Достық үйінде «DANA» орталығының басшысы, қоғам белсендісі Жантас Сафуллиннің комикс жанрында дайындаған «Жетпіс палуан» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Орал қалалық кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен ісшараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Жетпіс палуанның ұрпақтары және кітапсүйер үлкенді-кішілі оқырмандар қатысты.
– Өңірімізде ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды ұлықтауға арналған комикс жанрындағы кітаптың дүниеге келгені бәрімізді қуантады. Қазіргі кезде кәрі-жас демей, бәрі де телефонға тәуелді. Соның ықпалымен сәбилеріміздің өзге тілде сөйлеп, өсіп келе жатқаны алаңдатады. Ата-аналар қазір смартфонды сәбиін жұбатып, жұмысқа кедергі келтірмес үшін пайдаланатын боп жүр. Оның денсаулыққа, ой-санамызға қаншалықты зиян екендігіне мән беріп жүрген жоқпыз. «Баланы зиянды әдеттен қалай арылтуға болады?» деген сұраққа жауапты дана халқымыздың тәлім-тағылымынан, ұлттық спорттан іздеуге болады. Осы тұрғыдан келгенде, «Жетпіс палуан» балалар үшін де, ата-ана үшін де пайдалы дүние болары сөзсіз. Оқырманға жол тартқан бұл кітап жас ұрпақты салауатты өмірге, елін, жерін сүюге, денсаулығына мән беріп, спортты серік етіп, жан-жақты қалыптасуына әсер етеріне күмәніміз жоқ. Жетпіс палуаннан басталған жол әрі қарай Сырым, Махамбет, кішкентай кезімізде әжелеріміз оқыған Ер Төстік, Алпамыс, Қобыланды, Қамбар батыр жырларымен жалғасып, комикс түрінде жаңа бағытта жүзеге асырылатын жоба болғай! Жантас Нәбиоллаұлы бастаған шығармашылық топқа сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Рухани іс-шарада Жетпіс палуанның ұрпағы Сейфолла Құмарұлы мен Төлеген Сафиоллаұлы балаларға арналған кітаптың тұсауын кесті. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов аталмыш кітаптың құнды дүние екендігіне тоқталып, ақ тілектерін арнады. Белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы Жетпіс палуан құлпытасын қалай тапқаны туралы кеңінен баяндаса, кітаптағы оқиға желісін өлеңмен өрнектеген Нұрлан Сәдірұлы осы жобаның жалғасын табуына мемлекеттің қолдауы аса қажет екендігін атап өтті.
– «Жетпіс палуан» кітабы тарихи деректер негізінде дайындалды. Бала кезімізде «Жетпіс палуан» туралы әңгімені өз әкем Нәбиолла Сафиоллаұлы, әкемнің інісі Төлеген Сафиоллаұлының аузынан талай естігенбіз. 2013 жылы «Дана» журналына, облыстық «Орал өңірі» газетіне «Жетпіс палуан болған ба?» деген бағытта сұрау салып, мақала жаздық. Құлпытастарды зерттеумен айналысып жүрген кезімізде де, Жетпіс палуанның ұрпақтарын, құлпытасын іздеп жүрдік. Кейіннен Жетпіс палуанның аталасынан тарайтын ұрпағы Сейфолла Құмарұлы хабарласып, біраз дерек берді. Сол кісінің айтуымен құлпытасын тауып, белгі қойдық. Жетпіс палуанның баласы Ғаббас қазақтың мықты тұлғаларының бірі болған. Ол – 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Оның түрмедегі анкетасында «Кәсіби палуанның ұлы» (профессиональный борец) деп жазылған екен.
Нақты мәліметтерге қаныққан соң, Жетпіс палуанды кітап қылып шығаруға дайындалдық, – деді кітаптың ауторы Жантас Нәбиоллаұлы.
«Жетпіс палуан» – комикс жанрындағы тарихи әңгіме.
Бұл кітап балаларға арналған. Оларды кітап оқуға, спортпен шұғылдануға шақырып, туған елдің тарихын танып, бойдағы күш-қайратты халықтың пайдасына жаратуға бағытталған. Жетпіс Бақтыбайұлы – құлпытасындағы дерек бойынша 1812-1896 жылдары өмір сүрген. Ол – ерекше қажыр-қайратымен ағайын-тумасына, халқына қорған болған кәсіби палуан.
Іс-шара соңында Жетпіс палуанға қатысты көп дерек берген Сейфолла Құмарұлына, жүлде алған жерде өсіп-өнген ұрпақтың өкілі Серік Отарғазыұлына, Жетпіс палуанның құлпытасын оқыған Қазбек Құттымұратұлына, оқиға желісін өлеңмен құраған Нұрлан Қуанышұлына «Ақжайық» шипажайына жолдама берілді.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz