Бір айға жуық уақытқа созылған футбол мерекесі тәмамдала келді. Қарашаның 20-сында әлемнің үздік 32 құрамасы бастаған ала доп аламанында төрт-ақ команда қалды. Олар – Хорватия мен Аргентина, Марокко мен Франция.
Шыны керек, осыдан төрт жыл бұрын Ресейде өткен әлем біріншілігінде финалға дейін жеткен Хорватия құрамасын ешкім фавориттер қатарына қоспады. Өйткені Лука Модрич бастаған жігіттердің біразының жасы отыздан асты. Оларды Бельгия, өліспей беріспейтін Жапония да артта қалдырады деген. Бірақ Златко Далич баптайтын жігіттер оңай шағылар жаңғақ емес екендерін көрсетті. Гол жібермеу керек болса, тас қамал қорған, гол соғу керек болған жағдайда найзағайдай шапшаң қимылдаған Хорватия командасы көпшілікті өр рухымен таңғалдырғандай. Ширек финалда Неймар бастаған Бразилия құрамасымен кездескен хорваттар қосымша таймда, дәлірек айтсақ, 105-ші минутта гол өткізіп алды. Сол кезде көп адам «Қанша жерден мықты болса да, қарқыны қатты Бразилияны Хорватия жеңе алмайды» деген еді. Бірақ беріле салатын Хорватия бар ма? Ойын аяқталуына төрт-ақ минут қалғанда Бруно Петкович есепті теңестіріп, ойын пенальти сериясына ұласты. Ондай мүмкіндікті Доминик Ливаковичтай қақпашысы бар Хорватия құрамасы жібермесі анық еді. 4:2 есебімен басым түсіп, Бразилияны еліне қайтарды.
Енді олар Нидерланд құрамасынан басым болған Аргентина командасымен кездесіп, финал жолдамасын сарапқа салады. Ал Месси бастаған жігіттер Ван Дейк серіктерімен болған ойында нидерландтық ойыншыларды, әсіресе, екінші тынысы ашылғандай әсер қалдырған Кодди Гакпоны, Мемфис Деппайды тұсап ұстаған еді. Тіпті екі гол айырмасымен басым болды. Бірақ алаңға тыңнан кірген голландиялық Ваут Вегхорст екі гол соғып, ойынды пенальти сериясына жеткізді. Осы ойында Месси мен оның достары команданың осал тұсын көрсетіп алғандай әсер қалдырды. Ал әуедегі допқа тамаша таласа алатын сұңғақ бойлы хорват шабуылшылары өздеріне берілген сәл ғана басымдықты іске асыра алса... Өйткені 2018 жылы Аргентинамен бір топқа түскен Хорватия 0:3 есебімен жеңілген еді. Қарымта қалай болатынын ойын көрсетеді.
Ширек финал ойындарының үшінші жұбын құраған Португалия мен Марокко ойыны Криштиано Роналдо бастаған португалдықтардың жеңісімен аяқталуы керек деген пікірді ұстанған еді. Бірақ Испанияның өзін сан соқтырған африкалық ұжым әлем біріншілігінің кезекті сенсациясын тіркеді. Бірінші тайм соңына қарар шақта марокколық Юссеф Эн-Несери өз командасын алға шығарып, матч түгесілгенше басымдықты бермеді. Шыны керек, Марокконың жасағаны – сенсация. Бірақ оған таңғалудың керегі жоқ секілді. Құрамадағы 26 жігіттің 14-і Еуропада туып-өскен, сол жақтағы футбол академияларының түлектері. Ашраф Хакими франциялық «ПСЖ» клубында, Нұссаир Мазрауи немістің «Бавариясында», Яссин Буну испандық «Севильяда», Софиян Амрабат итальяндық «Фиоринтьинада», Хаким Зиеш ағылшынның «Челсиінде» доп тебеді. Одан қалды бельгиялық «Стандарт», испаниялық «Оссасуна», англиялық «КПР», «Вест хем» сияқты атақты командаларда ойнап жүрген футболшылары бар. Ал жартылай финалдың соңғы жолдамасын Англия мен Франция құрамалары сарапқа салды. Афишасының өзінен адам шошығандай еді. Тіпті күні бұрын өткен финал дейтіндей ойын болды. Басымдық ағылшындар жағында болғанымен, өз мүмкіндіктерін мүлт жібермейтін француздар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойын соңына қарай Англия құрамасының капитаны Харри Кейн пенальти орындап, матчты овертаймға ұластырар еді. Бірақ Гаррет Саутгейт, Дэвид Бекхэм сынды ағылшын жұлдыздарының дәстүріне сай допты аспанға теуіп, командасының үмітін ақтамады.
Енді Хорватия мен Аргентина, Франция мен Марокко желтоқсанның он төртінен он бесіне ауған күні ақтық сынға жолдама берер ойындарды өткізеді. Бүгінде футбол додасына телмірген жанкүйерді «Аргентинаның алтын ұлы Леонель Месси атағынан ат үркер Марадонаның жетістігін қайталап, еліне әлем чемпионы атағын ала алады ма?»,«Марокко барша Африка мен мұсылман әлемін қуанышқа бөлей ме?», «Франция сонау 1960 жылдан бері әлем чемпионы атағын қорғай алған команда атанады ма?», «Хорватия әлем чемпионы бола ма?» деген сауалдар мазалауда.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
zhaikpress.kz