Астана қаласында арқан тартыстан өткен республикалық ашық турнирде үшінші орын иеленген Казталов ауданы Көктерек ауылының командасын ауылдастары думандатып қарсы алды.
1 000 келі салмақ дәрежесіне өнер көрсеткен білекті де белді жігіттерді жерлестері мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов қарсы алды.
– Қалада, ауылда өтетін арқан тарту жарысынан қалмайтын көктеректік жігіттер енді елді мойындатты. Бұл – үлкен жетістік. Шағын ғана ауылдан шығып, шыңды бағындырған сіздердей жігіттер көп болсын, - деді Армат Исанов.
Одан соң сөз алған қала тұрғыны Тілекқабыл Сәпиев ауыл атын алты қырдан асырған алпауыттарға өңірдің дене шынықтыру мұғалімдері жинаған қомақты сомма тарту етті.
Арқан тартуды жанына серік еткен ауыл жігіттерінің басын біріктірген команда жетекшісі Артур Жұбатқалиевтің айтуынша, мұндай жетістікке жету үшін көктеректік палуандар жеті ай дайындаған.
– Дала қызықтарын аралап арқан тартатынбыз. Елішілік сайысқа барар мүмкіндік туғанда дайындықты күшейттік. Мақсатымызға жеттік, ел қуанып жатыр. Жеңісті күндер көп болсын, - деді Артур Жұбатқалиев.
Айта кетейік аталмыш турнирге облысымыздан үш команда барды. Бірақ жүлдеге тек Көктерек командасы ілікті.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz