27.04.2023, 9:30
Оқылды: 72

«Қой, енді бізге ұл керек»

«Ерекше есімнің» бүгінгі кейіпкері бала кезінен журналист болуды армандаған екен. Үмітін үкілегентбалауса қыз асқақ арманмен Алматыға аттанады. Бірақ журналист  мамандығына тапсырып жатқан талапкерлердің көптігін байқап, кітапханашы болуға таңдау жасайды. Қалам мен кітапты  ерекше  жақсы  көретін кейіпкеріміздің маңдайына  кітаппен жұмыс істеу бұйырыпты.  Ерекше есімнің иесі Аққойқын Мырзашева – Дарынды балаларга арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының кітапханашысы.

IMG-20230427-WA0010

Аққойқын апай ата-анасының бесінші қызы болып жарық дүниеге көрінеді. Ол сол кездегі Тайпақ ауданының Базартөбе ауылында туып-өскен.

– Анам мені Тайпақ ауданының Қарауылтөбе ауылындағы ауруханада босанған. Сол ауруханадағы үлкен кісі анама «Ұл керек болса, қыздарыңа ерекше есім қойыңдар» деген ғой. Содан мені Аққойқын деп атапты. Көпшілігі «Неге Аққойқын, «Ақ» дегені түсінікті, өзің де аппақсың. «Қойқын» деген не мағына береді?» деп сұрайды. Меніңше, ата-анам  қыздар баршылық болғасын, «Қой, енді бізге ұл керек» деген мағынада ырымдап қойған ғой.

Ата-анамның ақ тілеуі орындалып, Алланың қалауымен менен кейін екі ұл дүниеге келді. Адамдармен алғаш танысқан кезде атымды бір емес, бірнеше рет айтуға тура келеді. Той-жиындарда сөз бергенде де атым анық аталған емес. Аққойсын, Ақтойдық деп шатастырады. Кейде атым сондай қиын болса, ауыстырып алсам ба екен деп ойланып қаламын.

Бірақ іле-шала ата-анамның азан шақырып қойған аты ғой  деп сабырға келемін, –  деді бізбен бірден ашылып әңгімелескен Аққойқын апай.

Өзінен кейін екі ұл ерте келген кейіпкерімізді ата-анасы «Майқұйрық қыз» деп айрықша жақсы көреді.

Өзі де отбасындағы басқа балалардан дараланып тұратын, еркін, ерке қыз болып өседі. Мектептегі іс-шараларды ұйымдастырып, тыным таппайтын қыз бала оқуда озат, белсенді оқушы болып бойжетеді. Ол мектеп бітірген соң Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын  бітіріп, алғашқы еңбек жолын ауылдан бастайды. Үнемі ақ киімдер киіп, жарқырап жүретін оны курстастары «Ақ қоян»  деп атапты. Жұбайымен алғаш танысқан кезде есіміне тілі келмей, «Алька» деп атап кетіпті. Ал бауырлары оны «Ақ апа» деп ерекше еркелетеді  екен.

Аққойқын Мырзашева өз жұмысын ерекше жақсы көреді. Кітапханашы «Соңғы кездері балалар кітап оқымайды» деген пікірмен де келіспейді.

– Кітапхананың есігі ешқашан жабылған емес. Қазіргі балалар қазақ жазушыларынан гөрі шетел аудармаларын, психологиялық мотивация беретін  кітаптарды және шытырман оқиғалы шығармаларды оқығанды ұнатады. Кейбірі қаржылық сауаттылық туралы аударма кітаптар сұрап жатады. Ауылдан келген балалар болғандықтан, олардың тіл үйренуге деген ынтасы жоғары.

Сондықтан да болар, ағылшын, орыс тілін үйрететін сөздік кітаптарды жиі сұрайды. Жалпы мектепте балалардың кітапқа құштарлығын арттыру бағытында көп жұмыстар жасалады. Соның бірі – кітап оқу айлығын өткізіп, оқыған кітаптары бойынша тест жұмыстарын жүргізіп, көп кітап оқыған жеңімпаздарды анықтаймыз. Оларға велосипед, смартфон, басқа да бағалы сыйлықтар беріледі, – дейді  Аққойқын  апай.

Кейіпкеріміз – үш перзент тәрбиелеп өсірген ардақты ана, бақытты әже. Қыздары қаржы саласында еңбек етеді. Ал ұлы жеке кәсіппен айналысады. Қыздарынан көрінген төрт жиені кейіпкеріміздің көзқуанышына айналған.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале