18.01.2021, 20:16
Оқылды: 37

Көк бөрі мен көп киік бөкейлік шаруалардың мазасын қашыруда    

Нарынның сырты – дала, іші – пана. Ескіден жеткен осынау есті сөз киелі өлкенің қадір-қасиетін айшықтап тұрғандай. Мұны тіршілігін төрт түлікпен байланыстырып, шаруа баққан қыр қазағы тіптен жақсы біледі. Бұл өңірдегі шаруашылықтар саны былтыр 19-ға артып, 542-ге жетіпті. Қазіргі таңда аудан бойынша 517 қыстақ тіркелсе, оның 324-і құм қойнауына орналасқан. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей, жыл он-екі ай ен даланы еркін жайлаған қыр қазағының көбісінде шаруа да күр, тұрмыс та шалт. Сол малды ауылдар иелігінде 422 жеңіл автокөлік пен 354 трактор бар. Әрі 226 қыстақ жоғары кернеулі электр желісіне қосылған болса, соңғы жылдары өз қаржысына пункттеріне электр желісін тарттырып, көгілдір отын өткізушілер қатары өскен. Ал 264 қыстақ электр қуатын күн батареялары арқылы алып отырса, соның 81-і өткен жылы қойылды.

 шөп

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша былтырғы жылдың он бір айындағы өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 10 млрд 205 млн 400 мың теңгені құрады. Былайша айтқанда, нақты көлем индексі 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,7%-ға артты.

Енді қыстаққа кірген мал санына келсек, аудан шаруашылықтарының барлық санатында (2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет) ірі қара 74624 (9,4%), жылқы 28738 (16,0%), қой мен ешкі 89735 (2,4%) және түйе 1038 (6,9%) басқа жетіп, төрт түліктен де өсім байқалды. Сондай-ақ өткен жылы тірілей салмақта 7468,50 тонна ет пен 13097,5 тонна сүт өндірілсе,  еттің 69%-ы, ал сүттің 61%-ы шаруа қожалықтарының үлесіне тиесілі. Негізінен, 2326 ірі қара, 729 жылқы, 223 қой Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС-на өткізілсе, 990 бұқашық мал бордақылау орындарына тапсырылды. Мұның сыртында өзге облыстарға шығарылған 16372 ірі қара, 19089 қой, 4798 жылқы және 122 түйе малдары және бар, - деді бізбен әңгімесінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек  Хайроллин.

Иә, бұрын «Түлік – төлден өседі» деп мал басының көптігіне малдансақ, қазіргі шаруагерлер саннан сапаға көше бастағандай. Бүгінгі таңда ауданда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 25 шаруашылық тіркелсе, олардың бағымында 8638 ірі қара, 1100 жылқы және 258 түйе бар. Мұның сыртында 184 шаруа қожалығы тауарлы малдарын асылдандыру бағытында 367 асыл тұқымды бұқа сатып алған. Ауданда абердин-ангус тұқымды ірі қара өсіріп отырған «Береке», «Курорт» және «Құспан» сияқты шаруа қожалықтарының берекелі істері көпке үлгі көрінеді. Былтырғы жылы тағы екі шаруашылық Белоруссиядан 539 (266-сы герефорд, 273-і ангус) асыл тұқымды мал жеткізіпті. Осы ретте жабы және көшім тұқымды қылқұйрық баптаған азаматтардың да («Рауан», «Боранбаев» қожалықтары) шаруасы өрісті екен.

Сүйінбек Жексенбайұлының айтуынша, тек өткен жаздың қуаңшылықты болуы мал азығының жеткілікті қорын жасақтауға елеулі қиындықтар туғызған. Ораққа ілігетін жердің бәрін тырнап жинағанның өзінде 1 қазанға дейін 80,9 мың тонна (56,4%) шөп дайындалып, алдыңғы қыстан қалған 63,2 мың тонна мал азығын қоса алғанда ғана жоспар 100,5%-ға орындалыпты. Сонымен бірге 31 шаруа қожалығы жекелерге шөп сатумен айналысып, 1 бума (рулон) шөптің бағасы 5000-6000 теңгені құраған. Қазіргі күнге дейін шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер көмегімен 1800 тонна (30 келілік қапшық құны – 2800-3000 теңге) жем әкеліп сатылса, бұл жұмыс одан әрі жалғасуда.

Айтпақшы, аудан әкімінің өкімімен мал қыстату науқанына байланысты арнайы штаб құрылып, ауылдық округтерге жауапты адамдар бекітіліпті. Қысқасы, шаруа басында жүрген бөкейордалықтар сындарлы сәттен сүрінбей өту үшін қолдан келген іс-шараларды ұтымды пайдалануға күш салуда.

Тақырыпқа тұздық

Өзіміз тілдескен еңбек адамдарының аузынан естіген мына бір түйткілді мәселені де бүгіп қала алмадық. Алдымен, сол баяғы түз тағысы – көк бөрі көптің мазасын кетіріп отыр. Кей азаматтар ебін тауып, «қақпанға» түсіріп жатса да, «жаманауыздан» жапа шеккендер қатары көп. Жуырда Сайқын ауылдық округіне қарасты Шоңай көліндегі Майский қыстағында көмекші малшыға қос қасқыр шабуыл жасап, сол маңда жүрген шекарашы жігіттердің қырағылығы арқасында аман қалған. Әлгі «жүгірмектер» сонда да тегін кетпей, екі қой мен екі ешкіні жарып үлгеріпті. Осындайда қарулы азаматтар атқа қонып, көкжалдың көкесін танытайын десе, оған әзірше құзырлы құрылымдар тарапынан шектеу қойылған. Сонда қайтпек керек... Адам да,  мал да тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете бермек пе?!

Бүгінгі күннің тағы бір өзекті мәселесі – дархан даланың иесі һәм киесі атанған ақбөкендердің еркінсуі. Олар ала жаздай жайылым мен шабындықты отаса, енді қырға үйіліп, қоршалған маяларға «шабуыл» жасай бастаған. Толғауы тоқсан тіршілік-ай десейші! Осылайша қасқыр шаруаның алдындағы ақ адал малын жесе, киік қысқа жинаған шөбін жайпауда...

 

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале