Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кеңестің кезекті отырысында наурыз айында өткен кеңесте берілген тапсырмалардың орындалу жайы қаралды.
-Үй жануарларының қатысымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағындағы жолдардың жүру бөлігінен мал айдап өтетін 95 учаске нақтыланды. Олардың барлығына тиісті жол белгілері қойылды. Алайда бағымсыз малды көлікпен басып кету деректері мұндай аумақтардан тыс жерлерде, әсіресе қараңғы түскенде жолдың көрінуі нашарлаған уақытта орын алуда. Биылғы 16 мамырда түнгі сағат 22.40-та Орал – Атырау күре жолының 75 шақырымында «Ваз-21113» аутокөлігі екі жылқыға соғылды. Жол апатының кесірінен үш адам (көлік жүргізуші, оның әкесі және 13 жасар бала) қаза тапты, екі адам жарақат алды. Мал иесі анықталмады, - деді БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.
Оның баяндауынша, биыл қараусыз малдың 916 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жолдағы бағымсыз малдың кесірінен болатын оқиғаларды азайту мақсатында «Электронды бақташы» жүйесін орнату тиімді. Алайда оны орнату орындары анықталғанмен, бұл бағыттағы шаруалар «қаңтарулы» күйінде тұр. Ж.Жаншин елді мекендер тұсындағы жолдардың бойына қоршау қою және жарықтандыру қажеттігі жөнінде ұсыныс білдірді. Осыған орай өңір басшысы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» БҚО филиалының директоры Әмір Кәрімбаевтан «Электронды бақташы» құрылғысының қашан қойылатынын сұрады. Филиал директоры құрылғының тәжірибелік үлгісі Орал – Атырау жолы бойына жаз айларында орнатылатынын жеткізді.
Облыс әкімі ресейлік аутокөліктер бойынша түйінді мәселелердің түйткілі тарқамай тұрғанына, көпшілігінің облыс аумағында тіркеусіз жүргендігіне назар аударды. Осындай көліктер жол-көлік оқиғасына не қылмысқа қатысты болған жағдайда оның қазақстандық иесін анықтауда қиындықтар туындайды. Сондықтан көліктердің иесін анықтаудың бірден-бір жолы - сақтандыру полисінің болуын тексеру. Осыған байланысты облыс басшысы полиция департаментіне шетелдік аутокөліктердің қазақстандық сақтандыру полисінің бар-жоғын анықтауға бағытталған жедел профилактикалық шараларды жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Жанболат Тілеулеске Ресейден жеке мақсатқа пайдалануға әкелінетін көліктерден бөлек сату үшін тасымалдаумен айналысатын тұлғаларға салық салу жөнінде ұсыныспен комитетке шығу тапсырылды. «Бизнеспен айналысатын адамдар салық төлеуі тиіс», - деді Ғали Есқалиев.
Жиында Ақжайық ауданы әкімінің жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейту жөніндегі есебі тыңдалды. Биылғы 5 ай ішінде 17 жол апаты орын алып, 40 адам жарақаттанып, 20 адам қаза тапты. Ауданда мал бағымын ұйымдастыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөнінде іс-шаралр жоспары жасақталған. Ауданда өндірістік кооперативтер арқылы 27, бақташылармен 25 бағытта мал бағылуда. Үй жануарларына 2500 жарық шағылыстырғыш белгі тағылып, күре жол бойына 8 макет қойылды. «Мал суды Жайықтан ішетіндіктен, тәулігіне төрт рет тас жолдан өтеді. Осыны азайту үшін 8 елді мекенде құдық қазылды. Чапаевтағы көбік тереңдетіліп, көлемі үлкейтілді. Мұндай жұмыстар Мерген, Ақсуат ауылдарында жалғасады», - деді Қ.Айтмұхамбетов.
Аудан әкімі жол-көлік оқиғаларының көліктің жылдамдығын асырғаннан болатынын айтып, оған қарсы заманауи тәсілдерді пайдалануды ұсынды. Жол жиегінде өсен шөпке мал жайылмас үшін оны жою қажеттігін алға тартты.
Облыс әкімі бұған дейінгі кеңес отырыстарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын алуға әлденеше рет тапсырмалар берілгендігін, алайда адам өліміне әкелген малдың қатысымен болған жол-көлік оқиғасы Ақжайық ауданында орын алғанын айтты. Осыған байланысты Ақжайық ауданының әкімі Қ.Аймұхамбетовке сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылатынын жеткізді.
Басқосуда сөз алған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетовтың айтуынша, облыста иесіз малға 64 айыппұл тұрағы жасақталып, 26 мал иесіне ескерту берілген. Сондай-ақ 3 адамға айыппұл салынып, «электронды бақташы» жүйесін орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде. Айыппұл тұрақтары дұрыс жұмыс істемейді.
- Ақжайық ауданында болған жол-көлік оқиғасында жылқы малының таңбаланбағаны белгілі болды. 2020 жылы 49 жол-көлік оқиғасының 43-інде, 2021 жылы 10 оқиғаның 8-інде мал иелері анықталмады. Бұл - бір аудандағы жағдай. Соңғы қайғылы оқиғадан бері 21 күн өтті. Осы аралықта мемлекеттік құрылымдар қандай шаралар алатынын бақыладым. Бұқаралық ақпарат көздерінен де малын бірдейлендірмеген мал иелерін анықтау жайында ақпаратты көрмедім. Бірдейлендіру жұмыстары нашар жүргізілуде. Ветеринария басқармасы берген ақпарат бойынша Ақжайық ауданында 6 айдың қорытындысында жылқыны таңбалау бойынша жылдық жоспар әлі күнге дейін нөл пайызды құрайды. Бюджеттен бұл жұмыстарға, деректер базасын жасақтауға қомақты қаржы бөлінеді. Нәтиже жоқ. Осы негізде ветеринария басқармасының басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, тәртіптік жауапкершілігі қаралатын болады, - деді Ғали Нәжімеденұлы.
Сондай-ақ ветеринария басқармасының басшысына Ақжайық аудандық ветстанса басшысының атқарып отырған лауазымына сәйкестігін қарау тапсырылды. Екі апта ішінде ішкі істер құрылымдарымен, аумақтық ветеринарлық инспекциясымен, Ақжайық аудандық әкімдігімен бірлесіп, Орал – Атырау күре жолы бойында жедел профилакатикалық шараларын жүргізу, бірдейлендірілмеген бағымсыз мал иелеріне тиісті шаралар алу тапсырылды. «Бұл тапсырма барлық аудан әкімдеріне қатысты. Әрбір мал иесінің салғырттығы адам өліміне әкеп соғатынын жеткізу - сіздердің міндеттеріңіз», - деп қорытты жиынды облыс әкімі.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz