ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев «Хабар» телеарнасындағы «Большая неделя» бағдарламасында утилизациялық алым тетігінің маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әуелі жұртқа «ӨКМ операторы» ЖШС бүгінге дейін қалай жұмыс істеп келгенін түсіндіріп көрейік. Қоғам ішінде утилизациялық алым арқылы автомобиль өнеркәсібі қолдау көріп отыр деген түсінік қалыптасып алған. Утилизациялық алым жинау тетігі мынадай жолмен жұмыс істейді. Автомобиль импорттаушы да, отандық өндіруші де бірдей утилизациялық алым төлейді. Бірақ отандық өндіруші ӨКМ-ге төлеген алымын сол сәтте-ақ қайтарып алады. Сонда импорттаушы утилизациялық алымды төлейді, ал отандық өндіруші шығарған көлік ішкі нарықта утилизациялық алымсыз сатылады. Соның есебінен отандық автомобильдің бағасында утилизациялық алымның құны болмайды», - деген министрдің орынбасары сөзіне нақты санды дәлел етіп келтірді.
«Қазақстанда сатып алынып жатқан авто көліктің бәріне утилизациялық алым салынады деген шындыққа жанаспайды. 2021 жылы ішкі нарықта 118 мың автомобиль сатылған болса, оның алдындағы жылы 97 мың көлік сатылса, соның 65 пайызы отандық автоөндіріс болған. Яғни азаматтарымыздың басым бөлігі утилизациялық алымсыз көлік сатып алған. Айтпақшы, біздегі утилизациялық алым тетігі Ресей Федерациясы мен Беларус Республикасындағы тетік сияқты. Өзбекстан Республикасында да осындай тетіктің баламасы бар. Яғни отандық өндіріске утилизациялық алым сол сәтте-ақ қайтарып беріледі», - деген уәж айтты ол.
Вице-министрдің ойынша, отандық автомобиль өнеркәсібі бәсекеге қабілетті брендтердің бәрін шығарып отыр. «Шынымен де азаматтардың 65 пайызы көлікті утилизациялық алымсыз сатып алды. Қалған 35 пайызы импорттық техника сатып әкелген. Қазір отандық автоөндірісте әлемдік брендтердің барлық үлгісі бар. KIA да бар, Hyundai да бар , LADA, Chevrolet де бар. Сонда BMV мен Mersedes қана қалып отыр. Бұл енді «премиум класс». Сонда 35 пайыздың қалғаны «премиум кластың» көліктері. Олардың бағасы 20 млн теңгеден басталады. Мұндай көлікті тізгіндегісі келетіндер утилизациялық алым төлемеймін десе, өндірісін тұтас осында жолға қою керек. Сонда ғана утилизациялық алымсыз сатып алуға болады», - деді Марат Қарабаев.