18.11.2022, 11:00
Оқылды: 189

Қоғамдық мекемелерде ана мен балаға жағдай жасалған ба?

Тамыз айының кешінде Оралдағы мейрамханалардың бірінде құрбыларымызбен кездестік. Екеуінің де кішкентайы бар. Бас қосқанымыз сол еді бірінің үш айлық баласы мазасыздана бастады. Сөйтсек, тамақтанып, ұйықтайтын уақыты болған екен. Алайда біз отырған жерде ана мен балаға арналған оңаша бөлме қарастырылмапты. Бағымызға орай залда әзірге бізден басқа ешкім жоқ еді. Құрбым дәл отырған орнымызда бөбегін емізіп, ұйықтатты.

Бұл бір ғана мысал. Күнделікті өмірде сәбилі аналар осы мәселемен жиі бетпе-беп келіп жатады. Біз қоғамда көбінесе баламен жүрген әйелдерді ғана көреміз, әкелерді сирек байқаймыз. Ал бала әке мен шешеге бірдей ортақ. Әсіресе емхана, балабақша, халыққа қызмет көрсету орталығы, мектепке, тағы басқа да мекемелерге баласын жетектеп, сәбиін қолына ұстап келетін адамдардың дені аналар. Алайда қоғамда ана мен баланың жағдайы үшін толық мүмкіндік жасалған ба?

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының динамикалық кестесіне сүйенсек, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында 14 мың бір жасқа толмаған бала, саны одан сәл көбірек бір жастағы бала және 13 мыңға жуық екі жастағы бала бар. Демек 40 мыңға жуық ана баласымен бірге қоғамдық орында еркін жүре алмауы мүмкін. Ана мен балаға қоғамда қандай жағдай жасалғанын байқап көрдік.

Бекетте мүмкіндік бар ма?

Оралдағы «Hazar» автобекетіне бардық. Бірінші қабатында тайға таңба басқандай «Ана мен бала» бөлмесі деген жазу ілінген есікке бірден көзіміз түсті.

ана мен бала (3)

Кілтеулі тұрған бөлмені бекет директоры Ілияс Асқарұлы өзі ашып көрсетті. Оның айтуынша, бөлмені аптасына шамамен 3-4 әйел адам пайдаланады екен.

ана мен бала (6)

Әдемі суретпен безендірілген бөлмеде унитаз, қол жуатын орын, баланың киімін ауыстыратын үстел, ойын үстелі, ойыншықтар, керует бар. Демек автобекет әкімшілігі ана мен баланың жағдайына жауапкершілікпен қарайды деген сөз.

Ендігі кезек қаладағы теміржол бекетінде. Бұл жерде де арнайы бөлме болғанымен үшінші қабатта орналасқан. (Төмендегі суретте)

ана мен бала (2)

Кішкентай бөпесін бесік арбамен тасып жүрген аналарға ыңғайсыз. Ғимаратты жалға алып отырған «Ануар – тама» ЖШС иесі Ануар Қуанышев жағдайды түсіндіріп берді. «Ғимараттың үшінші қабатын жалға алып отырмын. Барлығы 15 бөлмені ақылы беремін. Ана мен бала бөлмесіне баласын емізуге аналар жиі келеді. Өмірде барлығы да біз ойлағандай жақсы емес. Келеңсіз жағдайлар, отбасында түсініспеушіліктер болады. Күйеуіне ренжіп үйінен кеткен әйелдер барар жері немесе қаражаты жоқ екендігін айтып келіп тұрады. Олардың бетін ешқашан қайтарған емеспін. Өзімнің де екі қарындасым бар. Әйелдердің жағдайын жақсы түсінемін. Ал ана мен бала бөлмесін 1-қабатқа орналастыратындай менде мүмкіндік те, құзырет те жоқ. Балалылар үшін арнайы бөлменің ыңғайлы орналасқаны маңызды»,– дейді Ануар.

Биыл сәуір айында ғана ашылған Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайда ана мен бала бөлмесінің екеуі бар.

ана мен бала аэ (2)

Әуежайдың бірінші қабатындағы бөлме

Бірі бірінші қабатта, бірі екінші қабатта орналасқан. Барлық керек-жабдықпен қамтылған.

ана мен бала (1)

Әуежайдың екінші қабатындағы бөлме

Одан басқа бірінші қабатта киім ауыстыратын бөлменің үшеуі бар. Әуежай басшылығы бізге берген жауабында ол жерде баланың жөргегін де ауыстыруға болатынын айтқан.

Мемлекеттік емханалардағы жағдай

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың түсіндіруінше, қала және аудандардағы барлық емханада баланы дамыту кабинеті бар. Ол кабинеттер баланың киімін ауыстыратын үстел, дивандармен жабдықталған. Аналар бұл кабинетте балаларын да емізе алады екен. Дегенмен Аяужан Кереева есімді жас ана мұндай жауаппен келіспейді.

ана мен бала (7)

Қаладағы №1 емхананың баланы дамыту кабинеті

«Дәмхана-мейрамханаларды айтпағанның өзінде, мемлекеттік мекемелерде, әсіресе емханаларда баламен оңашаланатын жер көрмедім. Ретін тауып жөргегін ауыстырарсың, бірақ бала емгісі келген жағдайда емханада бұрыш іздеп кетеміз. Оның үстіне жағалай бақылау камералары орнатылған. Мен қаладағы №3 қалалық емханаға жиі барамын. Ол жерде балаға арналған кабинет барын байқамаппын. Біз қаралатын педиатр-дәрігер өз кабинетінде баланы емізуге рұқсат береді. Дейтұрғанмен маған ыңғайсыз. Жайбарақат отыра алмаймын. Бұл мәселе мейрамхана ісін жүргізіп отырған кәсіп иелеріне де қатысты. Қалада арнайы бөлмесі бар тамақтану орындары жоқтың қасы», – дейді Аяужан. Кейіпкердің сөзіне қарағанда, әйелдердің көпшілігі әр емханада баланы дамыту кабинеті барын білмеуі мүмкін.

ана мен бала (4)

Казталов аудандық ауруханасыдағы кабинет

Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары не дейді?

Батыс Қазақстан облысында халыққа қызмет көрсететін 17 бөлім бар. Оның үшеуі облыс орталығында қызмет көрсетеді. Ана мен балаға арналған бөлменің Жамбыл және Жәңгір хан көшелеріндегі мамандандырылған орталықта бар екенін анықтадық. Ал Исатай-Махамбет көшесіндегі №2 халыққа қызмет көрсету бөлімінде арнайы бөлме қарастырылмаған.

1668694160032

Жамбыл көшесіндегі ХҚКО-ның ана мен бала бөлмесі

Себебін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Асқар Сандыбаев ғимараттың ішінде бөлек орынның болмауымен, ғимаратты жалға алып отырғандығымен түсіндірді. Мекемеге балалы аналар жаз мезгілінде көп келетін көрінеді. Ал қыста әжептәуір азаяды.

Университеттер мен мемлекеттік мекемелер

Өңір және қала мектептерінде, балабақшаларда да өкінішке қарай мұндай бөлмелер жоқ екенін анықтадық. Ана мен балаға қандай мүмкіндік жасалған деген сауалымызды қаладағы ірі деген Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жоғары оқу орындарының баспасөз қызметкерлерінен сұрап көрдік. Екі университетте де ана мен балаға арналған арнайы бөлме жабдықталмапты.

БҚУ-дың баспасөз хатшысы Айзада Дюсенова балалыларға толық емес жұмыс күні, яғни 8 сағаттың орнына 6 сағаттық жұмыс күні қарастырылғанын айтты. Декреттік демалыстың тиісті мерзімінен бұрын жұмысқа шыққан әйел толық емес жұмыс күніне заң жүзінде құқылы. Бұл баланы 1.5 жасқа дейін емізу қажеттілігімен түсіндіріледі. ҚР Еңбек кодексінің 82-бабына сәйкес, 1.5 жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге және баланы анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге жұмыстың әр 3 сағатынан кем емес уақытқа баланы тамақтандыру үшін қосымша үзілістер ұсынылады:

-           бір баласы барға - әр үзіліс 30 минуттан кем емес;

-           екі немесе одан да артық баласы барларға - әр үзіліс 1 сағаттан кем емес.

Ал үзілістің дәл ұзақтығы жұмыс берушімен жеке келісіледі.

Баланы тамақтандыруға үзілістерді түскі үзіліспен бірге немесе барлық үзілістерді жинақтап жұмыс күнінің басында немесе аяғында пайдалануға болады. Баланы тамақтандыруға арналған үзілістер жұмыс уақытына қосылады. Үзілістер уақытында әйелдердің, әкелердің, бала асырап алушылардың орташа жалақысы сақталады.

 

базарова

Суретте: Айнұр Базарова

Бұл білім мекемелерінің қоғамдағы барлық топ өкіліне жағдай жасамайтынын көрсетеді. Мысалы, Еуропа университеттерінің кампус аумағында жас аналарға арналған арнайы орталықтар бар. Ұлыбританиядағы Сассекс университетінде білім алған қазақстандық Айнұр Базарова жеке тәжірибесін бөлісті. «Магистратураның негізгі оқу жылына барғанда жүкті едім. Екі айдан соң босандым. Сол кезде сессия басталды. Брайтон қаласындағы мен оқыған Сассекс университетінің кітапханасында «Отбасылық оқу бөлмесі» пилоттық жобасы жүзеге асқан еді. Іші компьютермен, ойыншықтармен, барлық қажет затпен жабдықталған. Басқаларға кедергі келтірмей, отбасылық бөлмеге барып баланы ойнатып, жөргегін ауыстырып, тамақтандырып, еш кедергісіз сабағыңа дайындала аласың. Оның үстіне жолдасым балалардың визасына байланысты Қазақстанға кетті де, кішкентайыммен қалдым. Мұғалімдердің рұқсатымен сәбиімді дәрістерге бірге апарып жүрдім. Олар қуана келісті. Тіпті жылап жатса дәрісін тоқтатып, баламды жұбатып, қолына алып дәрісті жалғастыра беретін. Сассекс университетінде барлық адамның тең деңгейде білім алуына үлкен мүмкіндік берілген. Қалада да қандай мекеме болмасын сауда орталығы ма, әлде қызмет көрсету орталығы ма дәретхананың ішінде арнайы бір бөлме аналар үшін жабдықталған. Жаялық ауыстыратын үстелі де бар», – дейді Айнұр.

универ

Сурет Сассекс университетінің facebook парақшасынан

Біз қарастырған түрлі мемлекеттік мекемеде де ана мен бала бөлмелері қарастырылмапты. Бұл мәселеге қоғамдық кеңес араласса шешіле ме? Сұраққа облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Айнұр Арыстанова жауап берді. Оның түсіндіруінше, қоғамдық кеңестегі барлық мәселе азаматтардың ұсынысы мен өтініші арқылы шешіледі. «Мемлекетімізде көмекті қажет ететін мәселелердің бірі  – ана мен балаға қолдау көрсету. Қазақстанда әйелдердi кемсiтушiлiктiң барлық нысанын жою туралы конвенция бар. Біз қашанда аналарға қолдау білдіруге дайынбыз. Материалдық тұрғыдан мемлекеттен де, меценаттар тарапынан да көмек көрсетілуде. Мемлекеттік грант алып, кәсіппен айналысуына да шектеу жоқ. Аналар көбіне әлеуметтік желілер арқылы талаптарын, мәселелерін көтере алады. Соңғы уақытта әйелдер, аналар тарапынан алғыстан гөрі арыз-шағымдар көп. Қоғамдық кеңесте барлық мәселелер ұсыныс пен өтініш арқылы шешіледі. Тұрғындар өтініштерін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы 201, 419-бөлмеге жазбаша түрде немесе [email protected] электронды поштасына жібере алады», – дейді Айнұр Арыстанова.

Динара Насыр,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале