Орал қаласында көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жою бағытындағы іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау бойынша «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Бұл оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің дайындық деңгейін арттыру және халықты су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жоюға даярлау болып табылады. Қазақстан Республикасы ІІМ ұйымдастыру нұсқауларына сәйкес өткізілген аталмыш шараға өңір басшысының бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев, облыстық және қалалық азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жөніндегі комиссиялар, авариялық-құтқару қызметтері мен өзге де құрылымдар қатысты. Тұңғыш Президент алаңында арнайы жасақтың жедел дайындығы тексерілді. Әрі байқау барысында облыста төтенше жағдайлар туындаған кезде жұмылдырылатын жасақтар, қолданылатын барлық құрал-жабдықтар мен техникалар көрсетілді.
-Бүгінгі шараға 1245 адам мен 400-ден астам арнайы техникалар қатысты. Төтенше жағдайлардың алдын алу әрдайым жергілікті әкімдіктің назарынан тыс қалмайды. Апатты жағдай бола қалған күнде оны еш зардапсыз өткізу үшін қажетті арнайы техникалар жаңартылуда. Екі күнге жоспарланған республикалық оқу-жаттығу барысында арнайы жасақтар мен техникалардың дайындығы пысықталады. Биылғы жылы жауын-шашынның аздығы, қар қабатының төмендігі су тасқыны қаупін сейілтіп отыр. Мынау өткізіліп жатқан шаралар да төтенше жағдайдың алдын алуға дайын екенімізді тағы бір дәлелдеді, - деді Мұхтар Манкеев.
№3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Ізбасаровтың айтуынша, өткен жылдың өзінде облысқа төрт қуатты су сорғыш құрылғы алынған. Арнайы тіркемеге орнатылған дизель отынымен жұмыс жасайтын бұл құрылғы сағатына 1300 текше метр суды соруға есептелген. Сондай-ақ, «Жайықжылуқуат» АҚ нысандарындағы апаттарды жою бойынша да практикалық пысықтау шарасы өткізілсе, Теректі ауданының Подстепное ауылында авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының жол-көлік оқиғасы кезіндегі іс-әрекеттері және жолаушыларды эвакуациялау, саяжай аудандарында тұратын халықты төтенше жағдай туралы хабардар ету мен эвакуациялауды ұйымдастыру жұмыстары да пысықталды.
Нұрбек ОРАЗАЕВ