Қазақ қолөнерінің бірнеше ғасырлық тарихы бар. Ол үнемі қолданыста. Өңірімізде қолөнерді дамытуға үлес қосып жүрген жандар жетерлік. Шеберлердің бұйымдарын қала тұрғындарына ұсыну мақсатында Дина Нұрпейісова алаңында (Арбат) ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және қала күніне орай «Ақжайық шеберлер қаласы» қолөнер бұйымдары жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті. Қала күніне арналған апталық шеңберінде дәстүрлі түрде жасақталатын көрмеде қолөнершілер мен ісмерлердің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып, сатылымға шығарылды. Ұйымдастырылуына қалалық мәдени-ағарту бірлестігі мен «Ғылыми зерттеу» қоғамдық қоры мұрындық болған жәрмеңкеге бірнеше шебер жиналып, өнімдерін сатуға кірісті.
– Жәрмеңкеге аула клубтарындағы қолөнер шеберлері, одан бөлек шеберлігімен көзге түсіп жүрген ісмерлер қатысуда. Татарстан, Өзбекстан шеберлерінің өнімдерін алдыру жоспарымызда бар. Бұйымдар қала тұрғындары мен қонақтарына қолжетімді бағада сатылып жатыр. Апталық қорытындыланғанға дейін жәрмеңке жалғасын табады, – деді қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Серік Тоқмамбетов.
Өру, ою, тігу, тоқу, жону, құрастыру әдіс-тәсілдері арқылы жасалған бұйымдар көздің жауын алады. Көрмедегі ойыншықтар, майшамдар, қамшылар қолдан жасалған дегенге сенгің келмейді.
Ақтөбе қаласынан келген ерлі-зайыпты Владимир Козлов пен Анастасия Лебедева білезіктерді көңіл-күйлері көтеріңкі кездерде жасайды екен. Сондықтан олар білезіктерін «көңіл күй білезіктері» деп атайды. Олардың қолөнермен айналысып жүргендеріне 10 жылдан асыпты. Әйелінің әдемі бұйымдарды жасағанына куә болған Владимир Анатолийұлының қолөнермен айналысуға деген құлшынысы артып, білезік жасай бастаған көрінеді. Олар Оралға 2 жыл бұрын келген. Сол кезде өнімдері жақсы өтіпті. Биыл шақырту түскенде ойланбастан келуге келісім берген. Білезіктерінің ең арзаны – 500 теңге, ең қымбаты – 2500 теңге тұрады.
Бізге Дина Нұрпейісова алаңындағы киіз үйлерге орналастырылған бұйымдардың барлығы дерлік ұнады. Әсіресе. сабы еліктің тұяғынан жасалған қамшы бірден көзге түсті. Қамшыны сатылымға шығарған «Грация» шығармашылық шеберханасының шебері Райхан Сағынова:
– Отбасылық шеберханамыз арқылы біраз пайдаға кенеліп отырмыз. Бұйым жасауға көбіне ағашты, темірді пайдаланамыз. Бағалы заттарды сақтайтын қораптарды жасағанды ұнатамын. Бір уақытта бірнеше жұмысты атқаруға тура келеді. Қыз жасауына қажетті заттарға да тапсырыс көп. Тапсырыстарды көбіне instagram әлеуметтік желісіндегі grazia.uralsk парақшасында қабылдаймыз. Қамшыларға сұраныс өте жоғары. Ата-бабаларымыз қолданған бұйымдарды сұрайтындар жетерлік, – деді Райхан Тілекқабылқызы.
Өнерпаздар ән айтып, би билесе, шеберлер емін-еркін бұйымдарын сатуға кірісті. Жәрмеңке 18 қыркүйекке дейін жалғасын таппақ.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz