2002 жылғы наурыз айының алғашқы күндерінің бірі-тін. Мен ол кезде республикалық «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісі едім.
Сәске түс шамасында үй телефоны шылдырлады. Жұбайым жұмысында, балалардың алды мектепте, кейінгісі балабақшада болғандықтан, үйде телефонның тұтқасын көтерер менен басқа ешкім жоқ-ты. Хабарласқан кісі Шафхат Әнесұлы Өтемісов Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың әлеуметтік сала бойынша орынбасары. Шәкең алтыншы наурыз күні облыс әкімінің қабылдауына келуім керектігін айтты. Кәміл сағат нешеде екендігін де айтқан шығар, ол жағы жадымда жоқ. Қабылдауға шақырудың мән-жайын сұрап едім, ашып айтпады. Бар болғаны «Журналистер сезімтал жандар ғой, бәлкім, өзіңіз де сезіп тұрған шығарсыз...» кеңкілдей күле жұмбақтады. Алайда 8 наурыз мерекесі қарсаңында өңір басшысының жұмыс кестесі қарбалас болып кетті де, жолығуымыз мейрамнан кейінгі күндерге шегерілді. Жаңылыспасам, әкім оныншы наурыз күні қабылдады-ау. Айтпақшы, қабылдауға Шафхат Әнесұлы екеуміз бірге кірдік. Қабылдау барысында Қырымбек Елеуұлы «Орал өңірі» газетіне бас редактор болуды ұсынды.
– Егер осы ұсынысқа келіссеңіз, сізге қояр үш шартым бар. Біріншісі, газеттің мазмұнын оқылымды мақала-материалдармен байытып, дизайнын күрт жетілдіріп, «Орал өңірінің» барынша тездетіп таралымын арттыру керек. Екіншісі, аяқтай барып, өз көзіммен көрмесем де, азаматтардан естіп-біліп отырмын, редакцияның кеңсесі 20 жылға жуық күрделі жөндеу көрмеген көрінеді. Осы шаруаны әрі кетсе бір ай, ай жарым шамасында тындыруға тиіссіз. Бірақ бірден айта кетейін, бұл мәселе бойынша менен көк тиын көмек күтпеңіз. Осы елдің адамысыз, ел-жұртқа танымал азамат көрінесіз. Демек, арғы жағы түсінікті ғой?
– Түсінікті.
– Үшінші шартым, сіздің той-тамаша атқаруда көпке ұнайтын миссияңыз бар екен, соны қоясыз. Ал енді құлағым сізде Бауке?..
– Қырымбек Елеуұлы, алдымен айтарым, маған адам ретінде де, маман ретінде де зор сенім артып, облыстың идеология саласына қатысты жауапты жұмыстардың бірін ұсынып отырғаныңызға әрине, үлкен рақмет! Сөйте тұра, жаңа ғана сіз айтқан міндет-мақсаттар ойдағыдай және уақтылы жүзеге асу үшін екі мәселені айтқаным жөн сияқты.
– Айтыңыз.
– Біріншіден, облыстың жаңа басшылығы тарапынан жаңа бас редакторға маман іріктеу, кадр таңдау бойынша дербес әрекетке мүмкіндік берілсе, яғни өзім таңдасам. Екіншіден, шығармашылық еркіндік сұраймын.
– Екі ұсынысыңызды да мақұлдаймын. Ортақ жұмысты жүргізу үшін мамандарды өзіңіз іріктеп, өзіңіз таңдайсыз. Бұл іске мен де, менің орынбасарларым да араласпайды. Екінші ұсынысыңыз бойынша, бас редактор ретінде сізге еліміздің Конституциясы мен қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң аясында шығармашылық еркіндік беріледі...
Әлеуеті зор саясаткер, ұлтжанды һәм мемлекетшіл қайраткер тұлға Қырымбек Елеуұлы екеуміздің арамыздағы әңгіме-дүкеннің ұзын-ырғасы осы. Содан бір-екі күннен кейін жаңа қызметке қызу кірістік. Өзім бұрын тілші болып қызмет істеген редакция болғандықтан, шығармашылық тұрғыдан жаңартып-жаңғыртуға ішкі дайындық болды. Соның айқын дәлелі, айшықты мысалындай әп дегеннен халықтың жас шамасына қарай әр аудиторияға бағытталған арнайы беттер аштық. Мысалы, балаларға арналған «Шымыр жаңғақ», әскер жасындағы жастарға арнап «Күт мені», жаппай экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Ақ қайың», қазақ арасында дәстүрлі исламды нығайта түсу ниетімен «Нұрсана», жер игеру мәдениетін насихаттау үшін «Бағбан», техникалық сауаттылықты көтеру үшін «Автоарғымақ» арнайы беттерін және «Андас» қазақ-неміс бірлескен кәсіпорнымен бірлесіп компьютерлік сауат ашу айдарын аштық. Осындай тың ізденістер ел назарынан тыс қалмай, оқырман қауымның қатары көбейе түсуіне ықпал етті. Тек арнайы беттермен шектеліп қалмай, елді елең еткізіп, жұртты жалт қарататын шығармашылық маневрлерге бардық. Мәселен, «Еркіндікке ес-түссіз ынтық халық» атты шешендердің ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан ұлт-азаттық күресі мен осы ХХІ ғасырдың басындағы орыс-шешен соғысы туралы өзім жазған мақала қоғамдық санаға ашық күнгі найзағайдай әсер етті. Танымал ақын Жанғали Нәбиуллин «Сен осы сол мақалаң үшін ең берісі өзіміздің «ақ үйден» сөз естіген жоқсың ба?» деп өмірден кете-кеткенше көрген сайын сұраумен болды. Мен көзбе-көз «Жоқ» дегеннің өзінде де, Жақаңның «Әй, ол мүмкін емес енді...» деп күдік-күмәні сейілмейтін. Филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов та үшбу мақаланың облыстық газетте жарық көруі зиялы қауым арасында сенсация ретінде қабылданғанын әлі күнге дейін айтып жүр...
Ретті жерінде айта кетейін, Қазбек Құттымұратұлының тарихи-танымдық және сыни сипаттағы мақалалары, тәжірибелі тарлан Есенжол Қыстаубаевтың мал ұрлығына қатысты журналистік зерттеулері, Гүлбаршын Әжігерееваның экономикалық мазмұндағы сараптамалары мен өндіріс ошақтарынан жазған репортаждары, Тоқтар Кенжеғалиевтың оқыс оқиғалардың ізін суытпай жазған очерктері оқырман үстіне оқырман қоса түсті. Ал өзім жауапты хатшы ретінде қызметке қабылдаған Альберт Сафуллин газет дизайнын жөпелдемде көш ілгерілетті. Жасы үлкенді-кішілі басқа әріптестер де ортақ іске қал-қадерінше үлес қосуға жұмылды. Шығармашылық жұмыстардың қазаны осылайша қайнап жатса, күрделі жөндеу мәселесі бірден қарқын ала қойған жоқ. Өйткені ол жылдары қазақ газетіне ешкім жарнама беріп жарытпайтын. Ал бұрындары анда-санда ақылы бетке ақша аударатын колхоз-совхоздар ортақ мал-мүлкі бартерге (баспа-бас айырбасқа) салынып, жаппай жекешеленіп немесе талантаражға түсіп, құрдымға кетіп тынған... Міне, осылайша күрделі жөндеуге қаржы-қаражат табу мәселесі тығырыққа тірелген сәтте мен өзімнің біраз жақсы-жайсаңның қуанышына ортақтасқанымның қайырын көрдім. Бұл бағыттағы алғашқы іссапарымды облысымыздағы әлі күнге дейін жалғыз донор аудан Бөрліден, нақтырақ айтқанда аталмыш ауданның орталығы Ақсайдан бастадым. Әуелі «ҚПО б. в.» компаниясындағы тамыр-таныс азаматтарға жолықтым.
Олар бүгін-ертең болмаса да, бірер аптада шаруамды шешетіндігіне уәде берді. Жаңағы жігіттер мәрт азаматтар екен сөздерінде тұрды. Оған қоса ҚПО-ның қоғаммен байланыс бөліміне көп ұзамай белгілі жазушы Есенжол Домбаевтың ұлы Қуат бауырымыз басшы болып келді де, соның арқасында біздің ҚПО-дан «инвестиция» тартуымыз тұрақты сипат алды. «ҚПО-дан» шығып «Қазбургаз» АҚ-ның кеңсесіне тарттым. Ол кезде үшбу мекемені Жолдасқали Өтепәлиев басқаратын. Шәріпқалидың Жолдасқалиы азамат екен!
Сөйлескен бойда құны 150 000 теңгелік коммерциялық материалдың екі жақты келісімшартына қол қойдық! 2002 жылы 150 000 теңге көл-көсір ақша болатын! Бұл «Орал өңірінің» табыс қазанына бас редактор ретінде мен құйған алғашқы кіріс еді. «Ақсайгазсервис» АҚ-ның басшылығы да тауымды қайтармай, қомақты қаржылай қолдау танытты. Сол күні Ақсайдан олжалы оралып, ертеңіне Оралдағы «Алтим» құрылыс фирмасының бас директоры Тимур Шәкімовке жолықтым. Ол 60 000 теңгеге құрылыс материалдарын алып беретін болды. «Береке» ЖШС-ның басшысы Айдаров Қымбатбек ағам мен «Металл бұйымдары» зауытының директоры Мақсот Сұлтанов мырза да қарап қалмады. Осындай мәрт мінезді, ұлтжанды азаматтардың арқасында редакцияның кеңсесі күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан компьютерлер алынып, кеңседегі жиһаздар да жаңартылған еді. Айтпақшы, сол кездегі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мүсілім Оңдағановтың ұйытқы болуымен самбодан әлем чемпиондары Қоныс Жетпісов пен Ерболат Байбатыровтың редакцияның секретариатына 327 000 теңгеге мүмкіндігі мол, әлеуеті зор керемет компьютер алып бергенін қалай айтпай кетейін?!
Осымен тізгінді тартса да болар еді, алайда ақыры айтқасын түгел айтайын. 2017 жылы «Орал өңірінің» 100 жылдығы қарсаңында редакцияның мекенжайына тағы да мекемеден бір тиын шығармай күрделі жөндеу жүргіздім. Ол жолы жөндеу жұмыстарына ақша табуға өзімнің жеке басымның танымалдығынан гөрі, газеттің ел ішіндегі қадірі, халық алдындағы беделі шешуші рөл атқарды. Облыстық басылымның ғасырлық мерейтойына орайластырылған күрделі жөндеуге Нұрлыбек Бірманов, Аветик Амерханян, Қуаныш Бекбергенов сынды іскер азаматтар демеушілік танытты.
«Жайық Пресс» ЖШС-ның құрылғанына 20 жыл толуына орай облыс өмірінің айнасы, еліміздегі ең байырғы басылым «Орал өңірі» газеті редакциясының материалдық-техникалық әлеуетінің нығаюына айтулы үлес қосқан барша азаматтарға редакция ұжымы мен мың-сан оқырмандарымыздың атынан дән ризашылығымды білдіріп, зор алғыс айтамын!
Бауыржан Ғұбайдуллин,
zhaikpress.kz