24.12.2020, 17:06
Оқылды: 69

Қоқыс өңдейтін кешенге жұмыс күші жетіспейді

Орал қаласы маңындағы Зашаған кентінің тұрғындары қоқыстың бықсып жанған түтінінен әбден зәрезап болып еді. Полигондағы тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп жатқан «ICM Recycling» ЖШС бұл мәселенің шешімін тауыпты. Компания қоқыс үйіндісін таптайтын «Тано» бульдозерін сатып алған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кешенге барған облыс әкімі Ғали Есқалиевқа «ICM Recycling» ЖШС өкілі Азамат Бисенов техниканың артықшылығы жөнінде баяндады.

пол2

«Бульдозер табаны қоқыс үйіндісін сығымдап тастайды. Жазда қапырық әсерінен әйнек сынықтары қатты қызып, одан тұтанған тұрмыстық қалдықтар түтіні әбігерге салғаны белгілі. «Тано» таптаған қоқыс арасында сыналап ауа кіретін саңылау қалмаған соң,  пластик бөтелкелер немесе басқа да жанғыш заттар өртене қоймайды», - деді Азамат Бисенов.

пол1

Серіктестік өкілі облыс басшысына кәсіпорындағы қоқысты сұрыптау, өңдеу, қайтадан кәдеге жарату бойынша жұмыс барысын таныстырды.

– Полигондағы қалдықтарды өңдейтін кешен құрылысы 2019 жылы ашылды. Кәсіпорында қырық адам еңбек етеді. Қазіргі уақытта жұмыс күші жетіспей жатыр. Қалдықтарды өңдеу оңай емес. Қоқыс иісіне көбі шыдамайды. Орташа еңбекақы 100 мың теңге. Жұмысшыларды қала мен жақын маңдағы ауылдардан тегін тасымалдаймыз. Түскі ас беру де тегін ұйымдастырылады. Күніне 180 тонна қоқыс қабылдаймыз. Соның жартысы сұрыпталады.

пол6

Биыл инвесторлардың қолдауы арқасында полиэтилен бұйымдарды өңдеуді қолға алдық. Соның нәтижесінде құм араластыру арқылы өрнектас пен жиектас шығарып жатырмыз. Бір тәулігіне 50 шаршы метр құрылыс материалын дайындаймыз. Тұрғындардың контейнерлерге қоқысты сұрыптамай салуы да қиындық тудыруда.

пол3

Макулатура бұйымдарын Ресейге шығарып келдік. Қазіргі кезде шекара жабық, Ресей қабылдамай жатыр. Алматы қаласындағы кәсіпорындар полигондағы картон қағаздарын қабылдамайды, - деді «ICM Recycling» ЖШС қалдық өңдеу кешенінің директоры Әлібек Ихсанов.

 

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале