгі міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Еліміздің әрбір азаматы өз құқығына қол сұғушылыққа жол берілмейтіндігін айқын сезінуге, ал қандай да бір қауіп-қатер туындаған жағдайда полиция тарапынан қажетті көмек пен қорғау уақтылы көрсетілетіндігіне сенімді болуы тиіс. Жалпы қазіргі уақытта біздің сала сервистік модельге көшуге байланысты қызмет бағытын реформалау жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, ол полиция жұмысының қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, жұртшылықпен бірлесіп түрлі қылмыс пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша шешімдер әзірлеуге бағытталған. Өз өңірімізде де қолға алынып жатқан жанды жұмыстар жоқ емес. Солардың бірқатарына тоқталсақ, жергілікті атқарушы құрылымдардың қолдауымен облыстың криминогенді аудандарында полицияның стационарлық пункттері ашылды, патрульдік полиция бөлімшесінің автопаркі жаңартылды және учаскелік полиция пунктіне арналған құрылыс жұмысы жалғасуда.
Енді облысымыздағы қылмыс жайына келсек, жыл санап құқықбұзушылық азайып, бұл бағыттағы көрсеткіш те кеміп келеді. Мәселен, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыс саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10%-ға, соның ішінде аса ауыр түрлері 19%-ға, ауыр түрлері 7%-ға, орташа және онша ауыр емес қылмыс көрсеткіші тиісінше 18-16%-ға төмендеді. Әрі кісі өлтіру (33%), қарақшылық шабуыл (50%) мен бұзақылық та (8,1%) едәуір азайды. Осы ретте уақтылы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде көшелерде жасалатын қылмыс 16%, рецидивті қылмыс 3,8% және мас күйде орын алатын қылмыс 21,8%-ға дейін кемігенін айта кеткен артық болмас.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары облыс аумағында жол-көлік оқиғасы жиі тіркеліп, көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып отырғаны баршаға аян. Бұл – көбіне жол ережесін сақтамау мен жылдамдықты шамадан тыс арттыру салдарынан болып жатқан оқиға. Ең өкініштісі, әлгіндей жайлардан жазықсыз жандар зардап шегіп, кейде арты адам өліміне әкеп соқтыруда. Мұны еш нәрсемен ақтап ала алмайсың. Бір көңілге жұбаныш жай, былтырғымен салыстырғанда өткен төрт айдағы жол оқиғасы 82-ден 71-ге (13%) төмендеп, қаза тапқандар мен түрлі жарақат алғандар қатары да азайып отыр. Әрине, бұл мақтанарлық көрсеткіш емес. Сондықтан тәртіп пен талапты күшейтіп, қызметті әлі де ширата түсуіміз қажет. Ол үшін алғашқы кезекте көлік иелері сақтық шараларын қатаң сақтап, өзінің ғана емес, өзгенің өміріне де жауапты екенін бір сәт естен шығармағаны абзал.
Тоқетер сөз, тәртіп сақшылары тарапынан бақылау мен қадағалау жұмыстары босаңсымай, алда да жалғасады.
Мирхат Әженов,
жергілікті полиция қызметі
басқармасының басшысы,
полиция полковнигі