23.05.2019, 14:49
Оқылды: 96

Қоғамның дертін дөп басқан қойылым

Жақында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» драмасының премьерасы өтті. Прозалық шығарманы Тасқала аудандық халық театрының артистері сахналады. «Ар азабы» туындысы – Мира Шүйіншәлиеваның бесінші кітабы.

DSC_0719

Театрға аталған қойылымды тамашалауға келген көрерменнің көптігі соншалық залда ине шаншар орын табылмай, драманы тігінен тік тұрып көргендердің қарасы қалың болды. Бұл – Ақжайық жұртының жазушы қызына деген ерекше құрметін көрсетсе керек.

Қойылымда отызға дейін сүрбойдақ атанған Ғаділбектің бала махаббатына деген адалдығы көрініс табады. Отызға дейін еш қызға сөз де, көз де салмаған жас ғалымның жүрегінен бала күнгі махаббатының бейнесі әсте өшпеген. Оқу бітірген соң, мұхит асқан Бота сыныптасы Ғаділбекті шетелден өзі іздеп келіп сезімін білдіреді. Сүйген сұлуының өзі қиылып өтініп тұрғанда көңілі қобалжып, есінен тана жаздаған жігіт дереу той қамына кіріседі. Бірақ, ұлының бұл жаңалығына анасының шыр-пыры шығып, қарсы болады. Талай жазған хатын жыртып, сезімін сыйламаған қызға ана жүрегі жібімейді. Әйтсе де, кітаптан басқа жиғаны жоқ, тапқан тиын-тебені жыртығын жамауға жетпеген анасы Науат көршілерінен кілем-төсеніш алып, қарызданып-қауғаланып той жасайды.

????????????????????????????????????

Заңды некеге тұрғалы күйеуінің үйіне бір қонбай, төркінінде сайран құрған келіншектің арам пиғылы кейін белгілі болады. Бота құрсағындағы нәрестенің кімнен екенін өзі де анық білмейді.

Ақырында өзін сүйген жанның адалдығын өз мақсатына пайдаланған Ботаның кесірінен Науаттың отбасының ойраны шығады. Ғаділбек сезім азабынан жынданып кетіп жападан-жалғыз қалса, Ботаның бұйра шашты нәсілі бөлек мүгедек перзенті шешесі Майжанды зар жылатады. Жалғыз ұлы үшін шыр-пыры шыққан Науат ана болса, баласының кегін алу үшін құда-құдағайының есігін күні-түні күзетумен өткізеді. Осылайша, «Ар азабының» негізгі кейіпкерлері арқылы автор бүгінгі күннің өзекті мәселелерін арқау ете отырып, көрерменді бей-жай қалдырмады. Ұлттық тәрбиеден алшақтаған ұрпақ санасының көрінісі суреттелген қойылым көрермен көкірегіне ой салып, түрлі сауалдарға жетелейді.

IMG_2607

Ерекше атап өтерлігі – қойылымдағы кейіпкерлерді кәсіби артистер емес, әуесқой өнерпаздар сомдады. Тасқала аудандық халық театрының режиссері әрі басты рөлді сомдаған Мағжан Жұмағалиевтің айтуынша, олардың бірі – аспаз болып еңбек етсе, енді бірі – мұғалім, тіпті, біреуі – көлік жүргізуші көрінеді. Бірақ, осыған қарамастан драмадағы кейіпкерлерді асқан шеберлікпен сомдап, шығарманың айтар ойы мен маңызын көрерменге жеткізе білген артистерге жиналған жұртшылықтың қошеметі бір толастамады. Бір сағат отыз минут бойы шиеленісе өрбіген оқиғалар желісі халықты тапжылтпай, ынтызарлықпен ұстап отырған өнерпаздардың өнері кәсіби артистерден еш айырмашылығы болмағанын жиналған қауым ерекше атап өтті.

– Ізімнен ерген Мира сіңілімнің осындай шығармалық жолында үлкен абыройға ие болғаны, қиын тағдырлар мен қиын кезеңдерде сынбай, өз өмірімен күресе жүріп бес кітапты өмірге әкелуі – үлкен ерлік деп білемін. Бүгін сахнада қойылған «Ар азабы» секілді шығармаларының көптің көңілінен шығуы, халықаралық сыйлыққа ие болуы – мен үшін үлкен қуаныш, – деді алғаш болып сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева.

– Ұрпағымызды ар азабынан сақтасын, ұрпағымызға ар азабын тартқыза көрме дейтін тілекпен жүретін қазақпыз, – деді айтыскер Шолпан Қыдырниязова ерекше тебіреніспен, – Мен «Ар азабын» оқыдым. Тұнып тұрған қоғамның бітеу жарасы, қоғамның шиқаны. «Е, Алла, осындайдан сақта» деп жүрген оқиғалардың көрінісі. Біздің күнде көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезініп жүрген оқиғаларды Мира өз шығармасында қапысыз суреттей білген.

IMG_2523

– Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы 1992 жылдан бері беріліп келеді. Елімізде бұл сыйлыққа ие болған біздің атақты жазушыларымыз мен әдебиетшілермізді бәріміз жақсы білеміз. Ал, біздің облыстан осы сыйлықты иеленген Мұқадес Есламғалиұлы мен Ақұштап Бақтыгереева апамыздың ізін Мира Хамзақызы жалғап, осынау мәртебелі атаққа ие болған Ақжайықтағы үшінші қаламгер атанып отыр. Осы халықаралық сыйлыққа ие болған шығарманы дәріптеп, бүгін үлкен сахнаға шығарған Тасқала ауданының әкімі Алдияр Сансызбайұлы бастап келіп отырған барлық өнерпаздарға өңір басшылығының атынан зор алғысымызды жеткіземін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

????????????????????????????????????

Ал құшағы гүлге толып, халықтың ерекше құрмет-қошеметімен сахна төріне көтерілген жазушы Мира Шүйіншәлиева барлық тілеулестеріне алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Кеудесін кернеген толқыныс пен қуаныштан туған екі шумақ өлеңін ерекше тебіреніспен оқыды:

– Хас өнердің құлатпаған мұрасын,

Зердеге ой, көңілге мұң құясың.

Ақ сағымдай қиял құсын қуатын,

Сахнада шыңға өрлеп шығатын.

Тасқалалық театрға мың тағзым!

Баптай білген, бұзбай өнер ұясын,

Көрерменім!

Құшағыма қызыл гүлді жиясың.

Сәл қуансам, қаумалап қол соғасың,

Жүрек жырлап, тілім барда сайрайтын,

Құрғатпаймын қаламымның сиясын.

Асыл халқым, баршаңызға мың тағзым,

Аялаған бір жапырақ Мирасын!

Ал, біз қоғамның дертін дөп басқан қойылымның ғұмырлы болуын тілейміз.

Нұрсұлтан Мықтыбай,

журналист

DSC_0715IMG_2548IMG_2674DSC_0577 DSC_0757

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале