10.03.2022, 9:30
Оқылды: 68

Көлік саласында кемшілік көп

Жуырда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi Көлiк комитетінің төрағасы Самат Ғилымов жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын басшыларымен кездесті. Комитет төрағасы жолаушы тасымалына байланысты мәселелерді талқылауға дайын екенін айтып, осы мақсатта жұмыс сапарын БҚО-дан бастап отырғанын, ортақ мәселені талқылау өзге өңірлерде де жалғасатынын айтты.

1F7BF302-B4AB-41FE-9FF2-9EC3EAF56883

- Үкімет осы саладағы мекеме-кәсіпорындарды қаржылай қолдауды жалғастырады, бірақ кәсіпорын жетекшілері қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуі тиіс. Облыстағы аутожол сапасы сын көтермейді. Жолаушы тасымалына байланысты қордаланған мәселе көп. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп атқаратын іс-шара кешені ауқымды,  – деді Самат Ғилымов.

Кездесуде, алдымен, «БҚО Аутотасымалдаушылар қауымдастығы» ЗТБ-ның төрағасы Нұрлан Бекқайыр аутотасымалдаушыларды субсидиялау жеткілікті деңгейде қарастырылмай келе жатқанын айтты.

- Одан бөлек сұйытылған газбен жүретін немесе электромобильдердің кәдеге жарату алымы (утисбор) төмен екені көрсетілген. Ал біздің облыстағы аутобустардың дені дизель отынмен немесе бензинмен жүреді. Сондықтан осы тұрғыда көліктерді бөле-жарудың қажеті жоқ деген ойдамын. Бір аутобусты кәдеге жаратуға байланысты алым құны 2 миллион теңге шамасында. Және бір мәселе, электронды төлем жүйесінің операторларын жергілікті атқарушы құрылымдар анықтағаны дұрыс. Әйтпесе, біз смарт-қала жүйесінің операторына тәуелдіміз. Электронды төлем жүйесін жетілдіру үшін бәсеке орта қалыптастыру керек, – деді Нұрлан Бекқайыр.

«Батыс Қазақстан аутобус паркі» ЖШС-ның бас директоры Марат Әбдірахманов қалаішілік маршруттарға қатысты мәселелерді бөлісті. Бұл саладағы кәсіпорындар екінші деңгейлі банктерге белшесінен қарыз. Оның айтуынша, аутобус паркін жаңарту, көлік жүргізушілерінің еңбекақысын көтеру, салық төлеуге қатысты бірқатар түйткіл әлі күнге шешімін таппай келеді. Жолаушылар тасымалын жоғары деңгейге көтеру үшін қалалық бюджеттен жыл сайын, кемінде, 10 млрд теңге субсидия бөлінгені жөн деп санайды. Бір сөзбен айтқанда, жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарды қаржыландыру өте өзекті мәселе болып тұр. Марат Әбдірахманов Орал қаласында 2019 жылы пайдалануға берілген «Хазар» аутобекетінің қазіргі хал-ахуалы оңып тұрмағанын да әңгімеледі. Карантин талаптары, әсіресе, халық-аралық маршрут қозғалысын жіпсіз байлап келеді. Мекеме басшысы аутобекет ұжымы арасында әлеуметтік наразылық күшейіп келе жатқанын жасырмады.

– Аутобекеттен 62 адам өз еркімен қызметінен босады. Олар да отбасын асырауы керек қой. Біреу несие төлесе, біреуі баспана жалдап отыр. Көлік жүргізушілері Ақсай мен Атырау қалаларына вахталық жұмысқа кетуде. Ресей Федерациясымен шекараның жабық болуына байланысты халықаралық машрут желісіне шығатын аутобустар қаңтарылып тұр. Карантин режімінің күшеюі табысымыздың кемуіне ықпал еткеніне қарамастан, 15 миллион теңгеге жуық салық төлемін уақтылы төлеуге мәжбүрміз, – деген Марат Әбдірахманов халық-аралық маршруттар бойынша субсидиялау тетігін қарастыру, аутобекеттер мәртебесін көтеру кезек күттірмейтін мәселе екенін ашық айтты. Оның сауалына жауап берген Көлiк комитетінің төрағасы Самат Ғилымов республикалық ведмствоаралық шешімімен шекараның жабық тұрғанын айтып, халықаралық маршрутты жандандыру, аутобекеттер мәртебесін нығайту, салық төлемінен босату мәселесін ел Үкіметі алдында бірнеше мәрте көтергендерін жиналғандарды құлағдар қылды.

Жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорын өкілдері аутобус жүргізушілерін көз қырынан таса қылмайтын полиция қызметкерлеріне қатысты біраз өкпе-назын айтты. БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Олжас Ибраимов аутотасымалдаушылармен бірлесіп, кез келген мәселені ашық талқылауға әзір екендерін айтты. Майордың мәліметіне сүйенсек, 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында «Аутобус» жедел алдын алу іс-шарасы өтті.

920DC61F-AC61-48F6-9E68-E7928478AC9B

- Орал қаласы аумағында көлік шығарындыларында ластаушы заттардың нормативтен көп болуына байланысты - 5, тиісті рұқсатсыз жабдықталған көлікті жүргізген - 9, мiндеттi техникалық және медициналық қарап-тексеруден өтпеген - 4, масаң күйде рульге отырған - 1, көлік айдау ережесін бұзған - 39, ұялы телефон ұстаған 25 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аутобус парктерінің 16 лауазымды адамына әкімшілік жаза тағайындалды. Көлік қозғалысы ережесін аутоматты түрде тіркейтін құрылғы арқылы соңғы екі айда 58 жүргізушінің жол ережесін бұзғаны анықталды. Олардың басым көпшілігі көлік жылдамдығын бекітілген межеден асырған. Тұрғындар аутобус жүргізушілеріне байланысты «Көлікті өте асығыс жүргізеді», «Ұялы телефонмен сөйлесіп отырады» деп жиі шағымданады. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бәрімізге ортақ міндет екенін түсінуіміз шарт,  – деді Олжас Ибраимов.

– Отандық аутотасымалдаушылар субсидия мәселесін жиі көтереді. Оған қосалқы бөлшектердің, жанар-жағармайдың қымбаттауы себеп болуда. Көлік жүргізушілерінің еңбекақысын да көтеру қажет. «Көлеңкелі экономикадан» шығу керек екенін түсіндіріп жатырмыз. Ең бастысы, аутобус парктерін жаңарту, халыққа жағдай жасауға мүдделіміз. «Алушыға алтау аз, берушіге бесеу көп» дегендей, жергілікті кәсіпорындар 10 миллиард теңге субсидия сұрап отыр. Сонда ғана көпшілік талабына сай аутобустарды жаңарта алатынын айтуда. Жыл сайын субсидия көлемі артып келеді. Инфляция салдарынан тасымалдаушылар сұрап отырған қаражат та бұйым болмай қалуы мүмкін. Мәселенің екінші ұшы бар. Өңірдегі аутожолдардың сапасын жақсарту мақсатында іргелі жұмыс жүргізілуі керек. Аутобустардың тозуына сапасыз жол да тікелей әсер етеді. Бүгінгі айтылған жиындағы ұсыныс-пікірлерді қағазға түсіріп, алдағы уақытта кең көлемде талқылаймыз, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi Көлiк комитетінің төрағасы Самат Ғилымов.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале