Бүгін облыс әкімдігінің М.Ықсанов атындағы залында Қазақстан республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Батыс Қазақстан облысы бойынша стратегиясының іске асырылуы мәселелерін талқылаған жиын өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен өткен басқосуға өңірге іссапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бастығы Расул Медетов, Қазақстан Республикасы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау мен бағалаудың республикалық арнайы мониторингтік тобы басшысының орынбасары Рафаэль Гасанов және қала, аудан әкімдері, өзге де мемлекеттік құрылымдардың басшылары қатысты.
Басқосуды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 12 маусымда үлкен жиында сөйлеген сөзінде аса мән-маңыз беретін 10 бағыттың бірі ретінде сыбайлас жемқорлықты жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап көрсеткенін айтты. «Мемлекет басшысы тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, бүкіл қоғам болып қоғам дертімен күресуге жұмылу қажеттігін айтқан болатын, сондықтан да бұл мәселеде барлығымыз бірігіп, жұмыс жасауымыз керек. Жыл басынан облыс аумағында жұмыс істеп жатқан «Ақжайық - адалдық алаңы» жобасы мемлекеттік институттарға азаматтардың сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру бағытындағы шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстардың оң нәтижесі бар. Қазіргі кезде осындай «Ақжайық - адалдық алаңы», «Ашық әкімдік» және басқа да жобаларымыз облыс деңгейінде барлық ауданға таралу үстінде. Бірнеше ауданда жаңа ғимараттарда, аудандық әкімдіктерде ашылды. Мұны әрі қарай жалғастыруымыз керек, нақты жоспарымыз жасалған. Сыбайлас жемқорлық тек мемлекеттік қызмет саласына тиесілі емес, басқа да тәуекелдер кездеседі, мысалға, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға да қатысты айтуға болады. Сондықтан көлеміне қарамай барлық инвестициялық жобаны әкімшілік, агенттік тарапынан бірлесіп, қолдау шаралары күшейтілуде», - деді Мұхтар Манкеев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет еліміздің халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болғанын, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілгенін, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілгенін баяндады. Оның айтуынша, биылғы 9 айда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және болдырмау мақсатында департамент тарапынан 9 мемлекеттік орган мен ұйым қызметтеріне талдау сыртқы талдау жүргізілген. 8 мемлекеттік мекеме қызметіне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 59 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Соған орай жүргізілген талдау қорытындысы бойынша берілген ұсыныстардың барлығы дерлік орындалған. Сонымен қатар 3-тоқсан қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді және жерлеу қызметін ұйымдастыру, қызметтік тұрғын үй беру, экологиялық бақылау, агроөнеркәсіптік кешен, көліктік бақылау салаларында тақырыптық мониторинг жүргізіліп, жергілікті атқарушы құрылымдар мен аумақтық департаменттерге 54 ұсыным жіберілген. Оның 35-і немесе 64,8 пайызы орындалған.
«Сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алудың мониторингі нәтижелері бойынша биылғы 9 айда сатып алу жоспарларындағы бағаны өсіріп көрсету фактілері анықталып, 600-ден астам бюджет әкімшісіне ұсынысхаттар жолданған. Соған орай сатып алу жоспарларындағы тауар бағаларын медиандық бағаға келтіру нәтижесінде 355,3 млн. теңге қаражат үнемделіп, соның ішінде 219.9 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Бұдан басқа Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізу жөніндегі тапсырмасына сай «Сапалы жол» жобасы аясында «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК БҚО бойынша филиалымен бірге 41 мониторинг жүргізіліп, 37 кемшілік анықталған. Кемшіліктерді жою жөнінде филиал мердігер компанияларға тиіситі хабарлама жолдаған. Бүгінде соның 19-ы немесе 51 пайызы орындалған.
-«Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасына сәйкес барлық ауданда сервистік әкімдіктер ашу тапсырылды. Бүгінгі таңда тек Ақжайық, Бөрлі, Тасқала аудандарында ғана сервистік әкімдіктер ашылды. Казталов ауданында қазан айының соңына дейін ашылмақ. Сырым ауданында биыл ашылмайтыны белгілі болды. Сондықтан бұл тапсырманың Президент әкімшілігінің бақылауында екендігін назарларыңызға саламыз, - деді Нұрдәулет Сәмет.
Жиында айтылғандай, жыл басында «Адал көмек» жобасы іске қосылып, заңгерлер мен мемлекеттік қызметшілер түсіндіру жұмыстарын онлайн түрде жүргізуде. Мұндай жұмыс Теректі ауданында «ақсап» тұр. Жақында аудан активімен өткен кездесуде сыйлық неше күнде және қайда тапсыру керек деген деген сұрақтарға мемлекеттік қызметшілер жауап бере алмаған. Осыған байланысты «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында мекеме басшыларына өз қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша жаңадан енгізілген өзгерістерді түсіндіру бағытында семинар өткізу тапсырылды.
Басқосуда сөз алған Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бастығы Расул Медетов облыс орталығындағы дәрі қоймаларына барып, мониторинг жасағандарын, жағдайдың бақылауда екендігін айтты. Мониторингтік топ медициналық мекемелерге барып, сол жердегі дәрі-дәрмектің жеткілікті екендігін тексеруді мақсат тұтып отыр. Агенттіктің алдына қойған мақсаты - сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу, алдын алу бойынша жұмыстар жасау. Соған орай республика бойынша бірқатар жоба қолға алынған. Солардың бірі - жол сапасына, жол құрылысы саласындағы жемқорлыққа байланысты жоба. Соңғы үш жылдың өзінде 3 облыстың «Қазавтожол» мекемесінің басшылары істі болды, сотталды. Көліктік бақылау деген мекеменің үш облыстағы басшылары да істі болып, темір торға түсті. 9 саяси мемлекеттік қызметші қызметінен кетті. Әлі 14 саяси мемлекттік қызметші мониторингте бақылауда тұр. Егер де сол басшылардың қарамағандағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары дәлелденсе, олар да қызметінен кетуіне байланысты арыз жазуға міндеттеледі.
-Заңнамаларға енгізілген өзгерістер өздеріңізге мәлім. Келесі жылдан бастап мерзімінен бұрын босатуға байланысты шектеу қойылады. Осы уақытқа дейін біздің тарапымызға көптеген сын айтылып келеді. Жемқорлыққа байланысты азаматтар ұсталынады, 1-2 жыл өткеннен кейін босап кетеді. Бұл мәселеге енді Президент тапсырмасына сәйкес шек қойылатын болды. Сот үкімі бойынша азамат істі болып, бес жылға бас бостандығынан айырылатын болса, сол бес жыл бойы түрмеде отыруға міндетті болмақ. Бұдан бөлек осы жақында заңнамаға бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Соның ішінде квазимемлекеттік сектордағы субъектілеріміз кеңейтілді. Бұрында осы мекемелердің бірінші басшылары және бухгалтерлері ғана субъект болатын болса, енді сол мекемелердегі мемлекеттік сатып алуға жауапты бөлім басшылары және қаржыны бөлу, жобаларды іске асыруға байланысты арнайы бөлімдердің лауазамдық тұлғалары алдағы уақытты сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша субъект болып жауапқа тартылады. Бүгінге дейін 2140 қылмыстық іс тіркелген екен, оның 74-75 пайызы пара беруге қатысты анықталған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, биыл ол 7 пайызға төмендеген. Бұл - қуанышты жағдай, ортақ алдын алу бағытындағы жүргізілген жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Сондықтан бірлесіп, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық кеселмен күресе береміз», -деп қорытты сөзін Р.Медетов.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz