Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар көлік тасымалдаушыларын қосылған құн салығынан 3 жылға босату ұсынылады. Бұл ұсыныс туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Салық кодексіне өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейтін заң жобасын сенаторларға таныстыру барысында айтты.
«Әлеуметтік бағыттар бойынша тарифтердің тиімсіз болуына және субсидиялауға қаржының жетіспеуіне байланысты тасымалдаушылар шығынға ұшырайды. Тұрақты әлеуметтік маңызы бар автокөлік тасымалдары бойынша қосылған құн салығынан 3 жылға босату ұсынылады. Теңіз көлігі арқылы транзитті дамыту, транзит құнын төмендету үшін жағдай жасау мақсатында жүкті теңіз портына дейін темір жол арқылы жеткізіп, су көлігіне ауыстырып тиеу арқылы жүргізілетін тасымалдарды халықаралық деп тану және оларға қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдану ұсынылады», - деді Руслан Дәленов Парламент Сенатының отырысында. Оның айтуынша 5G жаңа байланыс түрін құруға инвестиция тартып, жасанды интеллектті дамыту мақсатында радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін 5 жыл мерзіміне 10 есеге дейін төмендету ұсынылады. Сонымен қатар, жеке тұлғаларға қызметтері мен тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік интернет-компаниялар қосылған құн салығын төлеуге міндетті болады.
zhaikpress.kz