Әуелі ой туады. Кейін сөз шығады. Ол ақ парақ бетіне тізіліп, сосын газет бетінде қатталады, тарих болып сақталады. «Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» дейтіні де сондықтан шығар-ау?! Сол үнпарақта үні қалған, тіпті қосшысы емес, басшысы болып көш бастаған не бір жақсы-жайсаңдардың көбісі бүгінде қатарымызда жоқ. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр бұл! Сол «жоқтар» туралы сәл кейінірек...
Міне, соңғы күндері «Жайық Пресс» медиахолдингінің құрылғанына 20 жыл толуына орай облыстық «Орал өңірі» газетінің бетінде татымды дүниелер жариялана бастады. Анада Болат ағамыз (Есқалиев), күні кеше Есақаң – Есенжол Қыстаубаев осы аралықта көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін, соңғы кездегі жан жадыратар жақсы істерді үшкір қаламдарының ұшына іліктірді. Ақжайық аудандық «Жайық таңы» басылымында айшықты қолтаңбасын қалдырған кешегі редактор, бүгінгі зейнеткер Бөкең – Болат Есқалиев айтқан әңгімелер – сол кездегі барлық аудандық жарияланымдарға тән бірегей тірлік, ортақ көрініс. Артық-кемі жоқ, сол сынақтан сүрінбей өттік бәріміз...
Иә, солай! Бұл енді анау айтқан көп те, аз да уақыт емес. Әрі о бастан пешенемізге жазу-сызу бұйырғандықтан, бізге де бұл қара шаңырақтың кешелі-бүгінгі тыныс-тіршілігі жақсы таныс. Оның үстіне біраздан бері қатарлас, қанаттас келе жатқан бір әріптесім: «Оу, сен бірдеңе түртпеймісің, 10 жылда екі су жаңа көлік мінген жалғыз редакторсың ғой», – деп қағытпасы бар ма?! «Қашқан қоян жатқан қоянды үркітеді» дегендей, онсыз да әлгіндегі екі ағаның жазғандарын саралап, ой құшағында отырған маған бұл сөз қамшыдай тиді. Осылайша сонау алыста қалған 1998-ден үздіксіз 20 жыл (2018 жылға дейін) Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетіне редактор болған уақыт санада қайта жаңғырды. Ойбой-ой, алғашқы жылдардағы көргенімізді... өзімен кетсін! Сол кезеңде, яғни 2003 жылы «Жайық Пресс» атты мекеме құрылып, барлық аудандық газеттер мен облыстық қос басылымды бір шаңырақ астына жинамасы бар ма?! Сол-ақ екен, халықтың көзі, құлағы һәм үніне айналған газеттеріміздің күретамырына біртіндеп қан жүгіре бастады. Жаңа құрылымның басшылық тізгінін Қаршыға Қосанов (суретте) ұстаса, шығармашылық бағыттағы жұмыстарды Серікқали аға Сәрсенов қадағалады.
Көбісі бұрыннан таныс-біліс, бір терінің пұшпағын илеп жүрген жандар болғасын да шығар, әзіл-қалжыңы жарасқан үлкен-кішінің өзара сыйластығы ерек болды. Бұрын бір ауданның аумағынан ұзап шықпаған кейбірімізге қалаға келіп-кетудің өзі бір дәуренге айналды. Қалай, қайтіп ұмытарсың ол сәттерді?! Сондай қызықты, қызулы күндердің жетегінде жүріп, екі жыл да зымырап өте шықты.
2005 жыл. Тамыз айы. Тағы да Орал шаһарында бас қостық. Баяғыша үлкендер жағы ертелеу келіп, басшылықпен жүздесіп, соны жаңалықтардан құлағдар болып шыққан секілді. Құшағы оттай ыстық екі ағам – қос редактор Зәкария Оразаев (Казталовка) пен Едіге Өтебалиев (Жәнібек) мені көрісімен: «Бала, бұл жолғы олжа сенде, бәрімізді шаң қаптырып кеттің.
Бізді шақырмай қалма» деп бастырмалата жөнелді. Ол рас, енді санаулы күнде газетіміз 75-ке толады. Көрпемізге қарай көсілмек ой да жоқ емес. Әлдебір мезетте басшы-қара бастап, тайлы-тұяғымыз қалмай, «Жайық Престің» қапталындағы облыс әкімдігі ғимаратының табалдырығын аттадық. Қызығы, ешқайда аялдамастан, артқы жақтағы ауладан бір-ақ шықтық. Сол жерде облыс әкімі Нұрғали Әшімов ақ шағаладай су жаңа «Жигули» аутокөлігінің кілтін өз қолымен маған табыстады. Өң бе, түс пе... екі-ұдай сезімнің құшағында есеңгіреп мен тұрдым. Онда не айтылды, не қойылды, қазіргі күнге дейін ойыма еш нәрсе түспейді.
...Осылайша алты айшылық жерге алты күнде түсетін бұрынғы батыр бабаларымыздың хас тұлпарындай әлгі «Жигулимен» 600 шақырым жерді алты сағатта артқа тастап, Ордама жеттім-ау! Ол мезгілде мұндай жеңіл көлік аудан орталығында санаулы ғана. Бойда жел де бар, желік те бар. Енді шұғыл 75 жылдық той қамына кірістік. Белгіленген күні түс әлетінде бас директорымыз Қаршыға Қосанов жанына «Дастан» баспаханасының директоры, өңірге танымал азамат Марат Мұхитдиновты ертіп, шаңырақ төрінен табылды. Кештете уәдеге берік қос ағам – Зәкең мен Едақаң да жетті. Думанымыздың дүмпуін арттырып, Нарынның нар ұлы Ғайсақаң да (Сейтақов) ортамызда жүрді. Шыны керек, газеттің аталмыш мерейтойы ел-жұрттың да көңілін бір серпілтіп тастады. Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиев ресми жиынның тізгінін өзі ұстап қана қоймай, үлкенді-кішілі барлық шаруамызға қолдау-көмегін көрсетті.
Әттең, осы аттары аталған ардақты ағаларымның қазір бесеуі бірдей келместің кемесіне мініп кетті. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген, жиырма жылдықтың аясында олардың есімдерін ел есінде қайта жаңғыртуды інілік парызым, аруақтар алдындағы қарызым деп ұғындым...
Шынында, адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың. Араға он жыл салып, 2015 жылы осы «Жайық Престің» арқасында тағы бір көлік иелендік. Тек бұл жолы жалғыз емес, бүгінде сонау Сырым елінің құрметті азаматы атанған ақын-журналист, сол шақта редактор Махмет аға Қажиахметов екеумізге жап-жаңа «Нива» аутокөлігі табысталды. Оның кілтін облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қолынан алдық. Бұл рәсімнің сән-салтанатын қазір сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Мұның бәрі ғасырдан астам тарихы бар «Орал өңірінің» бетінде қатталып, оқырман есінде сақталып қалғанына ғана кепілдік бере аламыз. Ол жылдары медиахолдингке жас болса да, жалынды жігіт Жантас Сафуллин басшылық етті. Өзгені қайдам, оның аудандық басылымдардың басшыларын тағайындардағы талғамы да, талабы да қатты болды. Өзара адами қарым-қатынасты да берік ұстанды. Тек газеттің ғана емес, жекелеген мерейтойлардың да бел ортасынан табылуға тырысты. Онда жергілікті жерлердегі редакторлардың да осы қалайы жоқ-ты, шетінен кәсіби шыңдалған, саусақтарын қалам қажаған «жазғыштар». Мынау мерейтой қарсаңында сол қатардан Өмірзақ Ақбасов (Жаңақала), Серік Жұмағалиев (Казталов), Адақ Шотпанов (Шыңғырлау), Нұрзия Сейсенбаева (Теректі), Назгүл Жәрдемова (Тасқала), Ахмедияр Батырханов (Жәнібек), Нұрлан Меңдешов (Қаратөбе), Нұржан Дүзбатыровтың (Бәйтерек) есімдерін айта кетсем, артық болмас. Күнде той болып жатқан жоқ қой.
Несін жасырайын, бүгінгі сөзді мен емес, алдыңғы толқын ағалардың бірі толғағанда жарасымды болар еді-ау! Ал менің алға озып кетіп жатқаным, қос машинаның «желі» ғой... Әлдебіреу «айыптысың» деп жатса, «айыппұлын» төлеуге де әзірмін. Тек тойлы һәм ойлы күндеріміз көп болсыншы, қымбатты да қадірлі әріптестер!
Бауыржан Бисенов,
zhaikpress.kz