Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Манарбек Қадырбеков пәтерді жалға беруде жеке кәсіпкерлікті тіркеу тәртібі жөнінде ақпарат берді. Оның сөзінше, өзінің шағын бизнесін ашуға ниетті кез келген тұлға бір күн ішінде жеке кәсіпкерлігін аша алады. Басқарма басшысы «Кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болады және кәсіпкер ретінде тіркелу рәсімі туралы нені білуіміз керек?» деген сұрақтарға кеңірек тоқталды.
– Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың таза кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың меншігіне негізделген және өздерінің атынан жүзеге асырылатын қызмет жеке кәсіпкерлік. Ел аумағында тұруға рұқсаты бар Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Беларусь, Армения және Қырғызстан Республикалары азаматтарының елімізде жеке кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы бар. Жеке кәсіпкерлікті жеке тұлға өзінің мүлкі негізінде дербес жүзеге асырады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға орналасқан жері бойынша салық құрылымына хабарлама жібереді. Дара кәсіпкер ретінде тіркеу қызметі тегін. Азаматтар жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаны e-license электронды лицензиялау порталы және Kaspi.kz, Halyk Bank банктік қосымшалары, сондай-ақ «E-Salyq Business» арқылы жібере алады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу кезінде жеке кәсіпкердің атауын, орналасқан мекенжайын, қолданылатын қызмет түрін көрсету және тиісті салық режімін таңдау қажет. Салық құрылымдарының қызметкерлері келіп түскен салықтық өтініш негізінде бір жұмыс күні ішінде жеке тұлғаны кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қояды. Жеке кәсіпкер мәртебесінің берілгенін www.kgd.gov.kz сайтында немесе «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында тексеруге болады, – деді Манарбек Чапайұлы.
Бірыңғай әлеуметтік төлемді (БӘТ) қолдану мерзімі былтырғы 31 желтоқсанда аяқталды. Сондықтан пәтерді жалға беретін азаматтарға салық салынады. Ол үшін олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, таңдаған салық режіміне байланысты салық төлеуі қажет. Спикердің сөзіне сүйенсек, былтырғы жылдың аяғындағы мәліметке сәйкес экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша жылжымайтын мүлікті жалға беруге – 1278, такси қызметіне 259 жеке кәсіпкер тіркелген.
Жеке кәсіпкерлерге салынатын салықтың бірнеше режімі бар. Мәселен, патент негізіндегі арнаулы салық режімі бір салық кезеңі шегінде кемінде бір ай қолданылады. Негізгі шарт – жұмысшыларсыз кәсіп жүргізу. Патент алу үшін кәсіпкер алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент негізінде арнайы салық режімін қолдану үшін орналасқан жері бойынша салық құрылымына патент құнының есебін ұсынады. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салықты қызметкерлердің орташа саны 30 адамды құрайтын, осы кезең ішіндегі кірісі 24 038 АЕК-тен аспайтын салық төлеушілер қолданады. Жеке табыс салығының мөлшері 3 пайыз, есеп жылына екі рет, 6 айда бір рет ұсынылады. Декларацияны электронды түрде «Салық төлеушінің шоты» веб-қосымшасы, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тапсыруға болады. Салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету үшін 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы жаңа арнайы салық режімі енгізілді. Осылайша мобильді қосымшаны пайдалану кезінде кәсіпкер оңайлатылған тәртіпте жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық режімін таңдай алады немесе өзгерте алады. Түбіртек береді, мемлекеттік кірістер құрылымдарынан анықтамалар, хабарламалар алады. Кірістер тізілімін аутоматты түрде жасауға мүмкіндік бар. Табыс салығы табыстың 1 пайызын құрайды.
– Жеке кәсіпкер есебінде тіркелмеген тұлғалар салық есептілігін уақтылы ұсынбағаны және тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кәсіпкерлік қызметінің басталғанын хабарламағаны үшін алдымен ескерту алып, содан кейін оған 15 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынады. Заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан жағдайда әкімшілік іс толтырылып, сот құрылымдарына беріледі, – деді Манарбек Қадырбеков.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»